«Талдықорған» тарихы және «Талдықорған» газеті жайлы пайым

124

Әуелі Талдықорғанның тарихына тереңірек үңіліп көрелік. Біздің бірқатар әріптестер Талдықорғанның облыс орталығы болғанына 20 жыл деп ұрандатып жүр. Алайда бұл қате пікір. Талдықорған бұрын да облыс орталығы болған. Алматы облысына қосылғанға дейін,  яғни, Верный уезіне қарасты  Жетісу облысының Алматы округі 1932 жылдың 10 наурызынан бастап Алматы облысы болып құрылады.  Ал 1944 жылы 16 наурызда Талдықорған облысы Алматы облысынан бөлініп шығып, 15 жыл жеке облыс болды.

Ол  жылдар  тарих  қойнауына  еніп, 1959 жылдан 1967 жылға дейін Талдықорған,  Алматы облысының құрамына кірді. Сонымен 1968 жылы қайтадан  жеке облыс болды. Бұл жылдары облыс орталығында аккумулятор зауыты салынып, Жетісу шағын ауданы бой көтерді. Ел тоқырауды бастан өткізген 1997 жылы Талдықорған облысы таратылып,  аудандар Алматы облысына қайта қосылды. Нарықтық жүйеге көшіп, ұзынды қысқартып, қысқаны қыл көпірден өткізген дәуірде Талдықорған, Семей,  Жезқазған,  Көкшетау, Торғай облыстарының қатарында  тағыда қысқаруға ілігеді. 1944-1959 жылды санасаңыз Талдықорған 44 жыл жеке отау құрып, әрі облыс, әрі орталық болған. Белгілі айтыскер, халық ақыны Қонысбай Әбілов Торғай облысы жайлы, 1977 жылы павлодарлық Серік Құсанбаевпен республикалық додада айтысқанда:

Торғайым ақ патшаға жақпап еді,

Кеңесте арқасынан қақпап еді.

Екеуі жиырма жылда облысты,

Екі рет ашып қайта жаппап еді.

 Торғайым көрген талай шайқасыңды,

Жасыту оңай болмас қайта асылды.

Қонаев кеткен кезде жабылып қап,

Колбиннен құтылғанда қайта ашылды.

 Аламын десе құдай қоймайды екен.

Жығылған күреске шын тоймайды

екен.

Басына үкіметтің кім келсе де,

Торғайды ашып-жауып ойнайды екен,

«Әй-әй-әй» – деп зарлаған-ды. Қонысбай ақын Торғайды тоздырған үкіметті қарғап жылағанда  үшінші мәрте Алматы облысына қайта қосылған Талдықорғанның басынан бағы тайды-ау деп бізде көз жасымызды көлдеткенбіз. Қала қаңырап,  не жылу, не жарық жоқ, жұртта қалған кедей-кепшік, көп қабатты үйдің тұрғындары балконға, далаға ошақ жасап, қазан қайнатқан күндер де болған. Шекаралық аймақтың қараусыз қалуы көптің көңілін алаңдатып, Президентке бұрқыратып хат жазып, Алматы облысының орталығын Талдықорғанға көшіру туралы ұсыныстар да айтылған.  Қазақ «Іштен  шыққан жау жаман» демекші, облыс  орталығын Талдықорғанға көшірмеймін деп ертоқымын бауырына алып тулаған марқұм Заманбек Нұрқаділовке еріп ардагерлер мен зиялы қауым «Талдықорғанның жағдайы өте жақсы, бізге облыс орталығының тіпті қажеті де жоқ» деп арыз жазып бергендерді де көрдік қой.  Небір тар жол, тайғақ кеушуден өткен Талдықорғанның тарихын беріден қозғап, арғы жағын ұмытуға болмайды. Ал облыс орталығы болғанына 20 жыл болды дегенге мен қарсымын. Әр нәрсені атымен атап, түсімен түстегенге не жетсін. Көлдей аққан көздің жасын көрді ме, Құдайдың рақымы түсіп патшанның беті елге бұрылып, жаратқан жар болып, 2001 жылы қыркүйекте қайта облыс орталығы мәртебесін алды. Құрылыс қарқын алып, экономикалық жағдай жақсарып, адам саны көбейіп, ел еңсе көтерді.  Өзіміз куә болып отырғандай, осы  2022  жылы облыс Алматы  және Жетісу облысы деп аталып, қайтадан екіге бөлініп жатыр. Ендігі ғұмыры ұзақ болып, инвестиция тартылып, өндіріс орындары көптеп ашылып, аграрлық аймақтың ажары кірсе құба-құп. Елдің де бар тілегі осы.

Жаратқан Жетісуды қолдаса екен,

Жақсылығын ақындар толғаса екен.

Алматы енші беріп қайта бөлді,

Жас отау жабырқамай, тоңбаса екен.

Бір ажырап, қайтадан бір қосылған,

Ерлі-зайыптылардай болмаса екен.

 Қанат жайып қырандай самғаса екен,

Қатарынан Талдықорған қалмаса екен.

Жас отаудың ортасына тағы түсіп,

Обалына Үкімет қалмаса екен, – деп шайлығып қалған жүрек үркектеп отыр.

Енді қаланың атауымен аттас «Талдықорған» газеті жайлы пайымдасақ.

Ел егемендігін алғаннан бері өңірдің тыныс-тіршілігін тынбай жазып, халықтың айнасына айналған «Талдықорған» газетіне наурыз айында 30 жыл толды. «Тоқал ешкі  мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дегендей,  ақпарат саласындағы түрлі реформалардың құрбанына айналғандардың бірі – осы басылым. Бұл редакцияның қалада Ақын Сара көшесіндегі екі қабатты жеке ғимараты болған.  Аудан,  қала өңіріндегі ақпараттардың басын біріктіруді көздеп, Медиа холдинг құрылғанда көштен қалмай, қомақты қаржымен жылы ұяларын әкімдікке өткізіп, холдингке мүшелікке өтеді. Алайда айтулы Медиа холдингтың ғұмыры келте болып, бірікен басылымдар «Балапан басымен тұрымтай тұсымен» кетеді. Жарылқайды деген холдингтен  қорланып шыққан баспалар қатарында «Талдықорған» газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылып, 50 де 50 пайызбен жұмыс істеген. Талдықорғанның қазіргі тағдыры қыл үстінде тұр. Қазір журналистер үйінде әр жерде тарыдай шашырап отырған тілшілер жетім қозы тасбауырдың күйін кешуде. Егер түбегейлі жекешеленіп кетсе, болашақ тағдыры қалай болады?  Орда бұзар жас  – отыз жылдық тойы әкімдік тарапынан аталып өте ме, жоқ па ол жағы бізге беймәлім. Мүмкін маусым айындағы төртінші билік аталып кеткен Бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері күніне орай, қала әкімдігінің сақтап отырған сарқыты бар шығар. Шынында, бұл бір ғана «Талдықорған» газетінің басындағы ахуал емес-ті. Жалпы ақпарат саласындағы түйінді мәселелердің бірі де, бірегейі. Қазір қалалық, аудандық газеттердің көбі жекешеленіп кетті. Түптің түбі  «Талдықорған» газеті де осы кебенекті киері сөзсіз. 11 редактор ауыстырған бұл басылымның алғашқы редакторы белгілі сатирик –  Тұрлыхан Кәрімов болған. Одан кейін Тұрсын Шеңгелбаев,  Қанат Әуелбеков, Кемел Құсайынов,  Атсалим Идигов,  Клара Камарова,  Ілияс Бияхмет, Баян Таңатарова, Данияр Сейсенбаев, және қазіргі редакторы Гүлжанат Нұршанова басқарған басылым қаладағы сан-салалы, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, спорт, денсаулық, білім жүйесінде актуалды тақырыптарға қалам тартты. Тіпті, тарихты терең бойлап, мемлекеттік тілдің жоқтаушысына айналған басылымның бірі осы «Талдықорған» газеті.

Өткен тарихына көз жіберсек, газет алғаш құрылғанда қала әкімі болған Аманғазы Шегіровтың қамқорлығы айрықша болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында компартия тарап, халық танауын тасқа соққан балықтай сансырап жан-жаққа көшіп жатқанда қаладағы көптеген нысандарды аман сақтап, жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарды талан-таражға жібертпей, соның қатарында өзі құрған «Талдықорған» газетінің бүгінгі күнге жетуіне дәнекер болған да осы Аманғазы Шегіров. Басылымның 30 жылдығы аталып өтері немесе өтпесі қазіргі қала әкімі Әсет Масабаев мырзаға қатысты жағдай. Өткенде әкімнің журналистер қауымымен кездесуінде «Талдықорған»  газеті туралы көкейкесті ойымды айтқанмын.

Бүгінде интернет желісі су төкпейтін жорғадай бүлкілдеп, ақпарат құралдарының алдын орап, бәсекелестік тудырып тұрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қарап тұрсаң, қазір екінің бірі блогер, журналист болды. Ауыздарына не келсе соны жазып, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай ғып» жазушы атанып жүргендерден аяқ сүрінеді. Ал шынайы ақпараттың қазанында қайнап, ыстығына күйіп, суығына тоңып, атан түйе арқалаған жүкті арқалап жүрген шынайы тілшілер, олар қызмет атқаратын басылымдар қамқорлыққа зәру болып қалды.

Алдағы уақытта «Талдықорған» газетінің де таңы арайлап атарына сенімім мол. Көрген қиындықтары жолда қалып, жаңа белестерді бағындыруға, нарық талабына орай икемделіп ілгері басуына, ордабұзар отызына тағы отыз қосылсын деген жүрекжарды лебізімізді «Алатау» қоғамдық саяси газетінің атынан айтып, шынайы ниетпен құттықтаймыз

Айтақын МҰХАМАДИ

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ