Тарихын табыс көзі еткен Түркия

Сырлы да сұлу Стамбул

Ал Стамбулдың айнадай жалтырған жолын көргенде…. бір сәт өз елімнің жылға жетпей шұрқ-тесік болатын жолдары келді көз алдыма. Тіпті… жол соғып шаршаған жерлестердің кейіпі де елестеп өтті. Стамбулдың жолына қарап сапалы жасалған жұмыстың нәтижесіне көз жеткізеді екенсің. Бұл орайда естіп, білгенім, елде тендерді ұтып алған компанияға Үкімет қаржыны тікелей аударатындықтан, «Бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол жабық көрінеді. Яғни, әр тиын есепке алынады. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, оларды сатып алу, алдап кету мүмкін емес деседі. Теп-тегіс жолдар көрікті қаланың көркін одан әрмен асыра түсті. Тағы сол ішімнен «бұл ғажайып өлкенің кереметі көп екен-ау» деп отырып, діттеген қонақ үйімізге де қалай жеткенімді сезбей қалдым. Сөйтіп, Стамбулдағы Таксим ауданында орналасқан қонақ үйге табан тіредік. Осындағы мейрамханадан карантиндік талаптарды сақтай отырып түскі асымызды ішкен соң бес күндікте сапарлауға алып шығатын жолбастаушы Беркан Тасанмен танысып, білістік. Мұнан кейін ол «Қауіпсіз туризм» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан және Қырғызстан елдерінен арнайы келген 15 журналистке жол көрсете отырып, турдың алғашқы бағдарламасы бойынша бізді Стамбулдың танымал алаңымен жүргізіп, түрлі ғажайыпқа толы өлкенің тарихы туралы сыр шертті.

Жолбастаушының сөзіне жүгінсек, Стамбулдың Таксим алаңы өзінің танымал болуының көп бөлігін ИСТИКЛЯЛЬ көшесіне қарыз. Бұл атақты сауда даңғылы, ол шамамен 2,5 км қашықтыққа созылып жатыр. Түрік тілінен «Истикляль» сөзі «жеңіс» деп аударылады екен. Сонымен қатар мұнда күніне шамамен 3 миллион адам жүріп өтеді деген дерек те бар. Екі шеті сауда қатарларына толы. Сауда даңғылынан түркі елі тарихының иісі аңқып тұрғандай сезілді.

Таксим алаңы туристерді бірнеше себептермен қызықтыратындығын да айта кету керек, алдымен, мұнда сіз тарихи ескерткіштерге қарап, ХІХ ғасырдағы сәулеттік ғимараттарды бағалай аласыз. Екіншіден, мұнда сапалы сауда жасау үшін барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, алаңда сіз көптеген мейрамханалар мен клубтарды таба алады екенсіз.

Алаңның архитектуралық келбеті де әр түрлі, мұнда ХІХ ғасырдағы тарихи ғимараттармен және миниатюралық мешіттермен қатар заманауи ғимараттар да бой көтерген. Таксим алаңында бірден бірнеше көрнекті орындарды атап өтуге болады, олардың арасында Республика ескерткіші де бар. Оны итальяндық инже-нер Пьетро Каноник жобалап, 1928 жылы алаңға тұрғызыпты. Бұл туралы Беркан мырза қысқаша мәлімет беріп өтті.

«Биіктігі 12 м ескерткіш екі жақты және бірнеше мүсіннен тұрады. Оның солтүстік бөлігінде Түркияның қарапайым азаматтары мен әйгілі маршалдары бейнеленген, оның ішінде елдің алғашқы президенті Ататүрік те бар. Ескерткіштің оңтүстік жағында кеңес революционер-лері Ворошилов пен Вернадскийдың тұрғандығы назар аудартады. Ататүрік жеке өзі бұл мүсіндерді ескерткіштің құрамына қосуды бұйырып, сол арқы-лы КСРО-ға Түркияны азаттық күресінде көрсеткен қолдауы мен қаржылай көмегі үшін ризашылығын білдірген».

Ататүріктің ескерткіші орналасқан алаңнан басталатын бұл тарихи көше Стамбулдың көрікті символы саналатын Галата мұнарасына алып барады. Бұған бармас бұрын жолай СЕНТ АНТУАН атты проваславтық шіркеуді де аралауға уақыт табылды. Жолбастаушының айтуынша, Стамбулда 85-ке жуық православтық шіркеу бар екен.

Мұнан кейінгі тоқтаған жеріміз атақты ГАЛАТА мұнарасы болды. Галата сарай – ең көне де көркем мұнаралардың бірі болып табылады. Ол әуелде ағаштан тұр- ғызылыпты. 528 жылы Византия им-ператоры Анастасия жау келе жатқанда белгі беретін мұнара ретінде салған. Сосын оны 1348 жылы тастан қалап, қайта көтерген. Түріктер жаулаған 1453 жылы мұнараға байрақ ілініп, елдің символдық нышаны болады. Жерден санағандағы биіктігі – 66,90 болса, теңіз деңгейінен биіктігі – 140 метр. Мұнараның диаметрі 8,95 болса, дуалының қалыңдығы – 3,75 метр деген жолбастаушымыз мұнара төбесінен бүкіл Стамбулдың көркем сәулеті көрінетінін де айтты. Айтқандай-ақ, нысанның ең басына шыққанымызда Стамбул алақандағыдай көрініп, ғаламат бір көрініске тап болдық. Айтып, айтпай не керек, сырлы Стамбулдың ғажайып көрінісі шынымен де көз сүйіндірді, биік мұнараның басында тұрып көктемнің жылы лебін де сезіндік. Биіктен алысқа көз тастаудың өзі бір керемет қой. Жүрек шіркін толқып сала берді. Сұлу Стамбулдың бізге айтары бұл ғана еместей. Қалай дегенмен, мұндай әсемдік пен әдемілікті тек көзбен ғана көру керек…

Түркияға табан тіреген алғашқы күн осындай керемет әсерге бөледі. Көңілге көп дүниені түйгізген сырлы Стамбулдың да тарихи орындар мен қорғанға толы қала екендігіне, әрі Көне Рим мен ислам мәдениетінің түйіскен бесігі болып табылатындығына да көз жеткіздік.

 

Сырлы қаланың көне тарихынан сыр шерткен Беркан бей өз сөзінде Стамбул – әлемнің ең ірі қалаларына жататынын, бүгінде мұнда 18 миллион адам тұратынын да айтты. «Кешегі Осман империясының астанасы болған Константинополь қаласы – бүгінгі Стамбул жерорта теңіздік өркениеттердің, соның ішінде Рим және Шығыс Рим империясының ислами мұрагері болған, әлі де солай. …Кезіндегі Осман империясының Еуропа, Азия және Африка құрлықтарында орналасқан көпұлтты мемлекет болғанын білесіздер. Ал, қазіргі Түркия Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан. Стамбул қаласы да дәл солай екіге бөлінеді. Еуропа және Азия. Туристердің көбі Еуропа бөлігіне барғанды жөн көреді. Себебі, барлық туристік ғимараттар осы жерде орналасқан» – деген ол тур бағдарламасы бойынша екінші күнгі сапар көрікті Бурса қаласымен түйістіретінін де еске салды.

Жалғасы бар…

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ