Тарихы терең Түркия

0
1074

Сәуірдің 27-сі мен мамырдың 1-і аралығында талдықорғандық әріптесім Айман Асылбекова екеумізге тарихы терең, қойнауы құпияға толы Түркияға барудың сәті түсті. Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қоры мен оның басшысы Нәзия Жоямергенқызының тікелей қолдауының арқасында сапардың барлық шығынын ұйымдастырушылар көтерді.

Осындай үлкен мүмкіндіктің арқасында ел аралап, жер көрдік. Жақсы жандармен танысып, жолдас болдық. Бұл сапарға көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Косово, Македония елдерінен дәл біз сияқты ондаған журналист шақырылған екен. Ұйымдастырушылар 5 күндік сапардың әр минутын бағалап, өте тығыз жоспар құрыпты.

Алғашқы сапарымыз Диярбакыр қаласының  Диджле университетінде «Шығыстың үш жұлдызы» атты кітаптың тұсаукесерінен басталды. Кітапқа күрд, араб, түрік ақындарының өлеңдер жинағы енгізілген.

«Шығыстың үш жұлдызы» атанған күрд әдебиетінің белді өкілі молда Ахмед-и-Джезери, Факи-ий Тейран және Ахмед-и Ханидың туындылары кітап болып басылып шыққан. Өз заманының ойшылы саналған тұлғалардың шығармаларының жас ұрпаққа берер тәлімі мол. Арада қанша ғасыр уақыт өтседе әлі күнге маңызын жоймаған.  Ақындардың шығармашылығын зерттеген ғалымдар тек тарихи жазбалармен шектеліп, кітап шығарып қана қоймай, сонау 16-шы ғасырдағы өлең шумақтарынан елдің болмысын, тыныс-тіршілігін танып, тарихи фильм де түсіріпті.  Ғалымдардың айтуынша, бұл ақындардың шығармалары әлі талай кітапқа арқау болады дейді.

Атап өтсек, ауқымды жұмысқа атсалысқан Диджле университеті 1966 жылы ашылған. Түркияның ең үздік 30 университеттерінің қатарында. Бұл білім ордасында 33 мың студент білім алады екен. Жиынға Түркияның Мәдениет және спорт министрі, университет ректоры, профессорлар және жергілікті журналистер қатысты.

Шарадан соң Туризм және мәдениет министрінің орынбасары Ахмет Мисбах Демирхан мен Диярбакыр қаласының губернаторы Мунир Каралоглу журналистермен арнайы кездесті. Олар елдеріне саяхаттап келген шет елдік тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Бұдан кейінгі сапарымыз – құрылысы сонау 349 жылы басталған Диярбакыр қорғанында жалғасты. Қорған үлкендегі жағынан әлемдегі Ұлы Қытай қорғанынан кейінгі екінші орында екен. Ұзындығы 15 мың шақырым, ені  3-5 метр, ал  биіктігі 10-12 метрді  құрайды. Жаугершілік заманда қаланы жаудан қорғау үшін cоғылған қорғанның 82 мұнарасы, 4 қақпасы болған. Қорғанның құрылысына жаңбыр мен қарға төзімді базальт тасы мен цемент қолданылған. Содан да болар бұл қорған бүгінге дейін жетіп, Диярбакыр қаласының басты көзірі болып табылады.

Тарихи жәдігер бүгінде ЮНЕСКО-ның қорғауында. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осы қорғанды көру үшін жыл сайын 1 миллион  турист келеді екен.

Мәриям БЕЙСЕН

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ