Халықтың алғысынан артық марапат жоқ

244

Өмірде  тағдырының өзі-ақ  кітап болып жазылуға лайықты, қайталанбас дара тұлғалар болады емес пе. Солардың  бірі –  қырық жылдан астам уақыт ауыл   медицинасының дамуына  сүбелі үлес қосқан,  Ақсу ауданының  тумасы,  хирург дәрігер   Бекбай  ҚҰРАҚБАЕВ.

Бар  өмірін медицинаға,  соның ішінде хирургия саласына  сарпыған   ағамыз сөзінің  басында «Бұл,  алғаш  рет  сұхбат беру сәтім» деп айтқанымен,  екеуарадағы әңгімеде өткен күндердің естеліктерін төгіп салды.

Ақын Сара  ауылында туған  бала  Бекбай  1967  жылы  Мамания мектебін бітіріп, бірден Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медицина институтына түседі. Бұл оқу орнында жеті жыл білім алып, жолдамамен  Талдықорған қаласына жіберіледі. Мұнда бір жылға тарта  уақыт хирург болып еңбек етеді. Одан кейінгі қырық үш жылдық  еңбек  өтілі Ақсу аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімімен  байланысты.  Осы жерде тұрақтап қалып,  зейнеткерлікке шыққанша  дәрігер-хирург болып жұмыс істеді.

– Еңбек кітапшамда бір ғана жазу бар: «Ақсу ауданының ауруханасына   хирург болып қабылданды, зейнеткерлікке шықты» деген.  Маған дейін, мен келген жылдарда, кейінгі келгендердің талайы басқа жаққа ауысып,  енді  бірі өмірден  озды. Солардың ішіндегі  бір жерде тұрақтап жұмыс істеген мен ғана екенмін. Мұның өзі мақтаныш емей не?! 

 Ал  енді, дәрігерлік жолды таңдауымның  сан түрлі себебін  айтуға болады. Біздің бала кезімізде  ауылдық жерде  медицина деген аса дамымаған  еді ғой. Бір ауылда бір дәрігер дегендей. Үйдегі үлкен кісілер,  ауылдағы  қарт адамдар  ауырып-сырқағанда  соған қол ұшын берсем деген ойым болса керек. Осылайша медицина әлеміне сүңгіп кеттік.

Ата-анам шаруа адамдары болды. Әкем  – Бекбол   жылдар бойы совхоздың қойын баққан қойшы болса,  шешем – Сара,  қызылша алқабында еңбек етті. Отбасында тоғыз бала болдық.  Соның ішінде екеуміз  медицинаны  таңдадық.  Бірден  жақсы  хирург  болып  топ  ете  қалмадым.  Жас  маман ретінде  мені жетелеп,   жол көрсеткен, хирургияның  қыры мен сырына  қанықтырған  хирургтар  болды.  Атап айтсам:  Бидахмет Имашев, Жеңіс Жеңсебаев,  Тілеуберген Ералин.  Осы азаматтармен етене жұмыс жасай жүріп, көп дүниені үйрендім.  Аттары ел ішіне мәлім хирургтердің үлкені   Бидахмет Имашев  болса, соңы болып аудандық  ауруханаға мен келдім. Бүгінде  үшеуі де о дүниелік болды. Олардың есімдері  мәңгі жадымда  сақталып  қалды,  – деп ағынан  жарылды  Бекбай аға.

Қырық үш жылдық еңбек өтілінде бірнеше  басшының  көзін көрген дәрігердің бұл туралы да айтары аз емес.

– Аурухананың алғаш табалдырығын аттаған жылда бас дәрігер   М.Кенжебаев болды. Өте тамаша, жүрегі жылы адам еді. Одан кейін басшы болып  Н.Ечин   келді. Мұнан соң  Т.Амирсанин,  И.Мырзашев  тағы басқа да басшылармен қызметтес болдым. Олардың бәрі  қал-қадірінше аурухананың жандануына үлестерін қосты,   – деген  ағамыз  хирургия саласы жайында,  хирург болудың жауапкершілігі туралы  да  әңгімеледі.

– Біз кеңес дәуірін  көріп,  сол шақта  білім алып, еңбек еткен ұрпақтың жалғасымыз. Ол тұста бүгінгідей құрал-жабдықтар жоқ еді. Қолымызда бары   рентген аппаратурасы    ғана. Ал, әрбір  аурудың өзіндік картинасы мен клиникасы болады. Сондықтан келген  науқастың  диагнозын  кітапта қалай жазылды, институтта оқығанымызды,  пайдалана отырып, қолмен  сипап, көзбен  көріп білетін едік. Ал,  қазіргі  мамандар  медицинаның дамыған заманында жұмыс істеп  жатыр ғой.  Бір диагнозды анықтауда бірнеше аппараттың көмегіне жүгінеді. Бұл да Тәуелсіздіктің берген жемісі  деуге  болады. 

Хирург болу жұмыста кешкі алтыға дейін ғана жалғасатын кәсіп емес, ол күні-түні жұмыста болу деген сөз. Бұл  мамандық жолында  түрлі жайттардың себепшісі болдым. Оның арасында есте қалған оқиғалар да аз емес. Соның бірін айтсам,  үйінде көп уақыт жатып қалған науқасқа ота жасау керек болды. Іші ауырса да апта бойы  қазақи ем жасап қана жүре берген.  Ауруханаға  түскенде  жағдайы өте ауыр халде болды. Соқырішек деген диагнозбен жедел  түрде ота жасалды.  Яғни,  соқырішегі жарылып, іші іріңге толып қалған.  Ішкі құрылысын тазалап, жуып-шайып, әйтеуір аман алып қалдық. Осындай сәттерде ұтымды пайдаланған әр секунд адам жанының арашасы бола алады. Егер сәл кешігетін болсақ, бір адам өмірімен қоштасуы ықтимал.

Әңгіме барысында ағамыз ізін қуған  шәкірттер  туралы да  айтты.  Соның  бірі  Ақсу аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Байқадам  Болатұлы. Тәлімгердің сөзінше,  ол  айтқанды   бірден қағып алып, нәтиже шығаратын, хирургияның  қыр-сырына терең үңілген  мамандардың бірі болды. Тағы бір шәкірті Айбек Нұрахметов  қазір  Нұр-Сұлтан қаласында қызмет етіп жүр. Ол да еліміздің денсаулық сақтау саласына еңбегін сіңіріп келетін   мықты  хирургтердің бірі.

– Қазір  еліміздегі медицинаның қай саласын алып қарасаң  ілгері жылжу бар. Жас мамандардың  білімін жетілдіруде  шетелге барып   біліктіліктерін  арттыруға да зор мүмкіндік берілуде.  Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде біз бар арман-мақсаттарымызды тоғыстыра біліп,  болашаққа тың серпінмен қадам басып келеміз деуге болады, – дейді ақсулық дәрігер.

Өнегелі өмірінде  Бекбай   аға  жары  Розамен бірге  4 бала тәрбиелеп өсірді.  Кенжесі – Еділ Құрақбаев әке ізімен жүріп, медицинаны таңдады. Қазір  Алматы қаласындағы  ауруханалардың бірінде   анестизиолог-ревматолог болып еңбек етуде.

–Мені нағыз дәрігер қылған – өмір сабақтары. Мүмкіндігінше бар білгенімді, білімімді беруге тырыстым. Ал енді мен үшін өмірдегі басты марапат – өз науқастарымды дені сау және бақытты қалпында көру болды. Өзім бір кездерде көмек берген адамдарды кездестіргенде  бойымды қандай қуаныш сезімі билейтіндігін көрсеңіз! Есімдерін білмегеніммен, олармен  кездесіп қалып жатсам  өздерінің  алғыстарын   білдіріп жатады, – деген Бекбай Құрақбаев  хирургияға  сіңірген қырық жылдан астам уақыттағы еңбектің өтемі кеудеге тағылған    медаль  яки орден алумен өлшенбейтіндігін,  халықтың алғысынан  артық  марапат жоқ екенін айтып,  сөзінің нүктесін қойды.

Өмірін  адам  жанының арашасы болудағы игі іске арнап, халыққа қалтқысыз қызмет ете білген абзал жан Бекбай Құрақбевтың  еңбегі  бүгінгі жастарға үлгі.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ