Індет өршіп барады

194

«Ауру  кірді  дегенше,  әлек кірді десеңші»  дегендей,  2020 жылдан бастау алған «тәжтажал»  індеті  әлем  жұртшылығын әлі әбігерге салып келеді.  Жеті басты айдаһардай бір басын шапсаң,  келесі басы сопаң етіп  шыға келетіні сияқты індеттің түрлі синдромдары етек алуда.  Әлем елдерінің барлығы індетке қарсы вакцинаға жүгінсе де  оның тежеуі бірде баяулап,  енді бірде қайта өршуде.  Енді  жасөспірімдер  арасында  жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай  өршіген инфекциядан  елімізде  1 100 876 адам індетке шалдыққан.  Бұл өткен аптаның  көрсеткіші.  Ал  өткен  тәулікте  15 872  адам  коронавирус  жұқтырған.

Әу баста  халықты қынадай қырған бұл  індетке  адамзат баласының да бойы үйреніп кеткені соншалық,  қауіп-қатерден қорқуды қойған. Көшелерде, базарларда,  сауда үйлерінде,  тіпті,  ауруханалардың  кейбірінде бетперде киіп жүргендерінің өзі некен саяқ.  Оқушылардың  он күнге созылған қыстық демалысы 17 қаңтарға дейін созылды.  Мектептерде  онлайн  форматта оқыту қайта жалғасып,  24 қаңтардан бастап  білім ошақтарына оқушылар қайта оралды.  Әсіресе,  балалар арасында өршіп жатқан індет жайлы дәрігерлер жиі дабыл қағуда.  Жас демей,  жасамыс демей  тура тамақтан ала түсетін індеттен 15 872  адамның коронавирус жұқтырғаны,  ПТР тест  арқылы  анықталған.  Аймақтар бойынша Астана қаласында –  5 050,  Алматы қаласында –  2 025,  Шымкент қаласында – 420,  Ақмола облысында  –  750, Ақтөбе облысында  –  459,  Алматы облысында –  432,  Атырау облысында –  568,  Шығыс Қазақстан облысында  – 542,  Жамбыл облысында –  257,  Батыс Қазақстан облысында  –  376,  Қарағанды облысында  –   2 944,  Қостанай облысында  –  402,  Қызылорда облысында  –  399,  Маңғыстау облысында  –  250,  Павлодар облысында  –  710,  Солтүстік Қазақстан облысында  –  155, Түркістан облысында  –  133.  Астана қаласының іргесіндегі Қарағанды облысында екі көрсеткіштің  жоғары екеніне зер салсақ,  алаңдауға негіз бар. Арқа,  Солтүстік облыстарында қар қалың түсіп,  аязды үскірік болғанына қарамастан  ауамен,  адамдар арасындағы қарым-қатынаспен тез тарайтын індеттің екпіні елді естен тандыруда. Оның үстіне Оңтүстік өңірде биылғы қыс мезгілі жайлы:  ауа-райы жылып, көктемгі жайма шуақтай көрініс беруі коронавирустен бөлек,  тұмаудың асқынуына себеп болуда.  Гүрс-гүрс  жөтеліп жүргендер бейне бір көкжөтелге ұшырағандай,  ұзақ жөтелетін болған.  «Дәрігерге қаралдық,  ем-домын жазып берді.  Індеттен аманбыз, жай тұмау» дегендер айлап,  апталап дәрі-дәрмек ішкенімен  жөтелден арыла алмағандарын айтады. Өздері ауырса, емделіп қам-қарекет жасайтын ата-аналар, балалары ауырса, жандарын шүберекке түйіп, шырылдауда. Емханаларға барсаңсыз балаларын сүйрелеп жүрген ата-аналардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бәрінің көкейінде дімкәстанып қалған балалары індет жұқтырып алмады ма деген үрей, қорқыныш бар.

Алматы облысында бір тәулікте 40 баладан коронавирус анықталған. Індет инфекцияның өсу қарғыны 0,6%-ға жеткен. Ауру ең көп тіркелген аймақ  Алакөл, Жамбыл, Қарасай, Кербұлақ, Райымбек, Сарқан, Талғар және Кеген аудандарында өршігенін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Соңғы тәулікте өңірде 432 адамның індетке шалдыққаны тіркелген. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі 40 баладан аталған дерт анықталған. Сондай-ақ, 20 оқушы, 3 студент, 8 ұстаз бен күш құрылымдарының 4 қызметкері вирус жұқтырған. Тәжтажалдың өзін біржола құртып жібермесе де,  індетпен ауырып қалғандар жеңіл өтеді деп,  өткен жылдан бері  вакинация салу жаппай қолға алынған болатын. Онда Ресей,  Қытай, Араб  және қазақстандық өнімдер қолданысқа енгізілген. Күні бүгінге дейін КВИ-ға қарсы екпе салу жұмыстары жалғасып келеді. 20 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы облысында бірінші компонентпен 974 327 адам егілсе,  екпенің екінші бөлігін 878 484 тұрғын салдырған. Сонымен қатар  95 017 адам «Qaz Covid-in», «Sinopharm Vero Cell» вакцинасымен ревакцинация курсынан өтті және 1172-і  «Пфайзер» компаниясының «Комирнати» вакцинасымен ревакцинацияланды. Індеттің жасөспірімдер арасында кеңінен таралуына байланысты әлем елдерінің медицина саласы  12 жастан бастап  коронавирустық инфекциядан вакцинациялауды жүзеге асыруда. Осы бағытта  Алматы облысында бұл жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жетісу өңірі бойынша 318 вакцинация пункті және 76 жылжымалы пункт халыққа қызмет көрсетуде. Жас талғамайтын, өте қауіпті вирустан аман қалудың төте жолы тек вакцина қабылдау қажеттігін сезінген тұрғындар ревакцинация курсына белсенді қатысуда деген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.  Мысалы 110 826 адам «QazCovid-in» және «Sinopharm Vero Cell» вакциналарымен толық иммундау курсынан өтсе,  3145 адам «Comirnaty» (Pfizer) вакцинасымен қайта вакцинацияланды. Бүгінгі күні облыста вакцинаның бірінші дозасын алғандар саны 921 975 адамға жетті. Бұл  77% -ды құрайды, ал екінші компонентті 857 225 азамат немесе иммундауға жататын ересек тұрғындардың 71%-ы алды. Сонымен қатар  Алматы облысында жасөспірімдер,  жүкті және бала емізетін әйелдер арасында вакцинация жұмыстары белсенді жүргізілуде. Облысқа барлығы 380 250 доза «Comirnaty» вакцинасы келіп түсті. Бүгінгі таңда вакцинацияланған халық саны 64 090 адамды құрайды, оның ішінде 51 423  жасөспірім,  3004 жүкті әйел және лактация кезеңінде 9663 әйел бар.  Әйтседе коронавирустық инфекцияның өсу қарқыны 0,1%-дан,  0,6%- ға дейін ұлғайды. Бір тәуліктің ішінде 467 тұрғынның вирус жұқтыру дерегі тіркелді.  Оның 39 оқушы, 7 мұғалім мен 14 жасқа дейінгі 67 баладан аталған дерт анықталып отырғанын айтып дабыл қағуда. «Құдай сақтанғанды сақтаймын» деген ғой. Әлем елдерінің барлығы дерлік індетке қарсы вакинациялау жүргізуде. Бүгінгі таңда вакцинацияланған халық саны 62 252 адамды құраса, екпенің екінші компонентін 27 438 азамат қабылдады. Сондай-ақ, 102 284 адам ревакцинация курсынан өтті.

Қазіргі уақытта облыс тұрғындары төрт вирусқа қарсы препараттан вакцинацияны таңдай алады.  Олар:  Гам-КОВИД-ВАК (СпутникV), «QazCovid-in»,  «Sinopharm Vero Cell»,  және «Comirnaty» жасөспірімдерге, жүкті,  бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ 60 жастан асқан адамдарға арналған дейді. 17  қаңтардағы мәліметке жүгінсек,  АВИ-дің зертханалық расталған 59 672 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 44 867 адамда симптом белгілері бар. Облыста сырқаттанушылық көрсеткішінің артуы Талдықорған, Текелі қалалары, Алакөл,  Қаратал,  Көксу,  Балқаш,  Ескелді, Ұйғыр, Талғар, Панфилов, Сарқан аудандарында байқалған. Қызыл аймаққа енген Алматы облысында КВИ-дің өсу қарқыны басым боп тұр. Өткен аптаның мәліметі бойынша, өңірлердегі көрсеткіш мынадай:  Алакөл – 40, Балқаш – 5, Еңбекшіқазақ – 6, Ескелді – 14, Жамбыл –  20, Іле – 7, Қарасай – 59, Қаратал – 20, Кеген – 12, Кербұлақ – 23, Көксу – 8, Панфилов – 22, Райымбек – 5, Сарқан – 15, Талғар – 47, Ұйғыр –7, Талдықорған – 90,  Текелі – 10.  Ал 20  қаңтардағы ақпарат бойынша Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіровтің баспасөз конференциясында айтқан мәліметіне сәйкес, облыста 59 992 адам коронавирус инфекциясы бойынша тіркелген. Оның ішінде 45 154 КВИ белгілері бар,  57 605 адам емделіп шыққан. Медициналық қызметкерлердің бақылауында 2856 адам бар. Оның ішінде стационарлық емдеуде – 766 адам. Бір тәулік ішінде ауруханаға 92 адам түсіп, 22 адам сауығып шыққан. «Коронавируспен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге  оның ішінде, екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд.теңге бағытталды» , – деген болатын.  Дәрі-дәрмек және құрал жабдықтармен қамтылуға қатысты медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты,  606 өкпені жасанды желдететін аппарат жұмыс істеуде. Оттегі стансыларымен облыстың 17 ауруханасы қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен  818,2 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ,  оттегі концентраторларының саны 1350  данаға дейін  өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 30 реанимациялық бөлімше қажетті жабдықтармен (172 төсек) жабдықталып,  диагностика және емдеу хаттамалары сақталуда. Сондай-ақ, жоғары ағынды оттекті терапия әдісі енгізіліп,  Хай Фу аппаратымен емдеу жақсы нәтиже беруде. Жалпы, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету 79%-дан  91%-ға дейін артты. 180 жедел жәрдем көлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды (барлығы 17 ЖМК бар). Бригадалар саны 206-ға дейін артты. 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Ауыр науқастар мен балаларға арналған көп бейінді ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдарының айлық қоры бар. Облыста 1,3 млрд. теңгеге тұрақтандыру қоры құрылды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 51 атауы “INKAR” ЖШС қоймаларында таратылды. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде 3455 медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер және 2604 орта және кіші медицина персоналы тартылды. Облыста 18 зертхана жұмыс істейді. Жалпы қуаты 9 мың зертханалық зерттеулерді құрайды. ПТР әдісімен 1 221 980 адам зертханалық тексеруден өтті, оның ішінде медициналық қызметкерлер 16 543. Облыста коронавирустық инфекцияларға қарсы вакциналау жүргізу үшін 318 егу пункті, 76 мобильді бригада, 17 жылжымалы медициналық кешен тартылған.

Бүгінгі күні вакцинаны сақтауға арналған 160 мұздатқыш камера бар, оның 7-уі ультра төмен температуралық мұздатқыштар,  272-і белсенді термоконтейнерлер (АВТО мұздатқыштар). Облысқа  I компонент вакцина-сының 1 213 475 дозасы және ІІ компонент 1 193 475 дозасы, оның ішінде 380 250 доза «Comirnaty» вакцинасы жеткізілді.  910 214 адам I компонентпен егілді,  849 638 адам вакцинацияны екі компонентпен аяқтады. Алматы облысында 12 жастан бастап тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау жалғасуда. Ағымдағы жылдың 17 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста бірінші компонентпен 961 478 адам егілді, оның ішінде 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер – 41 685, жүкті әйелдер – 3102 және лактация кезеңіндегі әйелдер – 8237.  Екінші компонентпен 868 084 адам егілді, оның ішінде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер – 15 538,  жүкті әйелдер – 1204 және лактация кезеңіндегі әйелдер – 2985. Сондай-ақ,  2021 жылдың 22 қарашасынан бастап облыста ревакцинация курсы басталды. Бүгінгі таңда 82 132 адам қайта вакциналанды. Екпе алған медицина қызметкерлер  – 7585,  мемлекеттік қызметшілер – 1915,  педагогтар – 7734,  созылмалы аурулары бар адамдар – 800,  қалғандары – 64 098. Төрт вирусқа қарсы екпе қабылдаушылар өздері таңдау жасай алатынын айтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіровтің де айтары инфекциядан қорғаудың жалғыз жолы – вакцинацияның аяқталған курсы және COVID-19-ға қарсы уақытылы ревакцинация. Баспасөз конференциясында жұқпаның «омикрон» деп аталатын түрінің ерекшелігі, одан қорғану, емдеу тәсілдері жайлы да айтылды. Денсаулық  сақшылары   жұқпа жеңіл өтетінін, емдеу тәсілі бұрынғыдай екенін, сақтық шараларын қатаң сақтап, бетперде кию ережесін қатаң сақтауды да  баса айтады.

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ