Қайырымды істің қайыры бар

0
2329

Дана халқымыз ежелден-ақ «жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң да өзіңе» деп, жас ұрпақты ұдайы ізгі істерге бағыттап отырған. Құмырсқаға да қиянат жасамауды үйрететін ұлттық тәрбиемен сусындаған әр азамат бойындағы осынау қасиетті құндылықты айналасына жеткізіп, ізгілікке жақын болары хақ. Ықылым заманнан бері ұлттық санамызға сіңісті болған ізгі қасиеттен әлі де айырыла қойған жоқпыз. Соның айқын дәлелі ретінде әр көңілге нұр беріп, жүректерге жылу сыйлап келетін «Харекет» қайырымдылық қорын атауға болады.

Ізгілікті ұлықтайтын бұл ұйым 2017 жылы қыркүйек айында республикалық қор ретінде ресми тіркелген. Қордың басшысы Гүлмира Мұханқызы бірде әлеуметтік желідегі парақшасынан қызықты пост оқиды. Онда «Менің желідегі достарымның саны 3 мың адам. Егер әрқайсысы мың теңгеден жинап, «черная касса» ойнасақ қалай болады?» деп жазылған екен. Осыдан соң оған ерекше бір ой келіп, желідегі достарына үндеу тастады. «Ай сайын мың теңгеден жинап, баспанасыз жүрген мұқтаждарға үй алып берсек» деген үндеуге көбі ниеттес болғанымен, іске келгенде сытылып шыққандар да болған. Себебі, ел ішінде, әсіресе, әлеуметтік желіде таралатын алдау-арбаудың бір түрі болар деген пікірлер де кездесіпті. Алайда, бастама сол жерде тоқтап қалмаған. Қолдау көрсеткен жомарт жандар мен қарапайым халықтың демеуі арқылы қорға қаражат жиналып, алғашқы баспананы да табыстайды. Күн санап қордың аясында қызмет атқаратын еріктілер мен жаны жомарт жандардың да саны артқан. Сонымен көп өтпей қордың алғашқы үйі 7 баласы бар, бір баласы мүгедек, әйелі жетімдер үйінде өскен Сәтбаев қаласының тұрғынына бұйырады. Осылайша жалғасын тапқан ізгілікті бастаманың арқасында 2018 жылы 60, 2019 жылы 100 отбасы баспанаға ие болды. Ал өткен жылы 240 үй сыйлаған қордың жұмысы күні бүгінге дейін жалғасып, осы уақыт аралығында республика көлемі бойынша жалпы саны 400-ден астам мұқтаж отбасын қуантқан.


«Көп түкірсе – көл» деген, мұндай ауқымды шараларды жасап, сан мыңдаған жанға қуаныш сыйлау бірнеше адамның қолынан келе қояр оңай шаруа емес-ті. Сол себепті елдің әр өңіріндегі «Харекет» қорының еріктілері Алла разылығы үшін ерінбей еңбек етуден жалықпайды. Солардың бірі – Талдықорған өңірі бойынша еріктілердің басшысы әрі қордың өкілі Амангелді Төлемісов. Ол өткен жылдың мамыр айынан бері аталған ұйымда жұмыс атқарып келеді.
«Ел ішінде қайырымдылық ұйымдарының саны аз емес. Бұл әрине, қуантарлық жағдай. Себебі, жетімі мен жесірін жылатпаған текті халықтың ұрпағы үй-күйсіз жүрген әр бауырына қолұшын созып, қиналғанда жанына демеу болса, көп болып жұмылып жәрдем берсе, неге қуанбасқа?! Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Дегенмен, әр адам үшін баспаналы болу – ең үлкен қуаныш. Арамызда тағдырдың тауқыметін көріп, мың бір машақатпен өмір сүріп жүрген жандар да бар. Қор құрылғаннан бастап осындай жандардың жүректеріне жылулық ұялатып, көңіліне қуаныш сыйлаумен қоса, халыққа қайырымдылық жұмыстарды, адамгершілік пен ізгі қасиеттерді насихаттап келеді. Ал осы ұйым аясында қызмет атқаратын әр өңірдегі еріктілердің басты мақсаты – өз аймағында «Харекет» қайырымдылық қорының танымалдылығын арттыра отырып, халықты ізгі істерге шақыру. Мәселен, халыққа қорды кеңінен насихаттау үшін «Харекет» қорының логотипі жазылған пакет пен күнтізбелер шығарылады. Соны сату арқылы түскен қаражат қайтадан қордың есебіне аударылады.Осы орайда қаламыздағы түрлі дәмханалар мен кәсіпкерлер тарапынан көп қолдау көрдік. Сонымен қатар, түрлі сауда орындары мен дүкендерде, қоғамдық орындарында қойылған садақа жәшіктеріне жауапты болып, әр ай сайын соларды жинап, ұйымдастырушыларға түскен қаржы жөнінде нақты есеп беру де еріктілердің міндетіне кіреді», – деген ол осы уақыт аралығында Талдықорған өңірі бойынша мұқтаж жандарға жалпы саны 17 үй табысталғанын тілге тиек етті. Оның 16-сы «Харекет» қайырымдылық қорының аясында берілсе, ал біреуі өңір еріктілерінің қолдауымен жүзеге асқан. Мәселен, бір ай бұрын Талдықорған қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Венера Асылбекова сол қатарда үйлі болды. Үш баласын (екеуі мүгедек) жалғыз өзі асырап отырған оған баспана кілтін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов табыстап, қордың жетекшісі Гүлмира Мұханқызы ақжарма лебізін білдірген.

«Қайырымдылық қорының басты мақсаты – шын мұқтажды тауып, жәрдемдесу. Ел арасынан шынымен көмекке зәру жандарға қолұшын созуды көздегендіктен, белгілі бір шарттарға сәйкес жұмыс жүргізіледі. Мәселен, бұл санатта ең әуелі тұл жетімдерге, одан соң жалғыз басты әкелер мен асыраушысынан айырылған жалғызбасты аналарға, сондай-ақ отбасында мүгедек балалар тәрбиелейтін жандарға көмек көрсетіледі. Бұған қоса, 7-8 баласы бар толық отбасыларды да қамтиды. Осындай жандарды тапқан соң бейнежазбаға түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдаймыз. Бүкіл ел аумағынан жиналған ұсыныстарды комиссия қарағаннан кейін, қаражатқа байланысты әр аймаққа үй санын белгілеп, баспана алу үшін әрқайсысына 4-5 млн. теңге көлемінде ақша бөледі. Соған қарай біз де үй қарастырып, комиссияның талқылауынан өткен, жағдайының шарты толымды деген отбасына баспана тауып береміз»,– дейді А. Төлемісов.
Осы уақыт аралығында Талдықорған өңірі бойынша атқарылған қайырымдылық шаралары қала, облыс әкімі тарапынан алғысқа ие болып, марапат та алған. Жұмыстан босап, қолы қалт еткен уақытында қайырымды жандармен бірге ізгі жұмыстарды жүргізуді әдетіне айналдырған Амангелді Ғабдылкәрімұлы мұның барлығы тек Алла разылығы үшін, әркімнің жүрек қалауымен жасайтын жұмысы әрі көрсетілген құрмет пен мақтау-марапаттың барлығы қордың аясында жұмыс атқаратын ізгі жандарға ортақ екенін айтады.
Баспана кілтін табыстап, шараны жүргізу барысында берілген әр үй мен атқарылған істер бейнежазбаға түсіріледі. Жанарына жас ұялап, керемет сезімге бөленген жанның жүрегіндегі ерекше толқыныс пен көкірегін жарып шыққан толағай қуанышқа толы сәттер жөнінде бейнероликтер жасалып, оны желіге жүктеу де әдетке айналған. Алайда мұны халықтың бірі қошаметтеп, айналамызда мейірімді жандар жетерлік десе, енді бірі жасаған титтей жақсылықты жария етуді құп көрмей, теріс пікір білдіретін көрінеді.
«Қорға жиналатын қаржы қарапайым халықтан түсетіндіктен, олардың берген әр тиыны қажетті дүниеге жұмсалғанын көрсету мақсатында бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейміз. Бұл біріншіден, халықтың өзіне есеп беру болса, екіншіден жұртшылықты ізгілікті істерге шақыру. Осы арқылы көрермен көңіліне жол тартып, қатарымызға жаны жомарт жандарды жинаймыз»,– дейді қордың өкілі Жайық Тазабекұлы.

Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ислам дінінде де мұқтаж жанға қолұшын созып, жәрдемдесу мен садақа беруге үндейді. Ал ата-бабамыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» деп бір ауыз сөзбен ізгілік пен мейірімділікке шақыруының өзі бәрін аңғартады. Осы орайда адам бойындағы жомарттық пен қайырымдылық қасиеттерін ел арасында кеңінен насихаттап, көптеген жанның көңіліне қуаныш сыйлап жүрген қайырымдылық жұмыстардың мұнымен тоқтап қалмасына, «Харекеттің» халық қамы үшін әлі талай қарекет етеріне сеніміміз мол.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ