«Қойылым» болып қалмасыншы…

0
1478

Қазақ халқы әз-Наурызды ежелден-ақ ерекеше әспеттеп, ұлыстың ұлы күніне айрықша дайындалатын. Наурыз – ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеуді дәріптейтін ұлық мейрам. Сонымен бірге, Наурыз – халықтар бірлігі мен татулығының бастауы, достық пен ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі. Сондықтан да, бұл мереке бір ұлтқа ғана емес, жылпыға ортақ болуы, еліміздегі ұлт пен ұлыстардың жалпыхалықтық мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да, мазмұнын да кеңейте түскен орынды.

Кеңестік дәуірдің ықпалымен қазақ елі 70 жыл бойы жыл басы – Наурызды емес, күнтізбенің жаңаратын күні – Жаңа жыл мерекесін тойлауды әдетке айналдырғаны да бәрімізге аян. Ел тәуелсіздігін алып, етек-жеңімізді жинағалы 28 жыл өтсе де сол әдеттен әлі күнге арыла алмай келе жатқандаймыз. Себебі, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін маңызды мерекелер қатарына Жаңа жылды жатқызады. Бұл күн әсіресе балабақша мен мектеп жасындағы жеткіншектердің асыға күтетін мерекесіне айналғалы қашан. Себебі, олар Аяз атаны балалар тілегін орындаушы бірден-бір жан ретінде санасына сіңіріп алған. Бұларды қоя берсеңіз, Жаңа жыл қарсаңындағы түрлі мерекелік кештерде «Аяз ата, Ақша қар» деп дауыстап шақырып, солармен мәз-мейрам болып биге басатын үлкендерден не сұраймыз? Тіпті, әр мекемелер мен түрлі ғимараттар маңдайшаларына «Жаңа жылдарыңызбен» деген жазуды жылтыратып ілуді күні бұртын бастап кетеді.

Елімізде Жаңа жылға деген дайындықтың бір ай бұрын басталу мәселелері жыл сайын қызу талқыға түссе де, қаладағы түрлі мекемелер ғимараттарын безендіруден өзара сайысқа түсіп, мықтыларын анықтауды тоқтатқан емес. Соның кесірінен қазақ үшін ең маңызды мереке саналатын Тәуелсіздік күні Жаңа жылдық жылтырақтардың тасасында қалатын. Тек соңғы бірнеше жылда 16 желтоқсан өткеннен кейін ғана шырша шамын жағу тапсырылған. Дегенмен, тек қала шыршалары мерекеден соң құрылғанымен, халықтың қызу дайындығы ерте бастан басталып кетеді.

Ал  Наурыз ше? Наурызға деген дайындық мүлдем басқаша. Наурыз туралы сөз бола қалса, көпшіліктен «Наурыз – ұлттық мереке» дегеннен артық жауап ала алмаймыз. Ал сол ұлттық мейрамымызға деген қызу дайындықты көру тіптен мүмкін емес. Себебі, Наурыз мерекесі оларға тек әкім-қаралар үшін арнап тігілетін қазақ үйлер мен арнайы «комиссия» тексеріп кеткеннен кейін жинала бастайтын «қойылым» ретінде ғана елестейтін сияқты. Шапан киіп, наурыз көжеге тойып қана қайтатын үйреншікті бір науқанға айналып кеткендей.

Қазірдің өзінде әз-Наурызға небәрі 10 шақты күн ғана қалғанымен, мерекелік көңіл-күй былай тұрсын, қала көшелерінде Наурыздың нышаны да байқалмайды. Жаңа жылда жарыса жазатын банерлер мен мекеме маңдайшаларынан «Наурыз құтты болсын» деген бірде-бір құттықтауды  байқай алмай келеміз. Қазақ халқы үшін басты мереке, жаңа жылдың бастауы – Наурыз елеп-ескерусіз, тасада қалып барады. Неге?

Л.АЙДЫНҚЫЗЫ.

 

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ