Қор қазандығынан кімдер тойынбады немесе 19 миллион сыйақы

77

Бізде не көп, қор көп. Санасаң санынан жаңыласың. Бірақ, солардың халыққа мінсіз қызмет етіп жатқандары шамалы. Керісінше арттарынан шулары сүйретіліп, айғай-аттанға ұласып, былықтары мен шылықтары әшкереленіп жатады.

Жемқорлық тың астауына айналған қор қазандығынан кімдер тойынбады дейсіз! Мәселен, Зейнетақы қорына қолын сұғып жіберген Руслан Ерденаев тұтылып, 18 миллион теңгені қайтарған болатын. Енді міне, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 4 бірдей басқарма мүшесіне қатысты тағы дау шықты. Бұлар да қордағы қаражатты мәдениетті түрде ұрламай, тонамай, еселі еңбектері үшін 77 миллион теңгеге жуық сый-ақы алыпты. Әрқайсысы 19 миллионнан алғанын Парламент мәжілісінің депуаты Аманжан Жамалов мәлім етті. Қараша қауымның маңдай терімен тапқан, бала-шағасының аузынан жырып, денсаулығы үшін медициналық қорға жырымдап жарна төлейді. Ал, оны үйлестірушілер өздеріне жалақы алғанымен қоймай, миллиондап сыйақы алып жүр. Бұл халықты тонау емей немене. Қазір қалың бұқара бір Құдайдан басқаға сенуден қалды. Қоғамның қай саласын алсаңызда алдау-арбау, көзбояушылық, жемқорлық желіндеп жылдың төрт мезгілінде төлдеп жатыр. Халықтың әлеуетін арттырамыз деп қор құра саламыз. Сол қордан қорлық көріп жүргендер қарапайым халық. «Қызды мен алдым, бірақ, менен бұрын Қырықбай көріпті» дегендей, миллиондап сыйақы алып жүрген ӘМСҚ-ның басқарма мүшесі атқарған қызметі үшін алатын жалақысының қанша екенін айтпай, коммерциялық құпия депті. Халықтың қаржысынан төленген жарнадан алынатын еңбекақы неге коммерциялық құпия болуы керек. Әрқайсысы 19 миллионнан сыйақы алғандарына қарағанда алатын жалақыларының да бәсі жоғары болып тұр ғой. Әйтпесе жалақыны жасыратындай бастарына не күн туыпты. «Тас лақтырсаң, таксист пен тамадаға тиеді» демекші, осы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басынан дау арылмай-ақ қойды. Сонау 1998 жылы Міндетті медициналық сақтандыру қорын басқарған басшы Талапкер Иманбаев қордың қаржысын ұрлап шетелге қашып кеткен. Ұлардай шулап, «Қорға құйған жарнамыз қайда? Ұры тиісті жазасын алсын» деп ел дүрлікті. «Іс бітті, қу кетті». Күні бүгінге дейін ұсталған жоқ. Тек, қазақстандық сот оны 2001 жылы сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырды. Оның мемлекетке келтірген зияны 900 миллионнан асады. Қазір АҚШ-та жайлы өмір сүріп жатқан алаяқтың мұртын балта шаппайды. Саяси баспана алып алған экс шенеунік қазақстандық органдар менің мекен-жайымды біледі деп 2014 жылы жаһанамға жар салған болатын. Өткен жылы «Ковид пен Пандемия» індеті өршіп, ел дәріханалардан дәрі таппай тентіреп кеткенде Медициналық сақтандыру қорынан тағы дау шықты. Онда қор басшысы Айбатыр Жұмағұловтың әйелі желіде күйеуінің «12-і көлік сыйлағаны» туралы айтқаны дауға тұздық болған-ды. Жұбайын жарылқаған Айбатыр мырза артынша қызметінен қуылды. Қысқасы қорға қол салғандар, халықтың көз жасынан да, Құдайдан да қорықпайтын болып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: