Ұстаз бақыты – шыңдаған шәкірті

0
994

«Мейірім»  шығармашылық орталығы  ұстаздарының қайсы бірін алсаңыз да   мақтауға тұрарлық .  Білгенін аянбай үйретіп жүрген  бұл  жандардың еңбегі ерен-ақ.   Сондай  ардақты ұстаздың бірі –  Жәрдемгүл  Кабенқызы.

Ол Монғолиядағы орта мектепті бітірген соң Баян-Өлгий  аймағындағы  педагогикалық колледжінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығын  оқып,  кейін   аймақтық әлеуметтік-инновациялық  жоғарғы  оқу орнын  тәмамдайды.  2006 жылдан бастап Талдықорған қаласы Мойнақ ауылындағы №23 орта мектебінде ұстаздық жолын бастады. Оның  шәкірт тәрбиелеп, қызмет атқарып келе жатқанына 17 жылдың жүзі  болыпты.

Жақсы ұстаз шәкіртіне білім нәрін  ғана сеппейді. Сонымен қатар шығармашыл, талапты болуына да  жан-жақты жол сілтейді. Бүгінде Жәрдемгүл апай  «Мейірім» шығармашылық  орталығында шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі. Өз тәжірибесінде  әр баланың  пікірін тыңдайтын ұстаз оқытуды барынша сапалы өткізу үшін тиімді тәсілдерді қолданатынын айтты.

– Сабақтарымды оқушыларға қызықты әрі жеңіл өткізуге тырысамын. Көбіне әріптестерімнен кіріктірілген сабақтарды өткізу арқылы өзара тәжірибе алмасып отырамын. Оның ішінде дебат, монолог әдісі, пайымдау,  джигсо әдісі, қарқын тәсілі, дұрыс және бұрыс тұжырымдар секілді түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Бұл  әдістер  –  шешендік өнерді үйретуде үлкен рөл атқарады. Менің ойымша, мұғалім оқушыны шығармашылық жұмыстарға үйрете білу керек. Ол арқылы баланың ой-өрісі өсіп,  ойлау қабілеті жақсарады әрі сабақты қабылдау да оңайға соғады. Оқушыларға теориялық тілмен түсіндіргеннен қарағанда, осындай жеңіл әдістермен үйреткен әлдеқайда тиімдірек»  – деген Жәрдемгүл  Кәбенқызы: «Қазіргі таңда  балалардың  ішінде  сөзге шорқақтары өте көп.  Оның үлкен себебі кітап оқуға қызығушылықтың болмауы. Уақыттарының тең жартысын ғаламтор желісіне, өзіне қажетсіз ақпараттарға арнайды. Айналасындағы адамдармен  жеткіліксіз деңгейде тілдесуі, ата-ана тарапынан аз көңіл бөлінуі. Мұның барлығы  үлкен кедергілерді тудыруда» деп шешендік өнерді меңгерудегі   қиындықтар туралы да айтты.

Шешендік өнерді меңгеруге  «Мейірім» шығармашылық орталығы балаларға үлкен мүмкіндік беруде. Бүгінде  аталған мекемеге «Шешендік өнер» үйірмесіне қызығушылық танытқандардың  қарасы көп. Аптасына небәрі екі рет  болса да  үйірмеге оқушылар бар ынта-жігерін салып, сағат санап  асығады. Ол да  жақсы ұстаздың төккен тері. Ата-ана үміті – баласының  өз ана тілінде таза сөйлеп, тілі бұрмаланбай,  сауатты сөз саптауын қолдануын қалайды. Ал, сондай  жоғары деңгейдегі сабақтарды көпке  үлгі болған, білікті де білімді ұстаздар береді. Қазір оқушыларға арналған ауыз әдебиеті үлгілері, оқу-әдебиеттердің қарасы да көбеюде. Қарөлең  жаттап,  аңыз-әпсаналарды тыңдап, түрлі әңгімелер оқу баланың дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді. Сол себептен болар   сабақ барысында балалардың  кейбірі қолына қалам алып,  өлең жазып,  «мен ақын боламын,  мен жазушы,  журналист боламын» деп алдарына  арман-мақсат қояды екен.

Ұстаздық өнер – тағылымы терең өнері.  Ал, өнерлі болу кез келген адамға бұйыра бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек ұштастырылуы  шарт. Біздің кейіпкер Жәрдемгүл Кабенқызының  да тұла бойынан осы қасиеттердің лебі есіп тұрғанын әріптестері мен шәкірттері жоққа шығармайды. Тәжірибелі ұстаз бүгінде мектеп мұғалімдері мен  «Мейірім» орталығын  жаппай  шығармашылық  тұрғыда  шыңдауда.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ