Әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин және Күнес ағартуындағы Алаш идеясы

149

 

Ақын, тарихшы, фольклорист Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ  1944 жылы ҚХР-да туып, 2016 жылы Талдықорғанда қайтыс болды. 3 жыр жинағының және Қытайдағы ел мен жердің тарихы туралы 10 кітаптың авторы. Шығармалары қытай, ағылшын және түркітілдес ұлттардың тіліне аударылған тарихи және өлкетану бағытындағы зерттеу еңбектері бойынша 2010 жылы ҚХР мемлекет дәрежелі сыйлығымен мараптталған. Қазір зайыбы Әуесхан Мажайқызы және балалары қаламгердің «Жылдар ізі», «Дода», «Тарих толқынында», «Күнгестен Күнеске дейін», «Атадан қалған асыл мұра», «Тарландар»,  «Қолжазба» атты кітаптар мен кітап-альбомын дайындап, баспаға ұсынды

Әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин

Қара дауыл қанша ұрғылап, қатыгез қанды шеңгелін қадағанмен халықтың іші алтын бесік. «Елді жерде ер өлмейді» дегендей, халық өзі сүйген ұлдарының маңдайынан күн өткізіп, табанын шөгірге тілдіріп, жат жалаға жем етіп берген емес. Азаматтарын ардақтап, «Ел үшін туған ер» дегізіп, атын аймаққа жайып, ұрпағының ұрпағына жыр етіп таратады. Міне, осындай күндерді кешке халықтың қалаулы ұлдарының бірі әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин еді.

Қалимолла 1890 жылы Қазақстанның Ақмола облысында дүниеге келген. Руы алшын. Қалимолла бір әкеден жалғыз болып, ата-анасы ерте өліп, жастайынан жетім қалады. Жан ашыр жақын туысы болмағандықтан бірнеше аталас ағайынның арасында жас өмірі ауыр азаппен, сергелдең бейнетпен өтеді де, жастайынан шетендей шымыр, қатырған мойылдай қатал, қиындыққа көнімпаз болып өседі. Өзінің ынталы зерделілігімен бұта басын сындыруға жарағаннан бастап-ақ ғылымға, білімге қабағат құштарланып, бір жағынан істеп, бір жағынан тімтініп іздене жүріп Орынбор қаласындағы училищені үздік бітіріп, біраз уақыт мұғалімдік қызмет атқарады. Ол бұған да қанағат тұтпай жұмыс істей жүріп үйренуін жалғастырады. Пәни және діни білімді қатар меңгерген оқымысты адам болып шығады. Оның көзі ашық, көкірегі таза болғандықтан сол тұстағы теңсіз қоғамдық түзімге наразы болып, Николай патшаның дара билігіне, террорлық зорлық-зомбылығына қатты өшігеді әрі қазақты оятуға үндеп, теңсіздікті тереңге батыру үшін күресуге шақырады. Елге ақындығымен де жаршы болады. Ол өзінің күрескер, жалынды жырларының бірінде былай толғайды:

Арғы атам – ер Түрік,
Біз – қазақ еліміз.       
Самал тау, шалқар көл,       
Сарыарқа жеріміз.     
Біз жүрген Алаштың, 
Шын кемеңгеріміз.     
Егессек ел бермес,      
Еңіреген еріміз. 
Бұғауға шырмалған,  
Біз – долы арыстан,    
Қатайсақ қарпымай    
Қоймайтын періміз.    
Ат мінсек желдетіп,    
Ду беріп шабамыз.     
Леп тисе ерленіп,        
От болып жанамыз.    
Ерліктің жалауын,      
Ақырып қолға аламыз,        
Аттандап шапқанда,   
Жауға ойран саламыз.         
Ежелден біз қазақ,      
Оққа өлген етіміз,       
Қаймығып қайтпаған, 
Еш жаудан бетіміз.     
Ұраным – ер қазақ,    
Абылай – ханымыз.   
Бостандық жолында,  
Құрбандық жанымыз.
Тисін оқ, ақсын қан,   
Шықсын жан, қорқу жоқ,    
Азаттық жолында       
Жан қимақ – ниетіміз.
Сөз бе екен біздерге,  
Жауыңның көп-азы.   
Өлсек хақ шейітпіз,    
Өлтірсек – біз қазы.    
Айқасқан жауларды,  
Өлтіріп сау қайтсақ,   
Боламыз халықтың     
Шын ұлы, сабазы.      
Жебесін, қолдасын,     
Ақсақал, бата бер,      
Сапарды оңдасын!     
Жасаған сақтасын,      
Халқымның ордасын!
Уа, халқым, ардақты, 
Құрбандық мал мен бас,     
Аттан күреске,   
Азамат, алға бас!        

Дәл осылай айтылғандай, ол халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, азабына ашынып, азаттығын аңсаған жалынды төңкерісшіл болып өсті. Ақ патшаның иісшіл, шпион жандайшаптары  мен қарғылы төбеттері Қалимолланың ақ ізіне шөп салып, соңына түсті. «Қалимолла қай жерде көрінсе, сол жерде өлтірілсін» деген Ақпатшаның атынан қатал бұйрық шығарып, шекараға дейін хабарландыру іліп шаптады.

Міне, осындай ауыр жағдайда Қалимолла амалсыздан жауын жаңылдыру үшін ошағында қайнап, отында маздаған күрескер достарынан қол үзіп, 1910 жылдары Қалжат шекарасы арқылы Қытайға қашып өтіп, Шапшал ауданындағы темір руына келіп тұрақтайды. Бұл Сатыбалды Нұрбекұлының Қытай-Ресей шекарасын ажыратып, бекітетін комиссия құрамында жүрген кезіне тура келеді. Қалимолла Сатыбалдымен кездесіп, өзінің өмір кешірмелерін жасырмай жайып салады. Сатыбалды оның көп оқыған, білімді адам екенін аңғарып, Демеу ақалақшының ауылынан ат міндіріп, шапан кигізіп, өз ауылы Күнеске бала оқыттыру мақсатында ертіп келеді. Ол кезде Қалимолла үйленбеген, не бәрі жиырма неше жастағы мәдениетті жас жігіт еді. Ол Сатыбалды ауылына келгеннен кейін дереу іске кірісіп, ең алдымен мектеп ұйымдастыруды, оқу-оқыту жоспарын жасауды қолға алады. Тағы бір жағынан оқу жасындағы ұл-қыздардың бәрінің де оқуға түсуі, білім алып, ғылым игеруі, сөйтіп көзі ашық аңғарлы адам болуы жайлы насихат жұмысын жүргізеді. Осы арқылы сол ауылдағы оқуға тиісті ұл-қыздарды түгелімен тізімдеп шығады. Алайда, ол кезде Күнес өңірінде қыздар мектеп табалдырығын аттап, білім алуға жол берілмейтіндіктен, Қалимолланың бұл ісі естіген елге бір түрлі оғаштау көрінеді.

­ ­­– Сатыбалды шекарадан бір молла тауып келген екен, ол қыз-қатындарды да оқытамын деп жатыпты, бір шолақ етек жадігөй сияқты, ­ – деп өсек таратып, күлкіге айналдырады.

Ынталы, көкірегі ояу, жас оқытушы бұл өсекпен шатыма, шақпа тілдерге, сайқымазақтарға төтет беріп, жасып-жабығудың орнына бұрынғыдан да қайраттанып, жігерлене түседі. Ғылым мен білімге, жаңалыққа жаны құштар Сатыбалды Қалимолланың бұл әрекетін барынша қолдап, қуаттайды. Мектеп үшін арнайы үй тіктіріп, ауылдағы оқуға тиісті ұл-қаздарды жинап, оқуға ұйымдастырады.

Қалимолла өзі құрастырған оқу-оқытуға қатысты материалдар мен дайындаған оқулығы арқылы жүйелі түрде білім беру ісін бастап кетеді. «Жұмыстың нәтижелі болуы басталуынан, халықтың жақсы болуы басқаруынан» дегендей, бұл істің сәтті басталып, жақсы басқарылып, аяқ алысының түзу екендігін көрген алғабасар адамдар оқу жасына келген ұл-қыздарын Қалимоллаға оқуға береді. Қақаң өзі мектеп директоры (мүдір), өзі сабақ мұғалімі болып, құлшына қызмет істейді. Нәтижесінде іргетасы жаңадан қаланған мектептің оқу-оқыту істері реттеп, сапа жағынан көзге түсе бастағандықтан Күнестің (жер аты) бас-аяғынан, тіпті көршілес аудандағы құдандалы адамдар да балаларын Қалимолланың мектебіне оқытады. Солардың ішінде қытай қазақтарына танымал Нүсіпқан Көнбайұлы, Әбеу Құдышұлы сияқты зиялылар осы мектептің алғашқы түлектері саналады. Сонымен қатар Күредегі ШуеТаңға (Қытайдағы алғаш ашылған пед училище) шәкірттері Нүсіпхан Конбайұлы, Әбеу Құдышұлы, Нүрсейіт Жиенәлі, Әбдір Керімбек, Нұрахмет Сатыбалды, Әбдурасыл Жайпақ, Жәлелхан Байенбек, Әзірбек Қанатбек қатарлы оқушыларды жіберіп, қоғам қайраткері болып танылуына жол ашады. КейбіреуІ үлкен қызметтердің тізгінін ұстады. Олардың білімді де білікті азамат болып шығуына, халқына адал қызмет етуіне көп септігі тиген. Сол ісі арқылы: «Қандай оқытушы болса, сондай оқушы болады» дегенді ісімен дәлелдеген.

Қалимолланың сол кездегі таным, түсінікті бұзып, Сатыбалды ауылының ұл-қыздарын жаңаша бағытта оқытуы нәтижесінде ол  ауылы «Молла ауыл» деп аталады. Ауылдың ер балаларымен қатар Күлсім, Зұбайда, Зұхрия, Әйім, Әсия сияқты қыздары да мол білімді болып, елдің мақтанышына айналады.

Сатыбалды Қалимолланың ақкөңіл, адамгершілікті, ашық-жарқын мінезді, талантты екендігін бағалап, оның осы өңірде, тіпті, өз ауылында тұрақтап қалуын ойлайды. Сонымен Қалимоллаға осы ойын айтады. Сатыбалдының ішкі ойын құп көрген Қалимолла да:

– Егер мені мәңгі тұрақтап қал десең өзіңе іні, әкеңе бала болайын. Кенже қарындасың Әуежанды некелеп қос, – деп ұсыныс білдіреді.

Сатыбалдының кенже қарындасы Әуежан зерек, он саусағынан өнер тамған ісмер, қолынан келмейтіні жоқ шеберлігімен ел көзіне түсіп отырғанымен 7 жасында қаражел ауруымен ауырып, тіл-құлағы кемтар болып қалған еді. Бұл жағдайды Қалимоллаға айтып, кеңес салады. Қалимолла екіленбестен оның зерделілігін ойлап, отбасын құрып кете алатындығына сенім білдіреді. Сатыбалды Қалимоллаға асықты жілік ұстатып, басына үй тігіп, бауЫрына қазан асып, қарындасын қалыңсыз қосып, Қалимолланы Нұрбектің бір отбасы етіп орналастырады.

Қалимолла Әуежанға саңырау, сақаулар әліппесін құрастырып, оқытып, сауатын ашады. Ол кісінің 70 жастан асып, бақиға кеткенше молланың оқытқаны деп Құран оқып, хат жазып, ойын толық жеткізіп отыратынын көрген ақсақалдардан жиі естігенмін.

Сатыбалды да Қалимолланы әрі іні, әрі дос, әрі ұстаз ретінде бағалап, ақыл-кеңес алып тұрған. Оның ықпалында сол тұстағы Қазақстанда шығатын газет-журналдарға жазылып, саясат пен ғылымнан хабар алып отырған. Соның ішінде «айқап» журналының біраз сандары Сатыбалдының ұрпақтарының қолында кейінге дейін сақталған.

Қалимолла тұрмысы орныққанан кейін оқу-оқытудың жаңа бетін ашып, бұрынғы көшпелі киіз үйлі мектепті тұрақты, кемелді оқу орнына айналдыруды қолға алады. Ол 1919 жылы Алмалыдағы (жер аты) Жіңішке сай аузынан ағаштан 6 бөлмелі мектеп салдыру мен топырақтан айналдыра қорған соқтырады. Кірпіштен бес бөлмелі үй салдырады. Қоршалған аулаға беде егіп, сол өңірдегі жұрт біле қоймаған көкөністердің тұқымын тауып әкеліп, өсіріп, елді отырақтанып тіршілік етуге бастайды. Ағаш егіп, бау-бақша өсіріп, қарапайым монша салып, қыр қазағын таңғалдырады. Қалимолла отырықтасудың пайдасын осылай көрсетумен қатар оның пайдалы жақтарын жалынды жырларымен де өрнектейді. Ол «Қазағыма» деген өлеңінде:

Күнес, Текес, Қастағы,         
Көшпелі қазақ баласы,        
Ақылдың көзін жіберіп,      
Ақуалыңа қарашы.     
Қатардан қалып қор болмақ,       
Бірлік жоқ елдің баласы.     
Көп еді қазақ жерінің 
Өзен, су, адыр, даласы,       
Орнамадық қала сап, 
Жоқта ешкімнің таласы.      
Бұл жерден қазақ айырылса,        
Содан соң қайда барады?   
Жоқ болып кетер қаңғырып,        
Кейінгі бала-шағасы.

Ойланар мезгіл болды ғой,

Бар болса жұрттың санасы.

Білерсіңдер қандай деп,

Менің айтқан мұңымды.

Ұғындырып көрейін,

Ойлаған ішкі сырымды.

Әуелі мықтап ұста ғыл,

Өзіңнің тұтқан дініңді.

Басқадан мықты боласың,

Көп оқысаң ғылымды.

Медресе, мектеп салдырып,

Жақсартқын тірлік күніңді.

Заманаға үйлесіп,

Үйренгін өнер, білімді.

Біздерден басқа халықтың,

Есепке бәрі ілінді.

Біздер де тұрмай ізделік,

Табуға өнер, білімді.

Ақылыңды салып, қазағым,

Жасырмай айтшы шыныңды.

Ноғай, орыс жарылма,

Қалада өсіп, туылды.

Көшпенді қазақ, көрсетші,

Миллионға жеткен пулыңды (ақша).

Қалимолла мұғалім мұндай өлеңдердің өрнегін тоқып, талайын толғап оқушыларына жаттатып, мектепте жиын-топтарда мәнерлеп оқытып, орындатып, жұртты ынтықтырып отырған.

Қалимолланың мектебінде бірнеше сынып болып, жүзден астам оқушы оқыған. Оларды сынып, сыныпқа бөліп, барлығын күн-түн демей өзі дайындалып, тапсырма беріп, оны тексеріп отырған. Жақсы жаза алатын, оқуға ынталыларын таңдап алып, білімін сатылап көтеруге күш салған. Аталған мектепте оқығандар тек сауат ашып қалмастан, сол тұстағы жоғары оқу орындарына түсіп, қоғамдық-әлеуметтік қызметтерге белсене араласқан. Сол қатарда Нүсіпқан Көнбаев, Әбеу Құдыш, Сарқытбек Сәдуақас, Медеу Құдыш, Оспанқан Базарбек, Қалибек Саурық, Есімқан Жетпісбай сияқтыларды айрықша атауға болады. Бүгінге Күнес ауданындағы Алмалы мектебінің арғы тегі, түп төркіні 1910 жылы Қалимолда Бекторлин құрған мектептен бастау алған.

Қалимолла тек өзі ғана Алмалы мектебін құрып, бала оқытып қалмастан, Қазақстанда тұрған кезінде бірге оқыған татар досы Әслам, Салаһи дейтін оқыған, білімді азаматтарды Күнестің әр жерінен ашыла бастаған мектептерге мұғалімдікке таныстырып, болашағына жол нұсқап отырған. Айталық, Әсламды Қуан зәңгіге таныстырып, дербіс руының сады, баян аталарында ашылған мектепке оқытушы етіп орналастырады. Мыңбай молла, Тұрысбай Әлімахын, Шиырбай сынды білімді адамдар осы мектептен тағлым алып, оқып шыққандардың бір бөлімі ғана. Ал Сәлаһиды Естемес ақалақшыға таныстырып, Естемес мектебіне мұғалім етіп жібереді. Аралтөбе, нарттағы (жер аттары) Солтангелді руынан шыққан Қанатбек, Уан, Сырайылбек, Өмірбек, Омарақын сияқты көзқарақты білімді адамдар осы мектептен оқып шыққан. Демек, Қалимолла Күнес өңіріне ағартудың шамын жаққан алқаулы адам.

Өмір тәжірибесі мол, көз аясы кең ағартушы Қалимолла өзі жасаған ортадағы қоғамдық теңсіздікті, ондағы атқамінер, парақор, жуан-жұдырықтардың зорлық-зомбылығын барынша сынап, жұртты әділеттілікке шақырып, жоқ-жітік қауымға жақтас болады. Соған орай көптеген өлеңдер шығарып, оны оқушыларына жаттатып, ел арасына таратып, көпті жаңалыққа жетелеп отырады.

Мәнсап десе, малын төккен,

Жұмысы жоқ жарлымен.

Пара десе арын төккен,

Жемеңқордың қарны кең.

Зәңгі, болыс деме қазір,

Ұрлық қылар әз бір шеттен,

Күнде, елубасы (мансап аты) құр қалама.

Шығын салып, алыс көптен,

Әділет болса қор болмас ед.

Тәкаппарсыз болып кең,

Босана алмай кедейлер жүр.

Мойнына асып күрек, кетпен,

Жаны ашымай халқына оның.

Дәнеме жоқ әділеттен,

Қайтып қазақ оңалады.

Жүре берсе осы бетпен,

Түзетер деп үміт етем,

Шағым айтып үкіметтен, – деп жазады.

         Қалимолла 1930 жылдары Қазақстанға барып, бұрынғы достарының (Алаштықтар) көмегімен тағы да 2,3 жыл қайталай білім толықтырады. Сол арқылы жаңаша оқу бағдарламасын, әдісін, жолын игереді. Көптеген тәжірибе жинақтап, төрт қоржын оқулық кітабын арқалап, Қалжат шекарасынан Қытайға өтіп бара жатқан жолында бадырақтардың (тонаушылардың) шабуылына ұшырап, кітап, ат-тонынан айырылады. Ол өте намысқой адам болғандықтан жол бойындағы ауылдардан жағдайын жасырып, үш жүз шақырым алыстағы Күнеске жаяу тартады. Арып-ашқан жаяу жүргінші бір күні абайсызда ағыны қатты өзенге жолығып, терең құйға бірақ құлайды. Жанталасып жүріп, өзеннен шыққанымен қатты шошынғанның салдарынан жүрегіне зақым келеді. Ауылға аман-есен келгенімен бір ай төсек тартып жатып, жасы да, білімі де кемелденген шағында: «Ең болмаса, 3 жыл тірі болғанда қызайға, болмағанда Бегімбетке, жоқ дегенде Соқыртәнікке білім нәрін сеуіп кетер едім», – деп армандап жатып қайтыс болады.

Материал берген: Имаммұхамет НҰРБЕКОВ

 

Күнестегі білім көкжиегі  

Қызайлар Іле өңіріне қайта оралғанда сауатты адамдары тым аз болды. Өйткені жаугершілік, үркін-қорқын өмір, қашқындық сапар олардың отырақтасып, мектеп ашып, пәни ғылыммен айналысуына мүмкіндік бермеді. 1900 жылдан кейін ғана ел арасындағы білімді адамдар, ауқатты байлар тарапынан діни мектептер ашылып, ауыл арасында киіз үйлер тігіліп, бес-он баланың басын құрап, араб әліппесін танытып, сүре жаттатып, діндік сауатын аша бастады. Айталық, 1890 жылдары Сасан болыс Ажыбай атты ұйғыр молданы көшіріп әкеліп, Талдыдан мешіт салып, бала оқытқан. Сонымен қатар Саксан болыс Қашқардан келген Нәжімиден қари мен Уәйіс мазарынан Әбейдолла  Мақсұт деген адамды алдырып, өз ауылында бала оқытқан. Жайырбек, Еркінбек, Оспанияр, Мақсұт,  Сағат, Болысбек қатарлы адамдар осы оқу орнында оқып, сауат ашады. Осы тұста Күнестегі басқа рудың белді адамдары да діни оқу орнын аша бастайды. Айталық, Аққолтық, Шақпы іші, Аралтөбе, Нарат, Тасқорған, Бестамақ, Сорбұлақ, Қарабұра, тағы басқа жерлерде діни сауат ашу орны ашылады. Деректерге қарағанда, Бегімбет елінен Нұрбек, Оразәлі, дербістен Төле, Күшік, Әбіш молда, Қуаныш би, Тәңірбердіден Қыдыр молда, Кешубай, Шылбы Әлімахын, Ырғынбай қалпе, Жандарал қазы, Жансарбай емші, Ыбырайым мүпти қатарлы хат, сауаты бар адамдар діни оқуды жалғастырды. Алайда, Ташкент, Бұқара, Қашқардан келген молда-қазылар діни оқуды басты орынға қойып, пәндік оқуға жол бермей келді.

1916 жылғы Қазақстан, Қырғызстанда орын алған ұлт-азаттық көтерілісінен кейін Қытайға ауып келген қазақ, қырғыз, татар зиялылары Күнестегі алғабасар адамдардың қолдауымен көріністе діни, шын мәнінде пәни оқуды енгізіп, балалардың сауатын ашуға кірісті. Мысалы, Сатыбалды Нұрбекұлы Моллағали Бектұрлин деген оқымыстыны ұсыныс етіп, Күнестің Алмалы ауылынан 1926 жылы мектеп ашып, бала оқытады. Сол мектептен Нүсіпхан Конбайұлы, Әбеу Құдышұлы, Қожахмет Сатыбалдыұлы, Дәуітбек қатарлы ел арыстары өсіп шықты. Әбділмәжит деген татар оқымысты Әбіш молланың ұсынысымен Шақпыда сады руының ішінде бірнеше жыл бала оқытады. Тұрысбай Шыбанұлы, Қыдырбек, Әлғазы Әбішұлы, Қанағат, Мүсайып, Әсейін, Қанафия қатарлы адамдар осы Әбділмәжиттен оқып, сауаттанады. Осылардың ішіндегі Тұрысбай, Әлғазы, Мүсайып, Қанафиялар 1930 жылдары Күнестің басы мен аяғында ел аралап, бала оқытып, білім таратқан. Ал Әслам деген татар оқымысты Бестөбеде Қуан зәңгінің ұсынысы бойынша 1917 жылы ашылған Күркілдек мектебінде 1920 – 1928 жылдар аралығында оқытушылықпен айналысқан. 1929 – 1938 жылдар аралығында Тұрысбай Әлімахын, Райым Әбілғазыұлы, Әбдуәли Қуанұлы осы мектепте бала оқытқан. 1919 жылы Патыхан күнде Тәуке Әжібек дегенді ұсыныс етіп, Шапқыдағы Боранқұлда Бөгенбай руының балаларын оқытады. 1918 жылдардан бастап Аралтөбенің Жалшиінде Ноғайбек Естемесұлы Құлжадан Әбдолла, Рабиға атты ерлі-зайыпты татар оқымыстыларын көшіріп әкеліп, Солтангелді руының балаларын оқытады. Ол 1920 жылдары Моллағали, Салағи атты татар оқымыстыларын ұсыныс етіп, жалғасты бала оқытады. 1927 жылдары Қанабай бір ауызды үйінде Әбділпайыз, Әбдісалам, Нұрсақан қатарлы оқытушыларды шақырып, бала оқытады. 1929 жылы үш бөлмелі үй салып, Қанабай мектебін ашады. Онда Сымайыл (қырғыз), Егеубектер оқытушы болған (Мен осы Егеубек ұстаздан тәлім алған едім). Осындай мектептер Күнестің теріскей жағындағы Жаутоғай, Қарасай, Таясу, Қайыңды қатарлы жерлерде де жалғасады. Ал Күнестің күнгей жағындағы  Қарабұра өңірінде Қызылтал, Саға қатарлы оқу орындары ашылып, Тоғжан, Тұрысбай, Омар қатарлылар бала оқытумен айналысты. Осы тұста ер балалармен қатар қыз балаларды да оқыту қолға алына бастап еді.

1933 жылы 12 сәуірде Үрімжі қаласында саяси өзгеріс туылып, Жыңшурын өкіметі құлап, Кеңес одағының сүйемелдеуімен Шыңшысай билікке келеді. Ол өкімет билігін алғаннан кейін Кеңес одағымен келіскен келісімдері бойынша Шығыс Түркістандағы ұлттардың мәдениет, өнер, әдебиетін өркендету бағытында жақсы бастамаларды қолға алды. Осының ықпалында 1934 жылы Үрімжіде Шыңжаң өлкелік өкіметінің бірінші құрылтайы шақырылды. Сол құрылтайда жер-жерден жаңаша оқу орындарын құру туралы бастама көтеріліп, ізінше Құлжа қаласынан қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымын құру ісін қолға алу ұйғарылды. Нәтижесінде  1935 жылы Құлжа қаласында «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы» құрылды. Сайлау арқылы ұйымның төрағасы Мақсұт Сасанов, орынбасарлары Жабықбай ақалақшы, Кенжебек ақалақшы, Айтмамбет мампаң (қырғыз), бас хатшы Сейітжан Жайнақов, көмекші хатшы Асқар Таласбаев, ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәулеткелді Құсболатұлы, оқу-ағарту бөлімінің бастығы Дәулеткелді Жайпақұлы, қазына бөлімнің бастығы Иса төре, ойын-сауық, мәдениет істерінің бастығы Таңжарық Жолдыұлы мен Шаяхметтер болды.

1934 жылы күзде Мақсұт ақалақшы Күнестің «Қос төбе» деген жерінде мампаң, зәңгілермен жиналыс ашып, жаңаша білім беруді нәсихаттап, Күнестен 27 орыннан мектеп салуды ұсынады. Алдымен Шақпы, Зекті, Талды, Қарабұра, Телқара қатарлы 7 орыннан киіз үйде болса да бала оқытуды бастауды ұйғарады. 1935 жылы Талдыдан халық күшімен 14 сыныпты мектеп салуды белгілеп, 4 болыс елден қара Керімбек, Қасымбек, Сүлеймен, Жұратбек қатарлылар бас болған комиссия ұйымдастырып, бастықтыққа Жәйірбекті белгілейді. Халықтан қаржы жинап, бір жылдың ішінде мектепті салып бітіруді тапсырады. Жиылған мал-мүлікті тізімдеуге Сыдық, есепті Арын Әбітіұлы алып отырады. Құрылысты Сейітақын, Мұсырақындарға (дұңген) жүктейді. Мектеп құрылысы қабырғасы топырақ кірпіштен қаланып, асты-үсті тақтайланып, ортасында залы бар 14 бөлмелі болып салынады. 1935 жылы Жәйірбектің жауапты болуында Күнестегі 32 зәңгі ел атынан 33 хат-сауатты жастар таңдалып, Құлжа ауданының Шірге жайлауының Тұрасу деген жерінде ашылған оқытушыларды жетілдіру курсына жіберіледі.

Бұл курсқа Күнестен  Қыдырбек Танысбайұлы, Салиман Тынәліқызы, Әбдірасыл Түндебайұлы, Тұрысбай Шопанұлы, Әлғазы Әбәшұлы, Ырымбек Сарқұлжаұлы, Нұрғали Ыбырайұлы, Санат Отаев, Құсайын Ержанұлы, Құрман Кемелбайұлы, Қанатбек Тастамбекұлы, Нұрахмет Қасымбекұлы, Нұрғазы Әтжанұлы, Шабденбек Демеуұлы, Бекқұрман Өрсарыұлы, Аятқан Мұқамияұлы, Әли Арашапұлы, Ермек Есжанұлы, Мұқан Іргебайұлы, Дәуітбек, Нұрәбдін, Мұратбек, Әкімбек, Шәйді Мұқамияұлы, Нұрәділ Мұқабекұлы, Мағда Манақбайұлы, Айнабек Қабылбекұлы, Мұратбай Қайырбекұлы, Кәдірбек Тынышбайұлы, Әбілқасым, Бәкір Ырымбайұлы, Тоқтасын Иманұлы, Нұрдан Тұрысбайұлы қатарлылар үш айға жуық тәрбиеленіп, оқытушылық сынды қиын да абыройлы міндетті арқалап, ауылға қайтады.

1935 жылдың күзінде Талдыдан ашылған мектеп 380 оқушы, 16 оқытушымен оқыту жұмысын бастады. 1936 жылы Нараттың Қаратерек деген жерінде Шығыс аудандардың оқытушыларын тәрбиелеуге бағытталған үш айлық курс ашылады. Оған Тұрасуға барған оқытушылармен қатар Талды Туран мектебін бітірген 9 адам, Тасқорған мектебін бітірген 16 адам қатысады. Курс біткен соң олардың бәрі мектептерге оқытушы етіп жіберіледі. Олардың жылдық еңбекақысы 40-60 ісек қой болатын Бұл ақы төлеу жүйесі 1945 жылға дейін жалғасады. 1935-1940 жылдары Күнесте мектептер арт-артынан ашылды. Сатыбалды, Дуанбек, Еркінбек, Досымбек, Қуан, Тұрысбай, Ноғайбек, Естемес, Қанабай, Тұрған, Рабат, Қасымбек, Шойынбай, тағы басқалар бұл іске жұмыла кірісті. Күнес ауданы өз алдына аудан болып құрылып, Бестөбе аудан орталығы болғаннан кейін  бұрынғы «Бестөбе» мектебі орталау мектепке айналып, Күнес ауданының бас-аяғынан оқушы қабылдап, жаңаша оқу жүйесі қалыптасқан, жатақты мектепке айналады. Оқу бағдарламасы Қазақстанда шығатын оқулықтар бойынша түзіледі. Қазақ орталау мектебінен өзге, ұйғыр, қазақ, орыс бастауыш мектептері құрылып, қалашықтың жан саны артып, жаңа құрылыстар түсіп, ауласын өрік, алма сияқты түрлі жемістермен толтырып, қалашықтың бұрынғы-бет-бейнесін өзгерте түседі.

1944 жылғы санаққа қарағанда, Күнесте 25 мектеп болған. Оның ішіндегі «Талды туран», «Бестөбе», «Жалши» мектептері өкімет қарамағында болыпты. 3800-ден аса оқушыға 80-нен аса оқытушы білім беріпті.

«Қазақ-қырғыз ағарту ұйымы» құрылғаннан кейін қыруар игілікті іс атқарылды. 1935 жылы Құлжа қаласында тұңғыш рет қазақ тілінде «Төңкеріс таңы» атты газет шықты. Оны Таңжарық Жолдыұлы басқарды. 1935 жылы Мақсұт Сасанұлының басшылығында аудандарда мектеп салып, мәдени іс-шараларды жандандыру туралы бұйрық шығарылды. Осы ұйымның басы-қасында Күнестен шыққан Мақсұт Сасанұлы, Таңжарық Жолдыұлдары туған жерлері үшін де ерен еңбек етті. Сол тұста аталған ұйымның кәсіптен сыртқы театр ұйымдастырылып, Іле театры 1935 жылы «Шұға» пьесасымен шымылдығын ашты. 1940 жылға дейін бұл театрда «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Неке қияр», «Қалыңмал», тағы да басқа шығармалар сахналанды. 1941 жылы ұйымның ұйымдастыруымен Тоғызтарау ауданында көркемөнершілер байқауы өтіп, байқауда даулескер күйші Әшім Дөңшеұлы мен Асанәлілер (қырғыз) ерекше көзге түсті. Осыдан кейін ұйымның жанынан арнайы домбырашылар кружогі құрылып, талантты күйшелерді тәрбиелеу ісімен айналысты. Құлжада құрылған театр, домбырашылар кружогі Күнестегі талай талантты ұлдың бағын ашты. Өкінішке орай, 1966 жылы ҚХР орын алған мәдени төңкеріс кезінде олардың көбі саяси сенімсіз адам деп танылып, шығармашылықпен емін-еркін ай     налысуға мүмкіндік бермесе де, 1970 жылдардың соңында қолына қалам алып, өз дәуірінің даңқты шежіресін жазып кетті. Сол қатарда Дәулетқан Шылбыұлы, Аяпберген Жансарбайұлы, Дәулетқан Қораласұлы, Тілеуқабыл Әбілғазыұлы, Қанәдірл Тұрысбеков, Андас Омарақынұлы, Уәлибек Ахметұлы, тағы басқаларын атауға болады.

1944 жылы Нылқы ауданында басталған төңкеріс салдарынан мектептер оқуын тоқтатып, көптеген жас оқытушы партизандар қатарына өтіп, тағы бір бөлімі басқа салаға ауысып кетеді. 1945 жылы Үш аймақ төңкерістік өкіметі құрылып, Күнес ауданы қалпына келіп, Жәйірбек аудан әкімі, Қиясбек Берікбай оқу-ағарту бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Осыдан бастап қайтадан оқытушылар қосынын толықтыру жұмысы қолға алынады. 1946 жылы жазда Тоғызтарау ауданының Мұқыр-Жырғалаң жайлауында оқытушылар курсы ашылып, Әсейін Жақсылықұлы басқарып, Сұлтан Өскенбайұлы, Бұқара Тышқанбайұлы, Сара Таңжарыққызы, Әділжан қатарлылар сабақ береді. 1945 жылы күзде Күнесте 17 мектеп қайта ашылып, оқыту жұмысы қалпына түседі. Бірақ кей жылдары  мектептің саны артса, кей жылдары кеміп отырған. Осы тұста орталау мектептерді құру ісі күн тәртібіне шығады. Осыған орай, 1948 жылы Бестөбе мектебі Бестөбе №1 орта мектебі болып құрылып, Батталғазы Ерленов мектеп меңгерушісі, Әбдіқасым Изатов, Пәзілбек Болысбекұлы, Имаш Асқарұлы сияқты оқытушылар жұмыс істейді.

 

Күнес ағартуына қатыс жәдігерлер:

Сатыбалды мектебінің оқу куәлігі (1912ж.) Түрген мектебінің мыс қоңырауы

(1930).

Қуан мектебінің жағрафия оқулығы(1920ж) Талды Туран мектебінің шкабы (1935ж).

Оқытушылардың жұмыс ауыстыру құжаты (1940 ж.)

Сурет Андас Омарақынның «Күнес тарихи материалдары» атты кітабынан алынды

Күнес оқу-ағарту тарихына көз жібергенде, қазақ ұлтымен қатар өзге аз санды ұлттардың да оқу-ағартуына жақсы жағдай қарастырылған. Айталық, 1936 жылы Аралтөбеде Шабала меңгерушілік еткен орыс мектебі ашылып, 1957 жылға дейін оқыту жұмысын жалғастырды. 1950 жылы Шақпы өзенін жағалай қоныстанған сібелер ұйымдасып, сібе мектебін ашты. Бұл мектеп қытай тілі мен сібе тілін қосып оқытты. 1934 жылдан бастап Қарабұрада хуизу (дүңган) мектебі ашылған. Алғашқы оқытушысы Ақын деген адам болыпты. 1939 жылы Аралтөбедегі орыс мектебінің жанынан бір сынып ашылып, ұйғыр, өзбек балаларын қабылдайды. 1945 жылы Әбдұлжан (өзбек) бастаған саудагерлер қаржы жиып, Аралтөбеден жаңа мектеп салады. 1947 жылы 8-айда Үш аймақ төңкерістік өкіметінің басшылары Ахметжан Қасми, Сқақбек генерал, Дәлелхан генерал Аралтөбеге келгенде осы мектепте халықпен кездеседі. Сонымен қатар, 1946-1948 жылдар арасында Аралтөбеден моңғұл жатақты мектебі де ашылады. Ол 1948 жылы Байынбұлаққа көшіріледі. Жалпы, Күнес ауданында 1935 – 1950 жылдар аралығында 34 мектеп ашылып, жастарға пәни білім берумен айналысқан.

Күнес ағартуына қатыс жәдігерлер:

реті Мектеп аты Орны Ру не адам аты Құрылған жылы Тұңғыш меңгерушісі
1 Туран мектебі Талды Әр рудан 1935 Әлғазы
2 Арал мектебі Телғара Тоқал 1936 Батталғазы
3 Бестөбе мектебі Бестөбе Әр рудан 1939 Шаймардан
4 Жалши мектебі Кеңсу Солтангелді руы 1936 Айтмұқамет
5 Моңғол мектебі Аралтөбе Моңғол 1946 Серін
6 Орыс мектебі Аралтөбе Орыс 1936 Шабала (орыс)
7 Үшкептер мектебі Аралтөбе Солтаргелді Қанабай мектебі 1935 Нұрсалқан
8 Шақпы бірлік мектебі Шақпы Сады, Бөгенбай 1935 Тұрысбай
9 Жәукесай мектебі Бестөбе Тастемір 1936 Мұратбек
10 Күркілдек мектебі Бестөбе Баян Қуан 1936 Әбдуәли
11 Өріктіарал мектебі Алмалы арал Бескөрік 1938 Ырымбек Сарқұлжа
12 Телғара мектебі Алмалы Дуанбек Аққозы 1939 Оразхан
13 Алмалы мектебі Алмалы Соқыр-Тәнік 1936 Дәуітбек
14 Аққолтық үміт мектебі Аралтөбе Мәлік-Шолақ-Көлбай 1936 Нұрсалбек
15 Ұйғыр мектебі Аралтөбе Ұйғыр 1939 Салахи Сағди (татар)
16 Таясу мектебі Нарат Дәуіш 1938 Ермек
17 Саршоқы мектебі Нарат Соқыр-Тәнік 1937 Пәйіз
18 Қараой мектебі Нарат Тұрдығұл 1947 Ермек
19 Тасқорған мектебі Түрген, Зекті Әр рудан 1936 Бәкір
20 Түрген ынтымақ мектебі Түрген Маман, Қазымбет 1938 Әбдырақпан
21 Темірлік мектебі Темірлік Жәменке, Досқана 1939 Қазықан
22 Зекті бірлік мектебі Зекті Әр рудан 1935 Мұстафа
23 Қызылтал мектебі Қарабұра Жарас 1936 Айдархан
24 Шойынбай мектебі Қарабұра Шойынбай, Жарас 1935 Мұрдан
25 Саға мектебі Қарабұра, Саға Жарас, Қасымбек 1939 Нұрахмет
26 Ақбұрқан мектебі Қарабұра Жарас, Рабат 1939 Айдархан
27 Шақпы жаға мектебі Талды Шүңгіл 1935 Райыс
28

 

Шегірбұлақ, Сорбұлақ

Мектебі

Талды Әбікен 1935 Санат
29 Сібе мектебі Бестөбе Сібе 1950 Гужиңтиян (сібе)
30 Мыс мектебі Талды Үшата 1937 Ешмұхамет
31

 

Қаратөбе (Сарқамыс)

Мектебі

Талды Дөртуыл 1938 Әсен Жүніс
32 Дүңген мектебі Қарабұра Дүңген 1943 Рахымқазы (дүңген)
33 Бестөбе бастауыш мектебі Бестөбе Әр рудан 948 Молдан
34 Бестөбе №1 орта мектебі Бестөбе Әр рудан 1948 Батталғазы

 

  Өткен ғасырдың басында әлем тарихында үлкен-үлкен өзгерістер жиі орын алды. Әсіресе, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің салдарынан Қазақстандағы ата мекенінен ауа көшкен қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, орыс ұлттарының өкілдері ілгерінді-кейінді Күнеске келіп, ондағы қызай руларымен қанаттаса орналасып, тіршілігін түзеді. Осы көшпен келген оқымыстылар мектеп ашып, бала оқытып, білім, мәдениет таратса, қолынан іс келетін, кәсіпке қыры бар азаматтар егін егіп, түрлі кәсіппен айналысудың жөн-жосығын көрсетті.

 Мұдан ары қарай Күнес өңіріне қатысты тарихи істер тізбектеле береді. Алайда, Күнестің білім беру саласының қалыптасыуы және оның өркендеп-өсуінің басында Қалимолла Бекторлиннің тұрғаны анық. Соған қатысты тарихи сабақтастықты осылай түйіндегіміз келді. Қысқасы, Күнес жұрты Қалимода арқылы Алаш идеясымен сусындап, оны ұрпақ тәрбиесіне өнеге етті. Тағы бір айта ктерлігі, Күнестегі білім шаңырақтары 1959 жылға дейін Қазақстанда шыққан оқулықтарды қолданды. Осы жақтан өткен оқытушылар сабақ берді. Демек, шекара бөлек болғанымен рухани әлемі тамырласып жатты. Ол із әлі де өшкен жоқ. Жалғасып келеді.

Реттеп ұсынған Қажет АНДАС

 

Бөлісу: