Әр туындыма сүйіспеншілікпен қараймын немесе Айманның әдемі әлемі

710

Баяғыда бір бойжеткен қыз елінен ұзатылғаннан кейін, өз жұртына кешірім ретінде құс пен жаңа бүршік атып келетін гүл бейнеленген кестелі орамал беріп жібереді. Мұны көрген қыздың ата-анасы: «Шүкір, тәуба, қызымыз әуедегі құстай емін-еркін жайраңдап өмір сүріп жатыр екен», – деп қуанады. Арада бірер жыл өткен соң ата-анасы қыздарынан тағы бір бет орамал алады. Бұл жолы орамал алдыңғыдай емес, шеті бүрмеленіп, ортасында тұрған ер адам мен жүресінен отырған әйелдің бейнесі кестеленіпті. Мұны көрген ата-анасы: «Е-е, қызымыз бұрынғы сауық сайраннан, бас бостандығынан айырылып, торға түскен торғайдай болыпты, бейшараның күйеуі қатал адам көрінеді. Өзінен төмен ұстайды екен» деп жорамалдапты. Мұны неге айтты демеңіз. Шынында әр кестенің өзінде алуан түрлі мағына барын осыдан-ақ ұғынуға болады. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкер де дәл осылай оюмен ойын жеткізе білген жандардың бірі. Яғни, он саусағынан өнер тамған қолөнердің шебері десек болады.

ИНЕ МЕН ЖІПТІ жанына серік еткен Айманның қолынан шыққан әр бұйым еріксіз көздің жауын алып, таңдай қақтырады.
«Қолыма ине-жіп алғанымда санам сергіп, бойым ерекше бір жеңілдеп қалады. Әрі іс тігу арқылы әйел сабырлы, үнемшіл, төзімді болуға үйренеді. Әр құрақ түрлі-түсті матадан құралатындықтан, адамның қиялы, ойының ұшқырлығы артып, әсемдікке, әдемілікке құштар бола бастайсың. Үнемі осымен айналысқандықтан әр бояудың өзіндік сырын да ұғынасың», – дейді қолөнер шебері Айман ЖОЛТАЙ.
Шебер жанның керемет құрақ көрпелерін көргенде қолөнермен айналысу биік талғампаздық пен талантты талап ететін дегдар өнер екенін де еске салады.
«Ойшыл Абай атамыз отыз үшінші қара сөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген ғой. Ғұлама айтып кеткен бұл сөзді «дәу мамам» (нағашы апасын солай атайды-автор) құлаққа сіңіріп қана қоймай, өнерлі адамның өрге озатынын алға тартып, бізді де ине, жіп ұстап, тігін тігуге бейім етті. Ол өзі қолөнердің хас шебері болды. Үстіге киетін кеудешеден бастап, камзолға дейін тігетін-ді. Мұнысы өте әдемі, көздің жауын алатындай ерекше болып тігілетін. Маған тігіншілік пен тігіншіліктің алғашқы сабақтарын да берді. Бастысы, қол мәшинкесіне ешкімді отырғызбайды, тек маған келгенде темірдей тәртіпті ұмытып кететін еді», – деп бала шақтың бал кезін сағына еске алды кейіпкеріміз.

АҚСУ ӨҢІРІНЕ қарасты Қызыл ту ауылында туып-өскен Айман мектеп жасынан ине-жіппен достасып үлгерді. Оның қолөнерге бейім болуы нағашы апасынан, яғни, дәу мамасынан дарыды. «Бала шағымнан тәрбие беріп, осы іске баулыған «дәу мамама» деген алғысым шексіз. Әркез де қолдау танытып, батасын жаудырып, «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деп үнемі айтатын ақ тілегімен бүр жарып, жапырақ болып жайқалып, тамыр жайдым. Әлі есімде, бастауыш сыныпты бітіріп, жазғы каникулға шыққан кезім. Бір күні «дәу мамам» Балқаш ауданының Бақанас ауылында тұратын Башар көкем отбасымен келетінін айтты. Жылына бір келетін көкемнің жолын қатты күттім. Неге десеңіз, көкем келгенде «дәу маманың» сандығы ашылады. Ал онда көздің жауын алатын түрлі маталар көп. Бұл маталар сандықтан шығып, жерге жайылып, одан құрақ құралып, түскиіздер оятын-ды. Осы күн мен үшін ең керемет сәттердің бірі болатын. Бүгінде «дәу мамамның» салып берген сара жолын жалғастырып келетініме іштей тәубе деймін», – деген қолөнер шебері алғаш алжапқыш тігіп үйрету арқылы нағашы апасының бұдан кейін бөстек, құрақ көрпе құраудың қыры мен сырын үйреткенін де мақтанышпен есіне алды. Өмірден түйгені көп асыл ана сол кезде-ақ Айманның ісмерлігін байқап, осы қызынан көп үміт те күткен болар, бәлкім?!
АНА СЕНІМІ мен үміті бүгінде ақталды десек болады. Мектеп бітіріп, филология факультетіне оқуға түскен Айман біраз жылдай ұстаздық қызмет етті. Ал, кейін бала күтімімен үйде отырған сәтте ісмерлік өнерін қайта қолға алып, алғашында бұл істі тек ермек ретінде атқарып жүрді. Қандай дүниені қолға алмасын жанын салып істегендіктен болар жасаған бұйымдары көрген адамның көзіне бірден ілігіп, осылайша бала күтіміндегі педагог-ана хоббиін кәсіпке айналдыруды жөн деп тапты.

Қазақтың салт-дәстүрінде қыз ұзатылғанда ата-анасы беретін жасауы болады емес пе. Ал, Айман ханым оқуын бітіріп, үлкен өмірге аяқ басарда жасауын өз қолымен тігіп, дайындағанын айтты. Және бұл жұмысын қолөнердегі алғашқы үлкен қадамы деп есептейді. Жеке шеберханасындағы өз қолымен құраған алғашқы төсек жапқышын жан жары сатқызбапты. Қазірге дейін бұл туындысы үйінің ішін безендіріп, көрік беріп тұрғанын да жасырмады.
«Құрақ құрау деген өте қызықты іс. Неге десеңіз, оның түсін таңдау, пішінін біріктіру, бір-бірімен сәйкестендіре білу керек. Ең маңыздысы клиенттің қалауы ескерілуі тиіс» деген кейіпкеріміз көп оқып, білімін жетілдіруде түрлі курстарға баратынын да айтты. «Шығармашылықпен айналысуды жаным сүйеді. Ол кезде жан-дүниеңде сан түрлі толқулар пайда болады. Бар өнерімді салып жасаған әрбір бұйымыма сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Бұлай етпесем керемет дүние де шықпайды. Өз ісімнен рахат табуды да басты қағидам етіп қойғанмын. Көрпе тігу арқылы бір сәт қиялмен көкке өрлеп, құдды бір таңғажайып күйде жүретін кездерім де көп», – дейді ол.
ОСЫДАН ЕКІ жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында грант ұтып алып, Талдықорған қаласында шағын құрақ шеберханасын ашты. Ол бұл жерді үлкен бақыт ордасы деп санайды. Неге десеңіз, мұнда жасалған бұйым әр отбасының бақыты мен қуанышына орай дайындалып, тігіледі. Бүгінде шағын шеберханаға бас сұғып, тапсырыс беретіндердің қатары да көбейген.
Айман қашанда алатын өнімінің сапасына көңіл бөледі. Айтуынша, тек экологиялық таза материалдар, меринос қой жүні, альпалюкс пен Америка мақтасын сатып алады. Мұндай көрпе жамылып, төсенуге ыңғайлы және ұзаққа шыдайды. Сонымен қатар, қолдың көрпесі дүкендікіне қарағанда жылы, әрі ішіне салған салмасы жылжымай қапсырылып тігіледі.

«Армандаудан шаршамау керек. Арман – алға жетелейді. Армандау арқылы талмай еңбек етіп, мақсат-мұратыңа қол жеткізе аласың» деген Айман ханым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келген кезінде арнайы кездесіп, еркін тақырыпта өткен «дөңгелек үстелде» өз ойымен бөліскен сәтін өмірінің жарқын белесі санайды.
ИӘ, АЙМАН – әлемі әдемі. Өзіндік дара болмысымен һәм сан қырлылығымен. Ешкімге ұқсамайтын даралығымен. Жүзінен ескен жылылығымен, жанарындағы мейірімділігімен. Ол – қазақтың қолөнерін бойға сіңіріп, бүгіннің бар жаңалығын жанына дарыта білген дара шебер. Оның әлемі – сан қырлы. Шағын ғана шеберханадағы әр бұйымды көргенімізде оның қолөнердегі қажырлы еңбегіне тәнті болдық, қуандық та. Біз көрген шеберхана Айман әлемін одан әрмен сұлу етіп көрсетті.
Әр адам өз өмірінің мүсіншісі. Біз оған Айман әлемін тани түскенде тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу: