«Өлең – өмір, оқырман – әділқазым»

0
1450

АЛАТАУ: «Күздің жылы күн-еріндей күлімдеп, Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп» – деп Есенқұл Жақыпбек ақын айтқандай, алпыстың асқарына қадам басып отырсыз. Қазақ халқының дүниетанымында бұл жасты даналыққа бет алған, халықтың мұң-мұқтажын уайымдайтын кезеңге қадам басқан шақ деп есептейді. Қалай болғанда да алпыс адам өмірінің бір белесі емес пе? Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Шынымды айтсам,  алпыс дегенді өз өмірімдегі ерекше бір кезең, бағындырған белес деп әлі сезіне қойған жоқпын. Мен үшін бұл күнтізбенің ақтарылған бір парағы ғана сияқты. Өмірімді алпысқа дейін және кейін деп бөлгім келмейді. Десе де, бұл жас санасы бар адамды ойландырмай қоймайды екен. Ең алдымен кешегі балалық, жастық шақтың келмеске кеткенін ұғасың. Соны ойлағанда атқармаған шаруаң, жасамаған ісің, жіберген ағаттықтарың жаныңды мазалайды. Қайсыбір қадамыңа қуансаң, енді бір әрекетің есіңе түскенде қарап отырып ұялатын кездер де аз емес.

Ал, өзің айтқан халық даналығына келер болсақ, алпыс адамға қосымша мүмкіндіктер бермейді-ау. Дана хал-қымыз: «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды!» – деген емес пе? Жастық шағыңда жалындап жанбасаң, егде тартқаныңда алаулайсың дегенге өз басым онша иланбаймын. Нағыз ұлтжанды азамат елдің қамын жиырма жасында да, отызында да ойлауы керек деп есептеймін. Меніңше, алпыс – осыған дейінгі өміріңнің, жасаған қызметіңнің, әрекеттеріңнің нәтижесін көретін, қажет десеңіз жемісін жейтін кезең болуы керек. Сонымен қатар іштегі желік басылып, әр нәрсені ақылға салып қарайтын, байыппен шаруа жасайтын уақыт та осы болуы мүмкін.

АЛАТАУ: – Осы жасыңызда көңіл-іңізге түйіп, тұтынған қағидаңыз не?

ҚУАТ ҚАЙРАНБАЕВ: – Менің әкем – Әбуғали (Әбіл), қарапайым ғана теміржолшы, анам – Күлжияз сегіз баланың қамымен үй шаруасымен айналысқан жандар еді. Әкемнің әлдекімдерге кейіген кездері: «Менің түтінім түзу ұшады!» – деп айтатыны есімде қалыпты. Сонда, «Жұрттың түтінін жел айдап әкетіп жатқанда, әкемдікі неліктен түзу ұшады?» – деп таңданатынмын. Оның ісі адал, әрқашан әділдікті  айтатынын меңзегені екенін кейіннен барып ұқтым ғой. Дегенмен, адалдық, турашылдық қасиеттері әкенің қанымен, ананың сүтімен бойымызға дарыса керек. Адалы мен арамы, әділдігі мен сұрқиялығы мәңгілік күреске түсіп, итжығыс келіп  жататын мына тірлікте  өз жүрегіңдегі  аппақ дүниені сақтап қалу үшін де сол тәрбие керек-ау. Менің өмірден бір түйген нәрсем – адам нені іздесе, соған жолығады. Яғни, жақсылыққа жуыс жүрсең, сенің де жаныңа ниеттес адамдар топтасары анық. Ал, ойың да, ісің де бұзық болса, онда мені неге жаман адамдар қоршайды деп өмірге өкпелеудің қажеті жоқ. Пенде болғаннан кейін ешкім де қателіктер мен шалыс басудан ада емес. Жалпы, қателік жасаудан қорықпау керек деп ойламын. Мәселен, сол қателігіңді түсініп, түзей білуде жатқан сияқты. Ал, шығармашылық адамы үшін сызып қойған тура жолмен жүріп, «Кім не дейді?» – деп жан-жағыңа алаңдап күн кешу – тоқыраумен тең. Басыңды тауға да, тасқа да соға жүріп, өзіңнің  іздеген нәрсеңе ұмтылу, бірде тауып, енді бірде бос қайту шығармашылықта нәтиже беретін болса керек. Ал, түйіндеп айтар болсам, жүрегіңдегі ар-иманды бағдар етіп, тағдыр толқындарына қарсы жүзсеңіз – армандарыңызға апаратын жол осы болса керек.

АЛАТАУ:  – Сізді көзі қарақты қауым ақын, журналист, ретінде біледі және бұл саланың әрқайсысында өзіндік қолтаңбаңыз бар. Былайша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы қаламгерсіз. Дегенмен, осы қырларыңыздың қайсысы жаныңызға етене жақын?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Дүниенің қыр-сырын әлі ұға қоймаған бала кезімнен ақын болуды армандағаным есімде. Әкем қаріп  танымайтын адам болғанымен жады өте мықты, зерек адам болатын. Кешкілік жұмыстан келіп, шәйін ішкеннен кейін жантая жатып, балаларды жанына жиып алып  ұзақ-ұзақ қисса, дастандарды жатқа айтушы еді. Ал, әріп танығаннан кейінгі ермегім әдеби кітаптарды оқу болды. Міне, осы жайлар  менің әдебиетке деген құштарлығымды оятса керек.

Ал, журналистикаға келетін болсақ, ол да шығармашылыққа тікелей қатысты дүние ғой. Ол кез келген ақын-жазушының қаламының төселуіне, дүниетанымының кеңеюіне, ізденіспен еңбек етуіне жол ашатыны рас. Мен өз мамандығымды ұнатамын және мақтан тұтамын. Дегенмен, екеуінің қайсы жаныңызға жақын десе, әрине, поэзияға бүйрегім бұратытын мойындауға тиіспін.

АЛАТАУ:  – Бәрі балалықтан бас-талады. Әсіресе, шығармашылық адамы үшін ол шақтың жөні бөлек қой. Ұмытылмастай болған бала кезіңіздің ең бір қимас сәттері турлы айта отырсаңыз?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Біздің балалық шағымыз сол кездегі барша жасөспірімдерден ерекше бола қоймағаны анық. Қара жердің топырағын жалаңаяқ кешіп, таяқты ат қып мініп, күдіз-түні ағылып жататын пойыздардың терезесінен болашағымызды іздеп өстік қой. Есейе келе, әсіресе  жаз айларында мектепке киер  киімімізді өзіміз табу үшін шаруашылықтың жұмысына араласып, еңбектің де дәмін таттық. Бұл елде бейбітшілік орнап, халықтың тойып тамақ іше бастаған кезі болатын. Дегенмен, балалық шағымыз шуақты болды деп айтуға құқылымыз.

АЛАТАУ:  – Ағаш жапырағымен, жер топырағымен құнды, ал адам баласы кіндік қаны тамған Отанымен, туған жерімен еңселі ғой. Туып-өскен алтын бесік мекеніңіз туралы да айтсаңыз, ат басын жиі бұрып тұрасыз ба?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Ақсу ауданына қарасты Егінсу деген теміржол стансасында дүниеге келіп, бастауыш сыныпты сонда бітірдім. Әкем дүниеден өткеннен кейін Байбол Нұрпейісов деген бауыры, біздің кіші әкеміз мені өз тәрбиесіне алып, Матайдағы мектепте оқытты. Теміржолшылардың балаларына арналған мектеп-интернаттың ұстаздары аса білікті, өз ісінің шеберлері-тұғын. Мектеп түлектері бірден жоғары оқу орындарына түсіп жататын. Мен болсам қаламгерлікті таңдадым. Екі отбасының балалары түгелге жуық ұстаздық пен инженерлікті меңгерген әулетте менің таңдауымды бірден құптамағаны анық. Бірақ, кедергі жасаған емес.

Жиі жолым түсе бермесе де Егінсу мен Матайға қатынап тұрамын. Егінсу орта мектебінің ұстаздары хабарласып, менің атымнан кабинет ашу жайлы ұсыныс жасады. Шамам келгенше сол кабинеттің жабдықтарын алып, жаңалап шықтық. Бұйырса, 1-ші қыркүйекте ашылу салтанаты болады деп отырмыз.  Туған жерімдей болған Қапалға да барғанды ұнатамын. Туған өлкенің табиғаты мен адамдары менің жырларымның тұрақты тақырыбына айналған.

АЛАТАУ:  –  «Досыңыздың   кім  екенін айтсаңыз, сіздің кім екен-іңізді айтып беремін» деген еді жазушы Д. Карнеги. Достарыңыз туралы айтсаңыз, соның ішінде жан дүниеңіздің байлығын шын бағалайтын достар бар ма?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Өмірден бір түйгенім, адамда жолдас деген есепсіз болғанымен, нағыз достар санаулы ғана болады екен.  Сені бар күйіңде қабылдап, қандай қиындықтарда да бірге жүретін досың болса – онда сен бақыттысың. Балалық шақтан бірге өскен  екі досым тұрмыс жағдайына байлансты ауылда қалып, арамыз алшақтап кеткендей болды. Сыныптастарымнан Сейітхан деген досым бүгінге дейін бірге келеді. Университетте бірге оқыған Нұрлан Нұрғазин деген азаматты досым деп айта аламын. Ақын-жазушылардың, журналистердің арасынан тонның ішкі бауындай сыйласып жүрген жандар баршылық. Қалжыңдап айтқан сәлемімді шындап орындайтын ақын інілерім мені ұстаз тұтып, көңілімді аспандатып келеді. Айла жасап, аяқтан шалатын адамдарды сирек кездестірдім. Сірә, мен аға мен ініден, достан да опа көрген адам шығармын!

АЛАТАУ:  – Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Поэзия, менімен егіз бе едің» деп жырлады. Сіз ше, бұл тұрғыда не дер едіңіз?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Өлеңді өміріне өзек еткен жан бұл сауалыңызға не деп жауап беруі мүмкін деп ойлайсыз?! Бір өлеңімде:

Аңсайтын болар осындай ерек шақты адам,

Жылдардан емес,

Жұлдызды сәттен бақ табам.

Бір ұйқас келіп ұйқымды бұзса, шіркін-ай,

Әлемнің барлық шайыры іздеп таппаған.

 Өтермін, бәлкім, өмірдің мәнін мол ұқпай,

Күн шықса күліп,

қуанып кейде толықса ай.

Қорқамын бірақ қызықты қуып жүргенде,

Қалдым ба екен деп көп күткен сәтке жолықпай.

 Тағдырдың тұмса қиын ғой қия жолдары,

Бір ғана мезет…

Өмірдің маған сол мәні.

Жадында қалар қамкөңіл мынау жұртымның,

Жұлдыздай жарық бір өлең жазсам болғаны! – деп жазған екенмін.

 Тағы бір шамырқанған тұста:

Күтуменен келемін келес күнді

Түнде үйімде жүремін елес сынды.

Ұйқас іздеп, ұйқыны ұмыттым деп,

Қинағым да келмейді мен ешкімді!

 Көшпеген соң жырымның еркін көші.

Желікпеші көңілім,

желпінбеші?!

Өлең – өмір,

оқырман – әділқазым,

Дертім де осы!

жалғансыз…

Сертім де осы! – деппін. Бұл жолдарды  ақынның өлеңге берген серті деп ұқсаңыз да болады.

АЛАТАУ:  –   «Жалғыздық Құдайдан кейін ақынға жарасады» дегенге келісесіз бе?  Жалпы, шығармашылық адамының  жалғыздығы дегенді қа—лай түсінесіз? Сіздің жалғыздық қандай жалғыздық?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Бұл пікірге әр шығармашылық адамы өзінің өре биігінен қарайтын болса керек.  Жүрегіңе өлең келген кезде жұрттан жырақ кетіп, шалдуар шабытпен айқасқа түсетін кездерің  болады. Ондай сәттері жаныңда қағазың мен қаламың ғана қалатыны шындық. Ақын, иә жазушы кезекті бір шығармасын жазуға отырғанда оңашаланып алып, өзіне ғана мәлім бір әлемге еніп кететіні тағы бар. Мұндай сәттері ақылшы да, нұсқаушы да керек емес.

Мен өзім көпшіл адаммын. Думанды ортада, сырлас-пікірлес жандардың арасында  жүргенді  ұнатамын. Жақын-жұрағаттарым, аға-інілер-ім  хабарласпаса елеңдейтін кез-дерім де аз емес. Дегенмен, өлең жазудың азабы мен ғажабын жалғыз татқан ләззатты шақтардың жөні бір бөлек. Әрбір орайлы ойыңа, сүйкімді  шумағыңа, ұтымды  ұйқасыңа балаша қуанып, бір риза сезімді бастан кешіретінің бар. Жалпы, өлең өлкесіне ат басын бұрғанда ғазал-ғұмырды басыңнан кешіріп, басқаға беймәлім әлемде, қиял әлемінде өмір сүресің. Өзің айтқандай, менің жалғыздығым осы сәттері шаң беруі мүмкін. Басқа уақыттары мен халқыммен біргемін. Соның мұңы мен қуанышын бөлісіп, ауыртпалығын арқалап, жоғын жоқтағанды өзіме парыз санаймын!

АЛАТАУ:  –  Қазір не жазып жүр-сіз, ақын жүрегін жиі мазалайтын дүние бар ма?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Мерейлі жастың құрметіне Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Көңілдің қоңырауы» атты өлеңдер жинағым жарық көрді.  Публицистикалық дүниелерім және  менің шығар-машылық еңбегім жайлы жазылған зерттеу мақалалар да екі кітапқа жүк болып тұр. Бұйырса, бұлар да жақын күндері оқырманға жол тартатын болар. Өткен ғасырда қазақтың басына түскен зобалаңның бәрін көре жүріп, бізге өмір сыйлаған, болашақтың отын өшірмеген әкелерімнің толайым тағдыры жайлы роман жазсам деген арманым жаныма маза берер емес.

Редакцияның  тапсырмасын орын-дағаннан басқа уақытымды негізінен өлең жазуға арнап жүрмін. Бұл жерде өлең шіркіннің кербез қыздай керіліп, келмей қоятынын да естен шығармау керек. Ең алдымен ешкім айтпаған оқшау ойды күтесің. Ол да саусақпен меңзеп шақырып алатын дүние емес. Пісуі жеткенде ғана мазаңды алады. Жаңағы айтқан жалғыздық, іштей арпалысқа түсу сондайда басталады. Айналамда болып жатқан оқиғалар, елдің жағдайы, ұлтымыздың тағдыры, әлемді әбігерге салған тәжді тажал, асыл азаматтарымыздың аяқ астынан бақилыққа аттанып жатқаны, жетімнің жылағаны, сәбидің қуанғаны – осының бәрі ақын үшін таусылмайтын тақырып емес пе. Осыны  өзгеше қырынан, соны  көзқараспен айта білу де үлкен еңбекті, шалқар шабытты қажет етеді.

АЛАТАУ:  – Ақын әрі журналист Қуат Қайранбаев отбасындағы әкенің рөлі туралы не ойлайды. Өзіңізді қандай әкемін деп есептейсіз?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – Отбасындағы әке мен ананың орны туралы кезінде зерттеу мақала жазғанмын.  Дүниеге сәби әкелу мен оны өсіріп-жеткізудегі ананың рөлі үлкен екені даусыз. Дегенмен, отбасындағы ер адамның абырой-беделі болмаса, немесе жас ұрпақ әкенің тәрбиесін көрмей өссе, кесек  мінезді, жақындарына, ел-жұртына  қорған болар ұл, ер-азаматты құрметтейтін қыз шықпайтынын өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Ана – іштен шыққан перзентін шексіз сүюші, оны қандай болса да қабылдайтын тұлға. Ал, әке – баласына талап қоюшы, тек  жақсы жағынан көргісі келетін қатал сыншы. «Бала бер. Бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер!» – дегенді қазақ бекер айтпаған. Осы себепті кез келген адам ұрпағының болашағын ойлағанда балалары мен немерелерінің толық отбасында тәрбиеленуіне аса мән бергені жөн деп есептеймін.

Жарым Дариға екеуіміз  екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірдік. Үшеуі де жоғары білімді, ғылыми атақтары бар, өз ісінің мамандары. Бүгінде бәрі отбасылы, балалы-шағалы болған. «Ата-ананы шалқайтатын да, еңкейтетін де – бала!» – деген қағиданы ескерер болсақ, ата-анасын жерге қаратпай, лайықты азамат болып өскендері үшін жаратушыға мың мәрте алғыс айтамын. Соған қарағанда жаман әке болмаған сияқтымын…

АЛАТАУ:  – Әупірімдеп алпысқа қадам бастыңыз. Жетпіс-сексенге толғандар «қайран, алпыс» деп жатады ғой. Сіздіңше, алпыстың бағасы неде дер едіңіз?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: – «Әупірімдеп» деген сөз көңіліме онша жағып тұрған жоқ. Бұл жерде «Желген аттай, ұшқан құстай…» – деген теңеу көбірек келетін сияқты. Уақыттың қалай зымырап өте шыққанын аңғармай қалып отырмын. Көңілім сол қырық пен елудің арасында сайрандап жүрсе, күнтізбе «60 жас» дегенді көрсетеді. «Расымен солай ма еді?!» – деп аңтарылып отырған жай бар. Ал, шынтуайтына келсек, бұл жас кез келген адамның өткен өміріне есеп беретін, талғам таразысына салып қарайтын, егделікке апарар соқпаққа аяқ басатын кезі ме деймін. Ол енді әр адамның жүрек қағысына, көңіл күйіне байланысты шығар. Осыған  орай Р.Ғамзатовтың «Жастар поэзиясы деген жоқ, болуы мүмкін емес. Поэзия жастығы деген ұғым бар. Сен жиырмадасың ба, алпыстасың ба бәрібір, поэзия мәңгі бақи жас. … Бәрі талантқа байланысты, ал талант жасқа қарамайды…» дегені ойға оралады. Мен өзім өндіріп жазатын, тереңдеп бойлайтын, айшықтап айтатын шақтарым алда деп білемін. Тек, құдай соған жеткізетін  ғұмыр бергей!

АЛАТАУ:  – Ақын және журналист ретінде айналаңызға, жалпы қоғамға бей-жай қарамайтыныңыз белгілі. Қазіргі әлемді жайлаған коронавирус індеті, одан туған карантиндегі күндерде үрей мен үміт, қауіп пен қатер кімді де болса уайымсыз қалдырған жоқ. Бұл пандемиядан өзіңіз  не түйдім деп ойлайсыз?

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ:  – Иә, бұл тәжді тажал ұлтымыздың талай асылдарын алып кетті емес пе. Соны ойлағанда қабырғаң қақырап түскендей болады. Бұл індетпен арпалысқалы екі жылдың жүзі болып қалды. Ел экономикасына да, адамдардың жігер-сеніміне де үлкен жүк болып түсті. Сонымен қатар біздің қазекеңнін бейжайлығы, алаңсыздығы таң қалдырады. Жәй ғана сақтық шараларын орындағымыз келмейді ғой. Бүгінгі қазаның көптігі ең алдымен сол жауапсыздығымыздың нәтижесі деп түсінемін. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол себепті, былтырғы жылы жарияланған «Азалы күнге» орай жазылған өлеңімді оқысаңыздар, менің жанайқайымды ұғарсыздар деп ойлаймын.

Азалы күн…

Тағы кімді,

тағы қанша аласың,

Бізге неге түсіресің дара сын?!

Айтып келмес ажал алды мекендеп,

Аңыздаған алашымның даласын.

 Тағы кімге ашылды екен араның,

Аз болды ма халқым тартқан нала-мұң?!

Ажал тырнап қан-жоса етті ауызын,

Сан ғасырлар жазылмаған жараның.

 Тірлік үшін күрес болған көп күні,

Қазағымның өр еді ғой шоқтығы.

Аты жаман ажал келіп жалмауда,

Ұлтқа тұлға асыл менен тектіні.

 Азаматтың жарын алды ай мүсін,

Ет жақынға торын мықтап жайды шын.

Қарындастан қапы қалған досымның,

Үйде отырмын бөлісе алмай қайғысын.

 Қатерлі дерт кәрін бізге жиғасын,

Қайманада қара бұлттай күй басым.

Қатар-қатар алып жатыр сұм ажал,

Өлім тұрмақ, өкпеге де қимасын.

 Аттанға бас,

егіл мейлің,

зар иле,

Тәңір жазса төзесің ғой, әрине.

Алаңдаймын жедел жәрдем өтсе егер,

Жаутаңдаймын жанымдағы әр үйге.

 Кім тоқтатар Жаратқанның жарлығын,

Кім көреді қазағымның зар-мұңын?!

Ажал деген аралап жүр елімді,

Сондықтан да азалы күн – әр күнім!

Міне, сондықтан да мамандардың айтқан талаптарын орындап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайық, ағайын!

 

Әңгімелескен  Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ