Көгілдір отынның жыры мен мұңы

0
1639

Алматы облысында елді мекендерді газдандыру жобаларын жүзеге асырып жатқан газ үйлестірушілерге бұқара халықтың өкпесі қара қазандай. Көгілдір отын жағып, күл шығарып, көмір жағудан құтыламыз деп әуре-сарсаңға түскен жетісулықтар арыз-шағымдарын жергілікті билік өкілдеріне жазумен келеді. Осы мәселеге орай, газ желісімен айналысатын компаниялардың басын қосқан депутаттар Алматы облысындағы газдандыру бағдарламасын сынға алды. Халық қалаулылары газ жүйесіне қатысты мәселені май шаммен қарап, мойындарына міндеттеме алған компаниялардың қожайындарынан түсініктемелер алды. «Бақсам бақа екен» демекші, бастары бір қазанға сыймаған газ тартушылардың да бір-біріне деген өкпе-реніштері бар болып шықты.

         Жалпы Алматы облысында 741 елді мекеннің 473-не табиғи газды тартуға болады. Ал қалған ауылдарда ондай мүмкіндік жоқ. Себеп – бұл ауылдар шалғай жерлерде орналасқандықтан газ құбырын тартуға тиімсіз. Сондықтан бұл аумақтарға газ желісі мүлде тартылмауы бек мүмкін. Мұндай аймақтарда жарты миллионға жуық адам тұрады деген көгілдір отын таратушы компаниялардың сараптамасына қарасақ, халықтың қалған бөлігін газдандыруға толық мүмкіндіктері бар екен. Алайда, газ желісін тартушылардың да болашағы бұлыңғыр екені депутаттар талқысында айқындалды. «Көгілдір отын» 123 елді мекенге әкелінгенімен, есептерде көрсетілген 19 елді мекенді есепке алмағанда барлық газ құбырларына сұйық отын жіберілмеген. «Алматы–Талдықорған» газ құбыры желісінің құрылысы туралы жергілікті атқарушы биілік сонау 2017 жылдың өзінде есеп беріпті. Жалпы ұзындығы 264 шақырымды құрайтын газ құбыры желісі үшін бюджеттен 21,4 млрд теңге қаржы бөлінген.

2017 жылдың 20 сәуірінен бастап газ құбырларға жіберіліп, нысана пайдалануға берілген. Салынған газ құбыры одан әрі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның теңгеріміне өткізу арқылы сенімгерлік басқармасына өтінді. Бір ғана Талдықорған қаласындағы газбен жабдықтау жүйесінің жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырымды құрайды, ішкі қалалық құрылысы төрт кезеңге бөлінген. Бөлінген қаражаттың көлемі де аз емес – 22,5 млрд теңге. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметтеріне сенсек, құрылысмонтаж жұмыстарынан кейін бірінші кезекке ілінген тұрғын үй-жайлар, яғни 20 мыңға жуық абонент қазірдің өзінде көгілдір отынды маздатуы тиіс болатын. Республикалық бюджет есебінен газ бөлу жүйелерінің II және III кезектерінің құрылысы басталып, 32, 4 мың абонентті газбен жабдықтау жоспарланған. Төртінші кезеңнің құрылысы аяқталғаннан кейін 23,5 мың адам көгілдір отынды пайдаланатын болады. Бұл бағытта Жеміс бағы, Агроөнеркәсіптік тұрғын аудандары, Юбилейный, Еркін, Көктал, ауылдары, шағын аудандары, қала маңы және Үйтас саяжайы газдандырылатын болады. Газ берудің құнына келетін болсақ, Талдықорғанда бағасы аса қымбат емес. Газбен жабдықтаудың қолданыстағы жүйесі арқылы берілсе, 30 мың теңгеге жуық болады, ал газбен жабдықтаудың қолданыстағы жүйесі болмаған жағдайда 70 мың теңгеге дейін төлейді. Дәл осындай көрсетілген қызметке төленетін қаржы 350 мыңнан 700 мың теңгеге дейін ауытқиды. Облыстың басқа аудандары тарапынан «неліктен бұлай арзан» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Мұның себебі былай, өйткені әкімшілік орталығындағы газбен жабдықтаудың ішкі қалалық жүйесі бюджеттің есебінен салынған. Ал, аудандарда газ жүргізуді жекеменшік инвесторлар жүзеге асырады. Бағадағы ауытқушылық осыдан туындайды. Бірақ бұл сандар депутаттарды қанағаттандырмады. Олар залда отырған «ЖЕТІСУ-ОБЛГАЗ» ЖШС-нің өкілі Рашад Имамадиев пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басшысы Айдар Беркімбаевтан қанша шақырымға құбырлар тартылғаны, қанша үй шаруасындағы әйел көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алғаны туралы айтып беруін талап етті. – Сіз Талдықорғанда 2 мың абонент табиғи газға қосылды деп отырсыз. Ал есеп бойынша бұл көрсеткіш 15 мың деп көрсетілген. Неліктен олар күні бүгінге дейін табиғи газ алмаған? Алматы облысы бойынша мемлекеттік газдандыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін газбен жабдықтаудың ішкі қалалық жүйесі құрылысына қыруар ақша бөлінсе де, адамдар күні бүгінге дейін газсыз отыр. Құр игерілген қаражат туралы жалаң цифрларға жүгінгенше, жағдайға белсене араласқан дұрыс емес пе? Өкінішке орай, 100 пайыздық дайындық кезеңінің өзінде көшелер тұтасымен көгілдір отынға қосыла алмай отырғаны қатты қынжылатады, – деп сауалын қойды Алматы облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов. Депутаттың уәжін «Қазақстан газ ұйымдары қауымдастығының» президенті Жуасбек Сейітжапаров та қостады. – Алматы қаласы мен Алматы облысының әуе бассейнінің экологиялық тазалығы үшін біз мемлекет басшысының алдына қойған негізгі міндеттердің бірі – газды елді мекендерге жеткіземіз. Табиғи газ және газ жылытудың пайдасы туралы үлкен түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін ондаған ықтимал абоненттер бізбен келісімдер жасасты. Алайда, барлық қажетті құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтағаннан кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жетісу филиалы аяқталған жұмыстарды қабылдауды кешіктіре бастады. Соның салдарынан тапсырыс берушіге жұмыстарды жеткізуге елеулі әсер етті, – деп өз наразылығын білдірді. Табиғи монополиялар субъектілеріне реттелетін қызметіне қол жеткізу үшін заңды бұза отырып ақы талап етеді. Кәсіпкердің айтуынша, жұмысты аяқтаған туралы мәлімдеушіден хабарлама алған күннен бастап, екі күн жұмыс күн ішінде табиғи монополияның субъектісі берілген техникалық шартқа сәйкес, атқарылған жұмысқа тексеруді жүзеге асырады да, сәйкес болған жағдайда абонентке газды қосады. Алайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу филиалы «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мойындамайды. Оның үстіне ережелер мен нормативтерге сілтеме жасай отырып, олар өздерінің атқарған жұмысты қабылдауын үнемі кешіктіреді. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келеді. Сайып келгенде кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқықтары бұзылуына жол беріледі. Мұндай жағдай адамдар арасында әлеуметтік–экономикалық дүрбелең туғызуы да мүмкін екенін тілге тиек етті. Ол өз сөзін растай отырып, Ж.Сейітжапаров газ желілері қосылған тұтынушылардың мекенжайларын да атады. Шынтуайтына келгенде, «көгілдір отын» ол жерлерде мүлдем жоқ. Бұл үйдің тұрғындары газды іске қосуға өтінімдерін былтыр, 2018 жылдың қазан айында берген. Сол уақыттан бері олар ғажайып сәтті күтумен жүр. Газ өнеркәсібі көшбасшысының айтуынша, монополистің бәсекелестікке қарсы іс–әрекеттерінің нәтижесі 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін газдандыру қызметін көрсететін 189 жеке компаниялардың қазір 87-і ғана қалыпты. Бүкіл аймақты газдандыруға кедергі келтіретін мәселесі бойынша Ж.Сейітжапаров «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу филиалының жекеменшік бизнес арасындағы тығыз байланыстың жоқтығын алға тартты. – Монополист бір ғана жекеменшік компания бұрынғы – «Zenit TVK» ЖШС-нің 2018 жылдың 15 наурызында «ГазКурылыс» ЖШС-і болып өзгертілген, «Зенит АВКА» жекеменшік компаниясының мүдесін белсенді жақтауды жалғастыруда. Ол да біз сияқты газбен жабдықтаудың ішкі жүйесін жүргізумен шұғылданады, – деп, депутаттарға мәселенің мәнісін ашып берді. Бұл компания да барлық аумақты қамтығысы келеді. Алайда, мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан бізде проблемалар бар. Монополист кәсіпкерлер құқықтарын бұзылуының бірнеше сәттерін атап, газдандыру саласында қызмет көрсетуші жекеменшік компанияның өкілі жергілікті атқарушы биліктен, депутаттардан, сондай-ақ, прокуратура органдарынан қалған 87 жекеменшік компанияны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу филиалының өктемдігінен қорғауды сұрады. Жиында «KBS GAZ» ЖШС директоры Қайрат Жұманов өз кезегінде депутаттарға «ҚазТрансГаз» АҚ-ның жапсарлас кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының атына шағымданды. Оның айтуынша, 2014 жылы оның фирмасы жобалау-сметалық құжаттамасын орындап, оны Алматы қаласының Болашақ ауылы және Алматы облысы Іле ауданы «Құс фабрикасы» және «Достық» бағбандық қоғамдары тұрғындарының алдында қорғаған. Кейіннен тартылатын және ішкі кеніштік газ құбырларын жекеменшік қаржысына салды. Осы аталған газ желілерінің құрылысына және оларды ұстауға 85 миллионнан астам теңге жұмсаған. Бұның сыртында «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Алматы филиалы және «Интергаз Орталық Азия» АҚ-мен теңгерімдік шектеу актісіне қол қойылды. Аталған газ жүйелерін «Пром Газ Эксперт» ЖШС жүргізді. – Біздің жазбаша рұқсатымызбен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы филиалы жергілікті тұрғындарға техникалық шарттары берілген болатын. Алайда 2018 жылдың мамырынан бастап халыққа техникалық шарттарды беру тоқтатылғандығы неліктен екенін түсінбейтінін Қ.Жұманов ашына айтты. Біздің абоненттерге қатысты міндеттемелері болды. Олар біздің жұмысымызға шағымдана бастады, біз оларға мәселенің мәнісін түсіндірдік. Олар наразылықтарын Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетінің департаментіне, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне шағымдар жазды. Әйтсе де, бұл шағымдар бойынша қандай да болсын түсініктеме берілместен тек қағаз жүзіндегі жалтарма жауап қана алынды. «KBS GAZ» ЖШС-нің газ тасымал дау ұйымы ретінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінде монополистердің республикалық тіркеліміне ілінуі оның жағдайын күрделендіре түсті. – Біз табиғи газды тасымалдаудың бағасының әрбір 1000 текше метрін 1999 теңге бойынша есептейміз. Бұл өңірдегі ең төмен баға болып табылады. Осы әрекетіміз арқылы өзіміздің жағдайымызды тым шиеленістіріп алдық, – деп назаланады Қ.Жұманов. Кім майлы жіліктің басымен бөліскісі келеді дейсің. Кәсіпкердің баса назар аударып отырғанындай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Бас директоры Сүлейменовтің атына табиғи газды тасымалдауға шарт жасасу туралы алты рет хат жолдаған. ҚР «Газ туралы» Заңына сәйкес, газдың Ұлттық операторы болып солар бекітілген. Алайда, күні бүгінге дейін бұл ведомствоның бастығы оның өтінішіне құлақ асар емес. Қазір адамдардың басынан өткеріп отырған мердігерлердің газ құбырлары жүйелерін, газ бөлінетін тетіктерді, тазарту құрылғыларын және газ жүретін жолдарын салу кезінде келтіріп отырған қолайсыздықтарын халыққа көрсетіп отырған қорлық деп түсінбестен басқа амал қалмауда. Көп пәтерлі және жекеменшік үйлердің тұтынушылары газ жүйелері үйлеріне тартылып қойса да көптен күткен көгілдір отынға зарығып отыр. Текелі қаласының өзінде осындай 350 үй бар. Ал, сайып келгенде «Талдықорған – Текелі» газ құбырын тарту құрылысы және ішкі қалалық жүйелер аяқталған. Бірақ, тұрғындардың үйінде газ жоқ. Инвестордың бекітуінше мәселенің бәрі «АС-ТАС Инвест» ЖШС ұлттық операторына келіп тіреледі. «ҚазТрансГаз» АҚ газ жеткізуді созбалақтауда. Алматы облысының Іле ауданындағы «Болашақ», «Құс фабрикасы» ауылдарының, «Достық» бағбандық қоғамының ондаған тұрғындары да шамамен осындай жағдайға тап болған. – 9 шілдеде менің тереземнің астынан өтіп жатқан газ магистраліне қосылу үшін техникалық шарт алуға жеке өзім өтінім жаздым. Алайда, бас тарту алдым. Аталған ауданда табиғи газдың қажетті жүйелернің жоқтығына байланысты менің үйімді газдандыру қазіргі уақытта мүмкін болмай тұр. Менің көршілермінің үйінің бәрі газбен жылытылады, тек менде ғана қатты отынмен жанатын пеш тұр, – деп Байзақов кешесі 125-үйдің тұрғыны Талғат Жақыпбеков қынжыла баяндайды. Болашақтың жиналған тұрғындарының сөздері бойынша бұл жекеменшік компанияны олар төрт жыл бұрын жалпы жиналыста сайлап алған. Олардың жобалаусметалық құжаттамаларымен танысып, бір ауыздан қолдаған. Осыдан кейін инвестор газ жүретін құбырлар мен ішкі кенттік газ құбырларын салған. Айда Айсарованың да шешімін таппай отырған мәселесі осындай. Ол да бес айдан бері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының табалдырығын тоздырып келеді. – Менің көршілерім баяғыда газ құбырына қосылып алған. Біздің мүмкіндігіміз болмады. Осы жылдарда біз тірнектеп жинаған қаражатымызға ақыры ортақ магистральға қосылуды ұйғардық. Алайда, біздің өтінішімізден олар бас тартты, – деп ренішін білдірді. – Менің босанатын уақытым да келді. Жақында перзентханаға барып нәрестелі болатын сәтім де таяп қалды. Ал үйде жылу жоқ. Егер жаз айында техникалық шарт алып, іске кіріссек, күзде үйге жылу келер деп ойлағанбыз. Алайда қателесіппіз. Күнде барамын, газ құбырлары тереземіздің астында орнатылып тұрса да менің үйімді газға қосқылары келмейді. Ал Айгерім Жетпісбаеваның мәселесі басқаша. Ол болса, газ өтетін «арканы» көтеруге рұқсат ала алмай жүр. – Біз де техникалық шарт ала алмай жүрміз. Біздей қарапайым тұрғындарға құлақ асар емес, – дейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Айдар Беркімбаевтың мәліметтері бойынша, Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде ішкі кенттік жүйелер және тоғыз ауыл газдандырылатын болады. 2016 жылы жекеменшік инвестиция есебінен «Байсерке – Қапшағай» газ құбыры жүйелері құрылысы басталды. Қазіргі күнге дейін табиғи газды 20 абонент пайдаланады. ТОО «Қапшағай өңірінің газ жүйелері» ЖШС-і инвесторының алдын ала есебіне сәйкес абоненттің қосылуының орташа құны 400 000 теңгені құрайды. Көксу ауданының Балпық би кентінде 3 000 абонент газға қосылған. Жаркентте 10 000 қалалықты газбен қамту жоспарлануда. Қазірдің өзінде 115 абонет газға қосылған. ТОО «APL Construction» атынан инвесторлар тартудың есебінен Еңбекшіқазақ ауданында елді мекендерді газдан дыру жүргізілуде. Есікте 57 абонент газға қосылса, Шелекте 4 абонент көгілдір отынды пайдалануда. Сонымен бірге Айдар Беркімбаевтың айтуынша, Қарабұлақ кентінде 2016 жылы жеке инвестиция есебінен Әли және Ақши ауылдарын да газ бөлу жүйлерінің құрылысы басталды. Газбен жабдықтаудың ішкі кенттік жүйесіне 80 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ескелді ауданының тоғыз елді мекен мен ауыл арасы газдандырылады. Ұйғыр, Балқаш, Кербұлақ, Қаратал аудандарының елді мекендерінде газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстың басты коммуналшысының есебінде көрсетілген осы елді мекендердің бәрін аралап өтетін болсақ, саны жағынан да, бағасы бойынша да едәуір үйлеспеушілік анықталуы әбден мүмкін. Дегенмен тұрақты комиссияның тұтас мәжілісін газдандыру тақырыбына арнаған облыстық мәслихат депутаттарына газ тұтынушылардың зары жеткен сияқты. Ең бір өкініштісі – бұл басқосуда Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы мен «ЖЕТІСУ-ОБЛГАЗ» ЖШС-нің өкілінің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына қарсы дәрменсіздігі туралы мойындауы. «ЖЕТІСУ-ОБЛГАЗ» ЖШС директорының орынбасары Рашат Имамадиев: «Біз араласа алмаймыз, оған күшіміз де келмейді», – деп ашығын айтты. Қорыта келгенде, халық қалаулылары газдандыру бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды жұмыс тобының талқылауына шығаруды ұйғарды. – Бұлай болмайды! Біз мұндай маңызды бағдарламаны бетімен жібере алмаймыз. Адамдар 350 000- 700 000 теңгеден жұмсай отырып, неліктен күні бүгінге дейін табиғи газ ала алмай отырғанын анықтау керек. Егер бұған сіздердің рухтарыңыз бен шамаларың жетпей жатса, онда бұл мәселемен біз айналысамыз, қажет болса, Алматы облысының прокуратурасын да қосамыз, – деп тоқсан ауыз сөздің түйінін тарқатты облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Ызғарбек Бектұрсынов. Халық қалаулыларының азу — лары қаншалықты алымды екенін уақыт көрсете жатар.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ