Тоғыз даусыз талаптар нотариустарға беріледі

0
1557

Алматы облыстық Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Досымбет Қалдарбек Жорабайұлымен заңнамалық өзгерістерге байланысты әңгімелескен едік. Сұхбат барысында нотариустарға берілген талаптар мен тапсырмалар туралы ақпарға қанық болдық.

– Жақып Қажыманұлы Асанов Жоғарғы Сот Төрағасы болып тағайындалғаннан бері сот жүйесі тағы да жаңа бағытқа қадам басуда. Оған сот жүктемесін оңтайландыруға байланысты бірқатар заңнамалық өзгерістерді атауға болады. Осы заңнамалық өзгерістерге байланысты сіздің пікіріңізді білсек?

– Сауалыңыз орынды. Өмір бір орнында тұрмайды. Табиғат екеш табиғат та төрт мезгіл ауысып тұрады. Ауа райы құбылады. Бір орнында қозғалмайды деген тау да шөгеді, мүжіледі. Сол сияқты, Тәуелсіз мемлекет болған соң, заңнамалар да заман ағымына қарай өзгеріп, ескісі істен шығып, жаңасы жаңғырады. Сот саласында да бірқатар реформалар жасалды, заңдар өзгерді. Елбасының өзі соттардың съезінде: «Халықтың сотқа деген сенімін артыру керек» – деді. Заңнамалардың өзгеруі – заңдылық. Заман ағымына қарай бейімделу кез келген салада болуы тиіс. Мемлекет басшысы бұл туралы ұдайы айтып келеді. Соған орай, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялағаннан бастап сот жүйесі де жанданып, цифрлық технологиялар іске қосылуда. Өзіңіз айтқандай Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов мырза да өз ұстанымы мен ұсынысын енгізді. Мұнда, жеңілдетілген іс жүргізу рәсімдерін дамыту және жетілдіру азаматтардың өз міндеттемелерін мәжбүрлеп орындату кезінде бұзылған құқықтарды соттан тыс қорғауда азаматтық айналымға қатысушылардың жоғары мүдделілігін қамтамасыз ету басымдыққа ие. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға азаматтық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу рәсімдерін оңайлатуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар тұрақты негізде енгізілуде. Атап айтқанда, 2019 жылдың 21 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Аталған заң 2017 жылғы 31 қаңтардағы және 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Елбасының халқына Жолдауын іске асыруға бағытталған. Бұл Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске түзетулер енгізіледі.

– Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасысыз. Өзіңіздің салаңыз бойынша толығырақ қандай Заң, кодекс өзгеретінін айта кетсеңіз?

– Күнделікті іс барысында көріп отырғанымыздай, қолданыстағы заңдарымыздың сұрыпталып, заман үрдісіне сай заңдардың өмірге келуі дұрыс. Соның бірі, Азаматтық кодекстің жалпы және ерекше бөлімдері – Жер, Неке және отбасы, Кәсіпкерлік, Салық, Азаматтық процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне түзетулер енгізіледі. Себеп – халықтың сұранысы. Әрбір қабылданған заң халыққа қызмет жасауы керек.

– Демек, жаңа заң кодекстеріндегі өзгерістерді көріп-біліп отырмыз. Бүгінде Жер дауы, Неке және отбасы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы сотқа тартылып жатқандарда есеп жоқ. Өзгерген заң аясында азаматтарды не күтіп тұр?

– Заңнамалық өзгерістерде тек қана Жер, Неке және отбасы ғана емес, Жылжымайтын мүлік ипотекасы, нотариат, Ұлттық Банкі, Прокуратура, шаруашылық серіктестіктері, селекциялық жетістіктерді қорғау, Қазақстан Республикасының Патент Заңы, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары, Тауар биржалары туралы, атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi, мемлекеттік мүлік, микро қаржы ұйымдары, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, зейнетақымен қамсыздандыру, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, рұқсаттар және хабарламалар, құқықтық актілер, төрелік, төлемдер және төлем жүйелері, Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу, банктер және банк қызметі, жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер, Алматы қаласының ерекше мәртебесi, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары, интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау, кредиттiк серiктестiктер, бағалы қағаздар рыногы, инвестициялық және венчурлік қорлар, қоғамдық кеңестер, коллекторлық қызмет туралы заңдар жинағы өзгеріске ұшырайды. Міне осы өзгерістермен бұқара халық танысатын болады. Себебі азаматтық іс барысында сотқа талапарызбен жүгінетіндер көп.

– Ауыз толтырып айтатындай, Заң кодекстеріне бірталай өзертулер енгізіледі екен. Соның ішінде, «Меншік құқығын қорғауды күшейту» туралы айта кетсеңіз?

– Өте орынды сұрақ. Әрқайсымызда мүлік бар. Ол – баспана, мініп жүрген көлігіңіз. Болмаса жер теліміңіз бар. «Субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы» берілген. Енді осы заң нормасында «Меншік құқығына» келесідей анықтама беріледі. Банктен ашқан шоттарыңызға және осындай шотты ашқан кезде қарыз бергені үшін қос комиссияларды және ипотекалық қарыздар бойынша 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны алуға тыйым салынатыны көзделген. Сондай-ақ, салық кодексінде, өзіңіз айтқан «Неке және отбасы туралы» Кодексте және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңында алименттік төлемдер үшін ашылатын арнайы шоттардан балаларды ұстауға арналған алименттік төлемдерді өндіріп алуға тыйым салу белгіленген. Заңда қарыз алушы-борышкердің банктік шотынан ақшаны оның берешегін төлеу есебіне алуға шектеу енгізеді, оған сәйкес оның шотында айлық ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең сома қалуға тиіс. Бұл норма қиын қаржылық жағдайға түскен қарыз алушы жеке тұлғаларды әлеуметтік қорғауға бағытталған. Мәселен, «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңында борышкердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті өз бетімен сатуы үшін 3 ай мерзім белгіленген, бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Сондай-ақ, түзетулер мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою кезінде тең құнды өтеуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды. Мысалы, «Мемлекеттік мүлік туралы» заңында өтем мөлшері нарықтық құн бойынша анықталатын болады деп белгіленеді. Қазір алып қойылатын жер телімінің құны кадастрлық баға немесе азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көзделген құн бойынша анықталады. Бұдан басқа, мәжбүрлеп алып қою жүзеге асырылатын елді мекен шегінде құны тең өзге жер телімін беру мәселесі рәсімдік реттелді. Қазіргі уақытта алып қойылатын жер телімінің орнына басқа жер телімін беру мүмкіндігі қарастырылған, алайда мұндай беру тәртібінің өзі реттелмеген. Бұл ретте, мемлекет пайдасына одан алынған жер телімінің орнына меншік иесіне құны тең жер телімін беруге байланысты шығыстарды әкімдіктер көтереді деп белгіленеді. Сондайақ, Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 1 шілдедегі №4 нормативтік қаулысына сәйкес «ерекше жағдайлар» және «мемлекеттік қажеттіліктер» ұғымдарына тиісті анықтамалар берілді. Қысқаша меншік құқығын қорғау осылай жүзеге аспақ.

– Ал мұнда, Сот жүктемесі төмендей ме, көбейе ме?

– Мәселен, Азаматтық процесстік кодексіне және «Нотариат туралы» Заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты, бұрын соттар қарап келген 9 даусыз талаптар нотариустарға беріледі. Нотариалды куәландырылған мәмілелер, жалақыны өндіру, лизингті талап ету, ломбардтардың кепілін айналымға енгізу, коммуналдық қызметтер бойынша берешектерді өндіріп алу туралы және тағы да басқа талаптарды бұдан былай тек нотариустар қарайтын болады. Бұл сот дауларының үлесі – 20%-дан астамы. Ары қарай, Азаматтық процесстік кодексінде нотариусқа жүгінуді ынталандыру шаралары енгізілген. Яғни, нотариалдық жазба арқылы өндіріп алу мүмкін болса судья талап-арызды кері қайтарады. Егер талапкер дау бар десе, судья сот шығынын талапкерге жүктей алады. Сонымен қатар, тараптардың келісімдеріне негізделген 10 талап жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізуден соттың бұйрықтық іс жүргізуіне берілді. Оңайлатылған істердің 12 категориясының 10-ын бұйрықтық іс жүргізуге беріледі. Шамамен, бұл оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған істердің 50%-ға жуығы. Демек, тараптар бір айлық мерзімде қаралатын істерді 3 жұмыс күні ішінде сот актісін алу мүмкіндігіне ие болмақ.

– Ал сот орындаушыларына қатысты қандай өзерістер бар?

– Иә, сот орындаушыларына қатысты, бұрын сот орындаушыларның қаулысын санкциялауды соттар жүзеге асыратын. Енді бұл жүйені прокурорлар жүзеге асырады. Мұнда, сот орындаушылардың банк шоттарының нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты талап ету туралы, борышкердің мүлкіне, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғаның банктердегі ақшасына тыйым салу туралы қаулыларын санкциялауды қарастырады. Алайда, борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының Қазақстан Республикасынан шығуына шектеулер және борышкерді мәжбүрлеп алып келу ісі соттарда қалады. Осылардың барлығы судьялар жүктемесін айтарлықтай азайтады, көбеймейді. Сол үшін де заңнамалық кодекстерге өзгерістер енгізіліп отыр. Керісінше, судьялардың күрделі дауларды қарауына мүмкіндік береді.

– Нотариустың атқарушылық жазбасы деген не?

– Қарапайым қазақи тілмен түсіндіргенде, атқарушылық жазба – сот орындаушыға орындауға ұсынылатын атқарушылық құжат. Мұнда, атқарушылық жазбаны жасау рәсімін, нотариаттық актіге атқарушылық күш беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ұстаным мәжбүрлеп орындату рәсімін едәуір жеңілдетеді. Яғни, өндіріп алушы борышкер тиісті азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын талаптар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, өзінің талаптарын негіздейтін құжаттарды ұсына отырып, атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуге құқығы бар.

– Шынын айтқанда, өзгеріп жатқан заңнамалық кодекстер туралы қараша қауым біле бермейді. Газет оқырмандарына түсінікті болу үшін, «Төрелік шешім туралы» заң аясында қысқаша түйіндеп берсеңіз?

– Мұны да қарапайым тәсілмен түсіндіріп берейін. Дауларды қарау кезінде төрелік шешімге шетелдік құқықты қолдану мүмкіндігі берілген. Бұл түзету квазигоссектор субъектілеріне сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының арбитражына жүгінуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тиісті саланың уәкілетті органының тарабы квазигоссектор субъектісі болып табылатын төрелік келісімді жасайды. Сондай-ақ, заң төрелік шешімді орындаудан бас тартудың негізі төрелік құрамының заң талаптарына сәйкес келмеуі ғана емес, онымен қоса осы құрам тараптарының келісіміне сәйкес келмеуі туралы нормамен толықтырылады.

– Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге көп рақмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ