Yстемақы мен жалақыға жарымаған фельдшерлер

0
1099

Баяғыда біреу: «Өлем десе» екіншісі «көмем» деп дүңк еткізіпті. Осы кертартпа тәмсіл тура жедел жәрдем дәрігерлеріне қаратып айтылғандай. Басқа мемлекеттерде қандай екенін қайдам, біздің Қазақстанда жедел жәрдем қызметкерлерінің билікке деген өкпесі қара қазандай. Былтырдан бері елде өрттей қаулаған індеттің бас жағында жүргендер осы жедел жәрдем. Шақырту түссе дабылды іске қосып, науқастарға алдымен жететін де жедел-жәрдем қызметкерлері. Алайда, індетпен күресетін дәргерілерге төленетін үстемақыдан шет қалдық, «ала қойды бөле қырыққандай бізді үстемақыға жарытпады» деп, өткен жылы Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қалаларының жедел жәрдем қызметкерлері ұлар-0дай шулаған-ды.

Енді, міне, үстемақы тұрмақ, айлық жалақымыз қысқарып, оның өзін уақытылы ала алмайтын болдық деп Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жедел жәрдем қызметкерлері наразылық танытуда.
Азық-түлік, коммуналдық төлемдердің бағасы шарықтап, «шықпа жаным, шықпа» деп күнелтіп жүргендерге бұл «жығылғанға, жұдырық тиіпті» дегеннің кері емес пе? Әңгімені әріден таратып айтсақ, өткен жылы тура осы мамыр айында Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері арасында көлік жүргізушелер «үстемақы толық төленбеді» деп бас көтерген болатын. Олардың айтуынша, бекет басшылары уәде етілген 100 мың теңге үстемақының орнына 34 мың теңгеден төлепті. «Сәуірдің соңында қолымызға 34 мың теңгеден үстемақы тиді. Құжаттарда әрқайсымызға 43 мыңнан берілді деп көрсетілген. Оның мыңға жуығын міндетті төлемдер үшін ұстаған. Сыйақыдан салық ұсталушы ма еді?! Қалған төлемді 11 мамырға дейін береміз» деп алдарқатып келді. Бүгін бесінші мамыр. Күн сайын басымызды қатерге тігіп жүргендіктен үстемақыны толық төлеуді талап етеміз», – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері. Олардың айтуына қарағанда арнайы жасақталған бригадалардың жүктемесі көбейіп кеткен күндері коронавируспен күреске де жұмылдырылатындығы. Күн сайын қауіп-қатердің бел ортасында жүрміз деген жүргізушілер тіпті сол тұста тәулігіне алатынымыз төрт бетперде, арнайы киетін костюмнің сыртында «одноразовый» (бір реттік) деп жазылған. Бір айдан бері берілгені осы бір түйір костюм ғана деп те налыды. Алайда, облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов қызметкерлерінің сөзін жоққа шығарып, «күніне әр адамға 8 маска беріледі, қорғаныш костюмдерін де жиі ауыстырамыз» деп олардың сөзін жоққа шығарып, екі тарап бірін-бірі қаралап, ақталып әлек болған-ды. «Бақсам бақа екен» демекші, Ақтөбе облысында сол кезеңде коронавируспен күрес үшін арнайы жабдықталған 24 бригадаға тиісті төлем республика бюджетінен үзбей берліп, қалған 28 бригадаға ауру жұқтыру қаупі жоқ. Сондықтан оларды қолдап, облыс бюджетінен 100 мың теңгеден береміз дегеніміз рас. Бірақ бірден емес, бөліп береміз. Өйткені, елдегі экономикалық ахуал күрделі, – деген болатын сол кездегі Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев. Осындай ереуілді Алматыда жедел жәрдем фельдшерлері де ұйымдастырды. «Уәде етілген үстемақы төленбеді, COVID-19 жұқтырған дәрігерлер де уәде берілген 2 млн. теңгеден қағылдық, шыдамның де шегі бар», деген фельдшерлер басшыларының үстінен арыз жазып құзырлы органдарға шағымданбақ болған. Коронавирустық инфекцияға шалдығып, уәде көмекті ала алмаған Алматы қаласындағы жедел-жәрдем орталығының фельдшері Айғаным Мәлтенбаева: «Бізге бұл ақша төленуі керек болатын. Бірақ барлық тізімнен алып тастаған. Сол үшін өзімізге беруі керек ақшаны сұрауға және сол туралы бір шешім шығаруға мүдделіміз. Бөлімшеде жиырмадан астам адам ауырған болса, сол жиырмадан астамы бұйрық бойынша төлемақы бізге төленбеді» дейді.
Жедел жәрдем орталығының сол кездегі директоры болған Біржан Оспанов: «Министрдің төртінші сәуірде шыққан бұйрығы бойынша ақпараттық- диспечерлік бөлім мен санитар мамандар сол бұйрыққа кірмеген. Олар ешқандай категорияға жатпайды» деп ақпарат берген-ді. Ал, әділдік іздеген фельдшерлер болса құзырлы органдарға шағым жазып, сотқа арызданған. Мемлекет басшысының уәде ақшасы түбінде бір төленеді деп үміт үзбегендердің заңды талабын қорғаған қорғаушысы Гүлнәр Жуаспаева: «Президент медицина қызметкерлеріне үстемақы беруді бұйырып, қажетті сомасын айтты. Ал, денсаулық сақтау министрлігі қазан айында Президенттің бұйрығына өзгертулер енгізді. Сол өзгертулерде жедел жәрдем қызметінің бір бөлігін үстемақыдан алып тастаған. Ал, заң бойынша қазанға дейінгі уәде етілген үстемақы төленуі керек. Фельдшерлер компромиске дайын. Басшылық сөзінде тұрып, компенсацияны уақытында төлеуі тиіс» деген-ді. Тура осындай шағымды, Шығыс Қазақстан облысы Өскеменде жедел жәрдем қызметкерлеріде көтерді. Мемлекет бұл қызметкерлерге 70 миллиард қарыз деп ұжымдық шағымға 315 адам қол қойған-ды. Індет жұқтырғандарды тасымалдап жүріп, өздері де осы кеселді жұқтырып алғандары жайлы айтқан фельдшерлер мен жүргізушілер денсаулық сақтау министрлігі ұсынған үстемақы 425 мың болса, қызметкерлер 50-80 мың теңгенің айналасында алатындарын айтқан-ды. Бұл өткен жылдың дау-дамайы болатын. Алайда жедел-жәрдем қызметкерлерінің шуы әлі басылмай тұр. Үстемақы тұрмақ жалақыға жарымадық деп Алматы облысының жедел жәрдем қызметкерлері ереуілдетті. Мұнда да фельдшелермен жүргізушілер наразылығы.
Есік қаласындағы жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша, соңғы кездері жалақы дұрыс төленбей, үзіліп-жұлынып төленіп, маңдай терлерімен тапқан нәпақалары қысқарыпты. Үстемақыдан үміттерін үзгендер «енді жалақыға зар болдық» дейді. Олардың бұл назарлықтарымен келіспеген облыс орталығының директоры Савелий Пакты түтіп жеп қоя жаздады. Жалақыларының жырымдалғандарына бірнеше айдың жүзі болғанын, күнкөрістің қиындағандарын Савелий Пактың алдында жайып салды. Пандемия басталғалы бері қауіп-қатерге басымызды тіксек те үстемақы тұрмақ жалақыға жарымадық деген 200-ге жуық қызметкер еңбектерінің елеусіз қалғанына наразы.
Әсел Құрманақын, фельдшер: «Сәуір айында тоғыз ауысымда жұмыс істедім. Сондағы алғаным 76 мың 855 теңге. Тоғыз ауысым, сосын наурызда қалған бір ауысымды төлеп береміз деген. Сонда менде 10 ауысым болады. Бірінші санатқа   8-ден 20 мыңға дейін төленеді бір ауысымда. Демек 180 мың теңге алуым керек қой».
Жәнібек Ақбас, жедел жәрдем жүргізушісі: «Осыдан бір ай бұрын жиналыс болып, сол кезде айтқан: «жүргізушілердің айлығы жалақы көлемінде 105 мың және әрі қарай қосылады» деген. Ал осы айда 105 мың да ала алмай қалдық. Бұрыннан бері 10 ауысым істегендер бар, солардың бәрі 80-90 мың алып қалды. Бұрынғы 105-ке де жетпей қалды. Еңбекақыларын даулағандарды жергілікті басшылық қырық сылтау айтып маңайына жуытпайды екен. Бұлар да коронавирусқа қатысты төленетін үстемақы түсімізгеде кірмейтін болды»деп шулайды.
Гүлмария Сауытова, фельдшер: «Пандемия басталғалы мәселесіміз көбейді. Жұмысымыз ауыр. Бірінші, екінші және үшінше кезеңде де соқыр тиын үстемақы көрмедік. Оған қоса сыйақыдан қағылдық. Жығылғанға жұдырық дегендей, жалақымызды кешігіп түсетін болды».
Қоластындағы қызметкерлердің жалақыларының жұлымданғанына облыс орталығынан барған Савелий Пак: « Бұлай болуы мүмкін емес» дегенде, қолдарындағы құжатпен басшыларын тырп еткізбеген фельдшерлер алған ебекақыларының түбіртегін көрсетті. Қызметкерлердің дәлелімен танысқан ПАК мырза ақырында «жекелеген жағдайда келеңсіздік болуы мүмкін» деп ақталды. Оның айтуынша, кадр бөліміне фельдшердің еңбек өтілі мен санатына қатысты дұрыс ақпарат жетпеген-мыс. Ауылдық жерге төленетін үстемақы да ескерілмей қалуы мүмкін деп жырымдалған жалақының өзге де себебін түсіндірді.
«Соңғы екі айды салыстырсақ, наурыз шартты түрде қымбат ай саналады. Мерекелік күндер көп. 192 сағат жұмыс істеген фельдшерлердің шындығында жұмысы артып, соған сәйкес жалақыны көп алады. Ал сәуірде жұмыс уақыты 174 сағатқа дейін қысқарды. Бірақ, бірде-бір қызметкер 170-180 мың теңгеден кем алған емес. Бізде барлығы ашық, оны бухгалтерлік есептен көруге болады. Ал, жалақыға қатысты олқылық анықталса, төлем жасалады» – деді ол.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Елдің бәрі еріккенен ереуілге шығама, егер де жергілікті билік солардың мұң-зарына дер кезінде құлақ асып, түйткілдерін шешіп берсе, «Құда да, құдағи да тыныш болмай ма?». Өткенде, базардағы шағын кәсіп иелері дүрлікті, араға апта салып жедел-жәрдем қызметкерлері шулады. Савелий Пак мырза айтқандай, расыменде олқылықтар кеткен болса, басшы неге оны өз тарапынан ертерек аңғармаған. Міндетті түрде наразылық білдіргенде, ақпарат құралдары шулағанда атқа қону керек пе? «Біреудің жоғын біреу, өлең айтып жүріп іздейді» деген осы ғой!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ