Кімге дауыс бересіз?

0
1386

«Мен президент боламын» деп талпынған жеті үміткер, орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізіп,  лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа жазбаша, үш беттен аспайтын мәтінді оқып, берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, тақырыпты тереңірек ашу үшін комиссия қосымша  қойған сұрақтарға жауап беріп, мемлекеттік тілден сынақ та тапсырып үлгерді.

Хош делік, «Ақ жол» партиясының атынан Президенттіке үміткер Дания Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырған соң көзіне жас алғанын ақпарат құралдары жарыса жазды. Жалпы, қазақ мемлекетінде тәуелсіздік алғалы бері  5 мәрте президенттік сайлау өткен-ді. Осы аралықта, президенттікке үміткерлікке әйел адам қатыспаған-ды. Тұңғыш рет, «Ақ жол» партиясы  нәзік жанды өз үміткерлерін ұсынып отыр. Бұрын саяси сахнада көрінбеген, өмірінде үш мәрте сынақ тапсырған Дания ханымның жылайтындай жөні бар.

Коммунистер партиясының атынан президенттікке үміткер, парламент мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков. Компартияның жырын жырлап жүрген саңлақ, партия төрағасы  Владимир Борисович Косаревтің сарбазы. Мовзалейде жатқан күн көсем атанған Ленинді Қазақстанға әкеп жерлеу керек ұранын тастаған да осы кісі болатын. Қызылдардың атынан ұсынылып отырған кандидат 58 жаста. Каратэ қара белбеуінің иегері. Саяси платформасында ол: «Кедейлікпен күреске баса мән беремін, отандық өнімдерге қолдау көрсетіп, халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болатындай етемін»,– деп білегін сыбанып отыр.

Үшінші үміткер «Ауыл» партиясынан  Төлеутай  Рақымбеков. Партия төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша мемлекеттік қызметте өзінің ұлтжандылығын көрсетіп,  қоғамға жақсы таныс дейді. Алайда, бұқара халық, осы жеті үміткердің ішінен қоғаммен бірге қайнап, елге етене таныс екі тұлға, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Ұлт тағдыры» республикалық-қоғамдық бірлестігінің атынан президенттікке үміткер  Әміржан Қосановтың арасында бәсеке өрбиді деген жауыршылар мен саясаткерлердің жорамалы бар. Тіпті, Әміржан Қосанов туралы фейзбукте қазақтың жаңа Зелинскиі пайда болды, оппозициялық бағытта шырылдап жүрген, сонау желтоқсан оқиғасынан бастап бүгінгі қоғамдағы  жаңа адам, жаңа үміткер деп жар салып жатыр. Қалай болғанда да қазаққа басқалардан гөрі жақын, ұлтын шын жүрегімен сүйетін, хылқының қамын ойлайтын Әміржанға жұрттың бүйрегі бұрып-ақ тұр. Соған қарағанда «Нұр Отан» ұсынған үміткерге бірден-бір қарсылас бола алатын да осы Қосанов десек, қателеспейміз.

Ал, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан Сәдібек Түгел, «Еш партияда мүшелікте жоқпын. Менің ұраным «Әділдік, теңдік, бостандық», – деген азаматты Қазақстан халқы спорттық шаралар барысын жақсы тануы мүмкін. «Қазақстан республикасының кәсіподақтар федерациясы» Респуликалық кәсіподақтар бірлестігінен президенттікке үміткер Амангелді Таспихов бар. Кандидаттарын ұсынған партиялар мен қоғамдық бірлестіктер енді халықтан қол жинау үшін жан таласып жатыр. Әрбір кандидат өзін қолдаушы 118140 сайлаушының түп-нұсқадағы қолын жинауы шарт. Сайлау басталады дегенде түрлі жорамалдар айтылып, Иманғали Тасмағанбетовті сайлау додасынан көргісі келетін бұқара интернет желісінде ол кісіге қаратып түрлі хаттар да жазды. Дариға Назарбаева президенттікке таласу бек мүмкін деген пайымдауларда болды.  Саясат сахнасына кімнің бағы жанып, кім таққа отыратын бір құдай ғана біледі.  Ақан сері айтпақшы «Ат қостым, ай, айдаушы, айда деймін» дегендей «алдыңғы ат баран болмай қылаң болды, ай-ай, Бөрібай-ай» деп, аһ ұратында, салмағы мен сақасы алшы түсетін, тақ таласында сіз кімді қолдайсыз, құрметті оқырман?!

Жүрсін ЕРМАН:

– Әйел адам басқаратындай не күн туып қалды бізге?! Қазақтың дәстүрінде ондай ешқашан болмаған. Сондықтан ол әңгіме ертерек қой деп ойлаймын. Қанша демократиялық ел болғанмен, қазақы болмысты елміз ғой…

Әзімбай ҒАЛИ:

– Кейбіреулер Тоқаевта мінез жоқ дейді. Жоқ, мінез бар онда. Сондықтан бұл жігіт біраз уақыт лоялды болады, сосын біраздан кейін ақырындап билікті өзіне тарта бастайды. Оған ешкім бәсекелес бола алмайды, тіпті легитимдікті де бермейді. Сондықтан нақты легитимдік болуы үшін бір Ермұрат Бапи жеткіліксіз, Қосанов жеткіліксіз, шетелден Жақиянов, Әблязовтарды шақыру керек.

Андрей ЧЕБАТОРЕВ:

– Кандидаттар арасында үлкен тартыс болады деп ойламаймын. Тек, Тоқаев пен Қосанов арасындағы тартыс қызықтырақ болуы мүмкін. Өйткені Әміржан Қосанов қазір «Жаңа Қазақстан» ұлттық патриоттық форумының белсенді мүшесі. Осы тұрғыдан қарасақ жас патриоттар оны қолдайды. Сондықтан сайлауалды кампания қызықты болады. Ештеңе өзгермейді деген бос сөз. Басшылық ауысқан кезде қандайда бір өзгерістер бәрібір орын алады. Мүмін бірден болмауы мүмкін, дегенмен уақыт өте келе өзгерістер болады.

А.МҰХАМАДИ.


ПІКІР ЖАЗУ