Балабақша бағасына байлам болмай тұр

0
2665

Балабақшаның базарлы әрі ажарлы үй болғанына не жетсін?! Балалық шақтың бақыты саналатын осы мекемелерге халықтың өкпесі қара қазандай. Себеп, бала тәрбиесіне жауапты мекемелерде мемлекеттік балабақшадан бөлек, жекеменшік балабақшалардың бағасына байлам болмай тұр. Жасыратын несі бар, жекеменшік балабақша – кәсіптің бір саласы. Ал, оның сапасы мен бағасына кепілдік жоқ. Тіпті балабақша бағасын жекеменшік ұйымдардың өздері белгілейді, оны білім бөлімі де, бағаны реттеп отыратын монополияға қарсы мекеме де: «Бақылай алмаймыз» — деген уәж айтады.

Еліміздің мегаполисі саналатын Астана мен Алматы қалаларының бағасы өз алдына. Мемлекеттік балабақшалар саны өте аз. Онда кезекте бірнеше жылдап тұруға тура келеді. Ал, заман талабына сай етіп салынған жекенің меншігіндегі балабақшалардың бағасы күн көзіне қарап құбылған күнбағыстай құбылуда. Оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Астана мен Алматыда жекеменшік балабақшалардың бағасы бір балаға айына 40 мыңнан бастап, 120 мың теңгеге дейін барса, Талдықорған қаласының өзінде мемлекеттік балабақша кезегін сарылып күтуден жалыққан ата-аналар сәбилерін жекеменшік балабақшаларға сүйрелеуде. Алысқа бармай-ақ өз басымнан мысал келтірсем де болады. Тұңғышым өмір босағасын аттай салысымен мемлекеттік балабақшаның кезегіне тұрдық. Екі жас-тан асқанда әлі 69-кезекте болып шықтық. Түйенің толғағындай ұзаққа созылған кезектен шаршадық. Жас отбасы болған соң, жұмысқа шығуға тура келіп, қалтаның жағдайына қарай, жекеменшік балабақшаларды сүзгіден өткізіп таңдадық. Біріне көңіліміз толды, енді бірінің антисанитарлық жағдайы көңілімізге қонбай, қолжетімді дегеніне таңдау жасап, баламызды бердік. Бір емес бірінің артынан бірі өмірге келген екі балапанымызды апарамыз. Сол жекеменшік балабақшаның қолжетімдісінің өзіне баласын апаруға жағдайы жетпей отырған көптеген әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар қаншама. Алдайда, жекеменшік балабақшалар туралы арнайы заң жоқ екен. Оның құрылтайшысының ішкі ісіне жоғарыдағы білім бөлімі мен бағаны реттеп отыратын антимонополия комитетінің құзыры жүрмейді. Өздері солай деп жауап беріп отыр. Енді сәл жекеменшік балабақшалардың ұстанған бағытына зер салсақ. Олар бірінші орынға балаларды емес, өз пайдасын қоятыны ащы да болса ақиқат. Жекеменшік түгіл, қазіргі таңда мемлекеттік балабақшалар жайының өзі көпшілікті қатты алаңдатуда. Екі салада да, кейбір балабақшаларда санитарлық тазалық жайлы аз дабыл қағылып жатқан жоқ. Балабақшаның өз жайы былай тұрсын, ондағы тәрбиешілер жайлы небір сұмдықты интернет желілері мен көксандықтың көгілдір экраны, ақпарат құралдары жазып та, көрсетіп те жүр. Мәселен, Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы балабақшада, сәбиді жастықпен тұншықтырып, бозторғайдай шырылдатып ұйықтатпақ болғаны бүкіл әлемге тарады. Одан бөлек сәбилерге қол көтерген бала күтушілер туралы интернетте түрлі видеоларды көруге болады. Жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілерді жұмысқа қабылдау кезінде, аса мән бермейтінін жасырып-жабуға болмас. Сонда, болашақтың тұтқасын ұстайтын ұрпақты кімнің қолына сеніп тапсырдық дей аламыз?! Балабақшадағы баланың амандығы ғана емес, сол балабақшадан тәлім алып өсетін өркендердің де сана сезімдері үйдегі балалардан анағұрлым жоғары болуы керек-ті. Біз бірді айтып, екінші бағытқа ауып кетпей тұрып, әуелі балабақшалардың бағасы туралы ойымызды өрбітсек. Талдықорған қалалық Білім басқармасы мамандарынан балабақшаның бағасы туралы жауап алу мүмкін болмады. Дегенмен осы айдың 25-інен бастап жекеменшік кейбір балабақшалардың бағасы өсетіні белгілі болды. Қала бойынша ең жақсы, барлық талаптарға сай деп саналатын «Ален» балабақшасы 1 балаға айына 20 мыңнан 23 мыңға өсіру мүмкін екендерін айтты. Балабақша меңгерушісі Ақжан Ботаханқызының айтуынша, 2015 жылдан бері 20 мыңдық төлемді өсірмей ұстаған мекеме, барлығы қымбаттап жатқанда өсірмеске болмапты. «Біздің балабақша барлық талаптарға сай. Ата-аналарға артық ештеңе сатып алғызбаймыз. Бәрі өзімізден. Ағылшын, логопед, психология барлығына біз өзіміз ақша шығарамыз. Мемлекеттен бізге бөлінетен қаржы тәрбиешілердің жалақысы, кейбір шығындарымызды ғана өтеді демесек, көп нәрсені өз қаражатымызға жасатамыз. Тіпті, тәрбиеші мен бала күтуші жалақылары негізінен ең төмені 40 мың деп бекітілген болса, біз үстіне қосып 50 мыңнан көбірек төлеп отырмыз. Бірнеше жыл тәжірибесі бар тәрбиешілерге тіпті көп төлеуге мәжбүрміз. Өйткені, бізге жақсы маман керек. Оларға өз қаражатымыздан қосамыз. Өйтпесек мамандар көп тұрақтамайды. Ал, тәрбиешінің ауысуы, балалардың психологиясына жаман әсерін тигізуі мүмкін» – деген балабақша меңгерушісі бағаны барынша өсірмеуге тырысатындарын да жеткізді. Бұл – тек балабақша мәселесі. Енді бағаның қымбаттауы тек бұл емес, азық-түліктер, жол ақысы, киім-кешектер де бұрынғыдан айтарлықтай қымбаттаған. Өзіңіз есептеп көріңіз. Талдықорғанда орташа жалақы 80 мың деп айтады. Бірақ, қолыңызға тиетін нақты ақшаны қараңыз. 80 мың бізде жақсы еңбекақы. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің бас маман лауазымындағылар осы сумманы алуы мүмкін. Мұғалімдер, медбикелер алады. Ал, жекеменшіктегі мекемелер қызметкерлері 50- 60 мыңның көлемінде ғана еңбекақыларын алуда. Оның нақты дәлелі балабақшадағы тәрбиешілердің қолдарына таза алатын жалақыларынан көруге болады. Оны бүгінгі нарық жүйесіндегі бағалармен салыстырсаңыз тапқандары тамақтарынан артылмайды. Оның сыртында коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Мен еңбек ететін жекеменшік мекемеде қолымызға тиетіні – 50 мың. Жолдасым 80 мың алады. Екі баламыз 23 мыңнан балабақшаға барады делік. Менің айлығым тек балабақшамен есеп айырысуға ғана жетеді. Олардың киімдері, дәрі-дәрмектері, күнделікті жолдарының өзі қаражатқа келіп тірелмей ме? Есептеп көрейік: 1 балаға – 1 айға: 23 мың – балабақшаға; 15 мың – киіміне (ең аз дегенде); 5 мың – жолына. Шыққан сумманы қанша балаңыз болса, сол санға көбейтіңіз. Жалпы шығын – 1 айға: 25 мың – азық түлікке (кемінде); 20 мың – коммуналдық төлемдерге; 15 мың – жолына және түскі асқа шағып көріңіз. Бұл тек қана менің басымдағы жағдай емес. Ортаңқол тірлік кешіп жатқан әр отбасыға тиесілі. Демек, балаларын балабақшаға бергісі келетін отбасыларға бұл оңайға түсіп тұрған жоқ. Мемлекеттік балабақшалардың бағасы бақылауда деген білім бөлімінің басшылары, жекеменшік балабақшаға бақылау жасай алмайтындарын айтады. Сонда «Қайдан құлақ шығарса қазаншының өз еркі» дегендей, жекедегі балабақшаларға кім бақылау жасайды?! Бұған бағаны бақылайтын монополияға қарсы мекемеге хабарлассақ олар да оған біздің құзыретіміз жүрмейді дейді. Бір сөзбен айтқанда, шаруаларды шатқаяқтатқан дизель отынның бағасы шарықтағандай, жекеменшік балабақшалардағы бағаға байлам жасар бір құзырлы мекемені таппадық.

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.


ПІКІР ЖАЗУ