Дарақылықтың кімге керегі бар?

0
1639

Маусым айының соңында жүректері лүпілдеп жүрген түлектер тыныштала ма десеңіз, қателесесіз. Сауданың да қыж-қыж қайнап, бәсекелестіктің де шарықтау шегі осы тұсқа дөп келеді. Себебі, қолына аттестат алған жеткіншектер мектеп бітіру кешін ұйымдастырып, мәре-сәре болады. Өмірдің жаңа бір кезеңіне аяқ басқан түлектердің қуанышымен бөліскен де орынды шығар. Бірақ оны ұланасыр тойға айналдырудың жөні бар ма?

Шындығында, түлектер кеші тойдан арман өтетін болды. Даңғазаға бой ұрып бара жатқанымыздың бір куәсі де – осы кеш. Бір күндік атестат алу кешіне керек-жарақтарды – қымбат көйлек пен аяқ киім, сәндік бұйымдар, мейрамхана, сыйлықтар, қымбат көлік, шаш үлгісі, бет әрлеу, сәнді тырнақ қажет деп тізе беруге болады. Осындай шашпа қылықтан оқушылардың арасына жік түсіп, киген киімдері, жиған ақшалары – бәрі-бәрі талқыға түседі. Қай сынып қай мейрамханада тойлады деген бәсеке де қызады.

Біреу тоңып, біреу тойып секіретін түлектер кешін тойлауды тоқтату керектігін, яғни артық шығынсыз, жарыссыз, ата-ана мен ұстаз, түлектер емен-жарқын әңгіме айтып, өнегелі түрде өткізу туралы әлдеқашан айтылған. Бірақ, «Баяғы жартас – сол жартас». Тіпті ата-ана «мақтан кешінде» «ұятқа қалмауға» тырысса, қыздар сәнді көйлектерімен жарысады. Сондықтан санаулы ғана балаларымнан несін аяймын деп барын берген, болмаса қарыз алған ата-аналар қатары көп.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова бұл мәселені тағы көтеріп: «Негізі, бұл мәселе жыл сайын көтеріліп тұрады. Бірақ бұрыннан бері келе жатқан жақсы бір дәстүр бар. Ол – түлектердің кешін мектепте өткізу. Ондайда мұғалім мен оқушы арасында салиқалы әңгімелер айтылады, түлектердің өзара қарым-қатынасы да басқаша жүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері кім және қайда өткізеді, кәдімгідей бәсеке болып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің ата-аналарымыз солай өткізді. Біз де мектепте өткіздік. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады», – деді. Сонымен қатар министрдің айтуынша, кез келген шарада мектеп те, ата-аналар да балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет. «Сол себепті біз ондай кештер тек мектептің территориясында ғана өтуі керек деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі керек. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет», – деп атап көрсетті.

Десе де, Білім және ғылым министрлігінің, ұстаздар қауымының қарсылығына қарамастан түлектер мен ата-аналар бітіру кешін мейрамханада өткізуге, көл-көсір ақша жинауға қарсылық танытпай отыр. Әр түлектің отбасында жиналатын «тариф» құны 100 мыңнан асады. Бағаның шарықтаған тұсында керек-жарақты есептеп қарасақ, нәтижесінде бойжеткенге 70-90 мың, бозбалаға 60-80 мың аралығында қаражат жұмсалады екен. Сыйлық, салтанатты мейрамхана, танымал асаба, шетелдік көлікке жиналатын ақшаны қоспағанда тек түлектің өз басына осыншама қаржы кетеді. Бір күнгі кеш үшін мұнша қаражат көп емес пе? Сонда тұрмыстық жағдайы төмен немесе көп балалы отбасы балалардың жағдайы не болмақ? Бұл – психологтарды аса алаңдатқан сауал. «Соңғы уақыттағы суидцидтің көбеюінің бір себебі, жас жеткіншектердің қатардан қалуынан, әлі өмірдің маңызын түсініп болмаған жас жеткіншекке суидцидтен басқа амал қалмағандай көрінеді», – дейді мамандар.

Ысырап пен баланың психологиясына, енді қауіпті жайларды қосыңыз. Бұл күні әкелерінің көлігін мініп кететіндер қатары да көп. Өкінішке орай, дәл осы күні 18-ге толмаған, жүргізуші куәлігі әрі тәжірибесі жоқ түлектердің апатқа түскендері де аз емес. Кештің соңы төбелеспен аяқталып, енді ғана жаңа өмірге қадам басқан түлектердің денсаулықтарына зиян келетіні тағы бар.

Сондай-ақ, бұл мәселені көтерушілер ақша жинауға мектеп ұжымын кінәлап, жазғырып жатады. Ал шындығында, біздің қоғам қоштасу кештерін өткізуге мұғалімдердің де қарсы екенінен бейхабар. Мұны жайдан-жай айтып отырғанымыз жоқ. Әр түрлі өңірдегі ұстаздардың пікірі осы. «Түлек қауіпсіздігіне алаңдаймыз, өз балаларымызды қараусыз қалдырып, таңға дейін жүреміз» деп ойларын ашық айтты.

Түлектер кешін өткізудің форматы төңірегінде ата-аналардың көзқарасын бірден өзгерту қиынырақ. Себебі сол түлек біреуінің тұңғышы, ендібіреуінің еркесі. Сондықтан ысырапты азайту қажет екенін де мойындамайды. Қатарластарынан қалдырмаймын, баламның еңсесі төмен түспесін деп және баламның тілегін орындап жүрмін деп асыра сілтеп жібергендерін байқамай қалады. Дей тұрғанмен, «Бір ғана мектеп бітіру кеші үшін өте қымбат баға шықты. Баламның көңіліне қарап қосылуға тура келді. Мұндай кешті өткізуде ысырапқа жол бермейтіндей жолын қарастыру керек» деген ата-аналар пікірін қайда тастаймыз? Шындығында халықтың әлеуметтік жағдайы қай деңгейде екені белгілі. Өкінішке орай, өте жақсы деп ауыз толтыра алмаймыз…

ТҮЙІН:

Мектеп бітіру – түлектің өзі үшін де, ата-анасы үшін де есте қалдыруға тұрарлық оқиға екеніне дауа жоқ. Бірақ, даңғазаға айналып бара жатқан кешке мектеп мұғалімінен бастап, жергілікті әкімдік, Құқық қорғау органдары төтенше жағдайға дайындалғандай дайындалатын болды. Даңғаза мен дарақылықтан алдымызға жан салмай келе жатқанымыз сондай, 11-сынып бітірушілерді айтпағанда, балабақша мен бастауыш сыныпты тәмамдаған бала үшін де бітіру кештері тойланады.

Жоғарыда айтылғандарды сараласақ, көкейде сауал көп… Бір мектеп бітіру кеші осынша мәселе тудырып, тіпті өліммен аяқталуының себебі неде? Үш-төрт сағаттық кеш үшін бір-екі айлық жалақысын шаша салатын ата-аналарға не дей аламыз? Соншалықты дарақылықтың кімге керегі бар? Биыл мектеп бітіруші түлектерге қымбат көлік жалдап, қымбат мейрамханада дастарқан жаюға шектеу бола ма? Әлде мектеп бітіру кеші жылдағыдай деңгейде өте ме? Білім басқармалары дүбірлі кештерін ұйымдастыруға тыйым сала ала ма?

Тоқсан ауыз сөзіміздің тоқетері, қоштасу кеші түлек үшін де, ата-ана үшін де тәрбиенің көрінісі болуы тиіс. Мазмұны мен негізгі сипаты «мамандық  таңдау», «үлкен өмірге қадам басу», «ата-ана мен ұстаздардың сенімін ақтау», «болашаққа нық қадам» деген ұғымдар төңірегіне ауысуы керек. Әр елде түрлі форматта өтетін қоштасу кештерінен керегін алып, қажетсізін қайтару керек. Биылғы аттестат тапсыру рәсімі жылдағыдан өзгеше өтсе екен дейміз. Сіз келісесіз бе, оқырман?!

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ