Паллиативті көмек қалай көрсетіледі?

0
30694

Медицинаның дамып, көптеген ауруды алдын алу мүмкін болып жатса да, адамзаттың ырқына көнбеген ауыр дерттердің бары жасырын емес. Аты жаман ауруды түбімен құрта алмасақ та, зардабын жеңілдетіп, салдарымен күресу қолымыздан келеді. Қайғыңмен бөліссең азаяды демекші, тығырыққа тірелген адамның жанынан табылып, барынша қолдау білдіру, біз қозғағалы тұрған «паллиативті ем» тақырыбының басты мақсаты. 

      Сапалы дәрі-дәрмектер мен түрлі технологиялардың күші жетпей,  дерті асқынып, жанын қоярға жер таппаған науқастың алдағы өмірі не болмақ? Қатерлі ісік,  АИТВ, жүрек немесе бүйрек жетіспеушілігі, диабет, тыныс алу және жүйке жүйесінің ауруының соңғы кезеңінде ешқандай ем қонбайтыны бәріне мәлім. «Медицинаның мүмкіндігі осымен шектеледі» деген дәрігердің үкімінен кейін айықпас дертке шалдыққан адамға қандай көмек көрсете аламыз? Өлім аузында жатқан науқасқа медицина мен жоғары білікті дәрігерлердің жасай алатын соңғы амалы  «паллиативті ем» немесе «паллиативті көмек көрсету» деп аталады. Бұл әдістің басты мақсаты – ем жүрмейтін  науқастарды күту, олардың ауыртпашылығын жеңілдету, тіпті отбасы мүшелеріне қиын сәттерде  қолдау білдіру.

     2013 жылдан бері елімізде жүйелі түрде қолға алынып, науқасқа қалыпты өмір сыйлайтын медицинаның бұл саласы осы жылдан бастап Талдықорған қаласында ашылды. «Облыстық көпсалалы клиника» МКК онкологиялық науқастарға арналған «Паллиативтік терапия» бөлімінің меңгерушісі, екінші дәрежелі терапевт-дәрігер Сания Галямованың айтуынша, 20 төсекті бөлімде қатерлі ісікке шалдыққан 13 науқас паллиативті ем алуда. 

      – Паллиативті көмек – ем қонбайтын созылмалы ауруларға, әрине соның ішінде онкологиялық науқастарға қолданылады.  Біздің жұмысымыздың басты мақсаты төртінші клиникалық топтағы науқастардың өмірінің соңғы кезеңдерін қиындық пен азапсыз өткізіп, өмір сүру сапасын және жалпы жай-күйін жасқартуға бағытталған. Паллиативті ем – науқасты ауруынан айықтыра алмайды. Бұл әдіс тек ауырсынуды сездірмейтін дәрі-дәрмектер беру арқылы науқастың жағдайын қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік жасайды. Біз паллиативті ем көрсетуді бастамас бұрын, дәрігерлер консилиумында науқастың жағдайын толыққанды зерттеп, қолымыздан келетін барлық мүмкіндіктерді бағалай отырып шешім қабылдаймыз.  Көп жағдайда науқастар да, олардың туыстары да паллиативті емнің не екенін білмей, үміттерін үзіп, қол қусырып қалады. Дәл сол кезде біз олармен сөйлесіп, барынша ақпараттандырамыз. Тіпті аурудың соңғы кезеңінде де қалыпты, толыққанды өмірін жалғастыруға мүмкіндік барын айтып, симптомдық ем қабылдауды бастауды ұсынамы –, дейді ол.

     Ем жүргізудегі осы әдістің басты айырмашылығы науқасқа ерекше көңіл бөлінуінде. Себебі, оның дертке толы тәнімен қоса, жан күйзелісі, әлеуметтік мұқтаждықтары, рухани қажеттіліктері бар біртұтас тұлғалық ерекшеліктері паллиативті ем жүргізетін дәрігерлерінің жіті қадағалауында болады.  Мұның бәрі аурудан гөрі маңызды. Егер науқастың үміті үзіліп, қатты қайғы-мұңға салынса оның физикалық жағдайы да нашарлайтыны белгілі. Ал паллиативті көмек көрсететін дәрігерлер ең алдымен науқастың арқа сүйері болуға тырысып, оның өмірінің соңына дейін жанынан табылады. Оған қоса дәрігер науқастың туыстары мен жақындарының да жағдайын бақылауда ұстауға тырысады. Себебі осындай қиын кезеңде науқастың жағдайына айналасындағы жандардың да әсері бар.  Олар дертке шалдыққан жақынына тиісті күтім жасауды, дұрыс қарым-қатынас орнатуды  үйреніп, берілген жағдайда жайлы өмір сүруге дағдылану керек. Осы кезде психолог және социолог мамандардың қолдауы аса маңызды.

     «Паллиативті көмек көрсетудің аясында науқастарымыздың және олардың туыстарының эмоцианалды-психикалық жағдайын жақсартуда психолог және социолог мамандардың зор еңбегін атап өтпеске болмайды. Ем жүргізу барысында науқастың күйзелісі, қорқыныш сезімдері байқалған жағдайда жұмысқа психолог кіріседі. Ол емделушімен  жеке консультация жүргізіп, керекті әдістерді қолдана отырып оның көңіл-күйі мен сезімдерін қалыпты жағдайда ұстап тұруға ықпал етеді. Ал социолог маманның жұмысы болса, науқастың қамқоршысы болмаған жағдайда оған күтім жасауға, тиісті құжаттарды рәсімдеуге, емделушінің өз бетімен шешімін таба алмайтын басқа да әлеуметтік мәселелерін реттеуге негізделген», – дейді Сания ханым. Осылайша, паллиативтік көмек көрсететін мамандар науқасқа және оның отбасына барынша белсенді әрі қалыпты өмір сүруге, нақты жоспарлар құрып, өздерінің әлеуметтік, құқықтық, рухани мәселелерін шешуге жәрдемдеседі.

     Терапевт-дәрігердің айтуынша, емханадағы паллиативті ем жүргізетін бөлімде жатып, мамандардың бақылауында болуға келіспейтін емделушілер де бар. Олар емді туыстарының күтімімен өз үйінде жалғастырғысы келетіндер екен. Бұл жағдайда да оларға паллиативтік көмек көрсетіледі. Тәжірибелі дәрігер, медбике, психолог және социологтан құралған мобильді бригада  ауыр дертке шалдыққан науқастарға үй жағдайында паллиативті көмек ұсынады. Қалалық емханалардың негізінде құрылған бұл топтың жұмысы стационарлық түрде қызмет көрсетуге ұқсас.  Науқастан шақырту алған мобильді топ оның тұрғылықты жеріне келіп, керекті ем-домын жүргізіп, әрі психологиялық және әлеуметтік көмек те көрсетеді. Дәрігерлер үкімі шығарылған соң  паллиативті ем алу немесе одан бастарту науқастың және оның туыстарының өз құзыретінде. Бірақ берілген мүмкіндікті пайдаланып, науқастың қалған өмірін жақсарту туыстарының да дәрігерлердің де басты міндеті болып қалады.

     Ауыр дертпен күресіп соңғы емнен бастарпай, жағдайы жақсарған науқастар да бар. Толығымен айғып кетпесе де, паллиативті ем жүргізудің әсерінен ауырсынуы басылып, көңіл-күйі де жақсарады. Ал осындай алға жылжулар байқалған сәтте  дәрігерлер жаңа ем бастауды қолға алады. Науқастың жайы дәрігерлер консилиумында қайта қаралып, емнің басқа түрлерін қолдану мүмкіндігі туады. Мысалы, жекелеген жағдайда паллиативті ем негізінде, бір кездері әсер етпеген сәулелік ем (лучевое лечение), химиялық терапия, тіпті паллиативтік мақсатта хирургиялық әдістер қайта қолданылады. Ал осы емнің барлығы науқастың жағдайын қалыпты ұстап тұруға оң әсерін береді.

    Қалай десек те паллиативті ем дәрігерлердің де, науқастың туыстарының да қолынан келетін соңғы амалы. Оның түпкі себебі аурудың ерте кезде анықталмауы екені түсінікті. Мысалы, қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың диагнозын ерте кезде анықтау көрсеткіші Алматы облысы бойынша 23 пайызды құрайды. Өткен жылы өңіріміздегі 2835 адамнан қатерлі ісік анықталған. Олардың ішінде төртінші клиникалық топтағы науқастар дәл осы паллиативті ем  ғана  ала алады.  Қолдан келер соңғы амалға жүгінгенше, аурудың алдын орау маңызды деген  терапевт-дәрігер  ағзада орын алып жатқан, бұрын байқамаған барлық өзгеріске бейжай қарамау керектігін айтады. Яғни,  дер кезінде толыққанды мамандандырылған дәрігерлік  тексерістен өтіп тұруды әдетке айналдыру аса маңызды.  Кез келген ауру адамның психологиясымен де тығыз байланысты. Сол себепті күйзеліске, шектен тыс қобалжуларға салынбау, психоэмоционалдық жағдайды бақылауда ұстау керек. Зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстап, пайдалы іспен айналысу денсаулыққа жағымды әсер беретінін санада ұстау қажет.

                                            Айсұлу ӘБІШЕВА

Кілтсөздер:МЕДИЦИНА


ПІКІР ЖАЗУ