Жаңа маусымға дайындық басталды

0
1918

Қант қызылшасы – Жетісу жерінің төл дақылы. Республика бойынша өндірілетін тәтті түбірдің  едәуір көлемі біздің облысқа тиесілі.  Яғни елімізде тәтті түбір ең алғаш рет Талдықорған өңірінде өсірілген еді.

 Ал бір кездері бүкіл одаққа қант таратқан Ақсу қант зауыты жабылып,   оны сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қозғап,  көп ұзамай   Ақсу қант зауыты қайтадан іске қосылып, өнім қабылдай бастады. Одан кейін араға екі-үш жыл салып  Ақсумен қатар Көксу қант зауыты ашылды. Содан бері екі зауыт та тынымсыз жұмыс істеуде. Соңғы жылдары  өнім қабылдау, қант өндіру жұмыстары өркендеу үстінде.

 Биыл да Көксу қант зауыты жаңа маусымға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Кәсіпорындағы жөндеу жұмыстары 20 сәуірден басталды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көксу қант зауытының басшылығы алдымен жөндеу жұмыстарының кестесін жасаған. Мұндағы 8 цехты жаңа маусымға дайындау жұмыстары қызу жүруде. Ал  оған 170 адам тартылған. Қант қызылшасын өңдеу желісінің негізгі тораптарына ағымдағы жөндеу мен дефектілік жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса қамыстан қант өңдейтін жаңа желінің құрылысы аяқталуға жақын.

Қант қызылшасын қабылдау пункттері мен зауыттың жөндеу жұмыстары биылғы жылдың 15 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Ол үшін қаржылық мүмкіндіктер де, еңбек ресурстары да жеткілікті екенін  айтады зауыт директоры Алтынбек Абатов.

Көксу қант зауыты өткен жылы 260 мың тонна шикізат өңдеп, 32 мың тонна қант алған. Ал биылғы жылы 285 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 38 мың тонна дайын өнім алу межеленген.  Жалпы облыс бойынша өткен жылы Ақсу және Көксу қант зауыттары бірлесіп 51 мың тонна қант өңдеп шығарды. Биыл бұл көрсеткіш 58 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған. Осы ретте бүгінгі күні тәтті түбір 16 100 гектарға себіліпті.

С.БАЗАРҚҰЛОВА.

Кілтсөздер:ӨНЕРКӘСІП


ПІКІР ЖАЗУ