Соңғы қоңырау соғыла ма?

0
2263

Дүние   жүзінің  елдерімен бірге бізде де коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұл білім беру саласына өзгерістер алып келді. Яғни, білім жүйесі қашықтықтан оқыту форматына көшті.

АЛҒАШЫНДА    –  ұстаздар,  ата-аналар мен оқушылар үшін күтпеген жағдай болды. Әр ұстаздың,  оқушының санасында  түрлі сұрақтармен бірге іштей қорқыныш, үрей, қобалжу  болғаны да  рас.  Алайда,  ұстаздар, оқушылар  бұған  тез бейімделді. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей, ұстаздар  оқушыларына  әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы білім бере бастады. Балаларға  мотивация беру арқылы сабаққа деген қызығушылығын арттыра білді. Себебі, жақсы сөз жанға-жақын, құлаққа жағымды, ойға қонымды емес пе?

Әне-міне дегенше, қашықтықтан оқытудың соңғы аптасы да  келіп жетті. Ендігіде, мектеп бітіруші  түлектерді ҰБТ сынағы күтіп тұр. Ал жыл бойы білім нәрімен сусындаған балалар үшін жазғы каникул есігін айқара ашпақ.

Өңірімізде биылғы оқу жылын  қанша оқушы тамамдап отыр, оның ішінде  мектеп бітірушілердің үлесі?  Қашықтықтан оқыту ойдағыдай жүзеге асты ма,  нәтижесі қандай? Жалпы, оқу жылын қандай нәтижемен аяқтауда, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктері олимпиада, ғылыми жоба жарысы туралы.  ҰБТ ға қатысты өзгерістер бар ма? Облысымыздағы дайындық деңгейі қандай? Балалар үшін жазғы демалыс ұйымдастырыла ма?

Бұл туралы Алматы облыстық білім басқармасы берген мәліметке жүгінсек, биылғы оқу жылын  411074 оқушы  аяқтап отыр. Олардың 15 256-і  мектеп бітірушілер. Ал  оның ішінде  «Алтын белгіге» –1176  түлек, ал үздік аттестатқа –  851мектеп бітіруші үміткер.

Жалпы,  өңір  бойынша 760 мектепте 411  мыңнан астам оқушы білім алады. Қашықтан оқыту үш бағытта жүзеге асырылған. Яғни, 53 пайызы (217 мың оқушы)  интернет платформалар арқылы, 47 пайызы  (193 мың оқушы) «Балапан», «Еларна», «Қазақстан» және облыстық «Жетісу»  телеканалдары арқылы білім алса,  168 оқушыға тапсырмалар «ҚазПошта» АҚ арқылы қағаз жүзінде жеткізіліпті. Қашықтықтан оқытуда  40,8 млн  теңгеге 159  компьютер сатылып алынса, 239 млн  теңге көлеміндегі қаржыға 1473 компьютер және басқа да техникалық құрылғылар қосымша сатып алынған. Сондай-ақ, оқушыларға 10,5 мың мектеп компьютері уақытша пайдалануға берілген. Облыстың 41,4 педагогы компьютерлік техникамен қамтылыпты. Ата-аналар мен оқушыларға  арналған саll-орталықтар мен «жедел желі» жұмыс істеп тұр. Қашықтықтан оқыту елімізде  1-ші рет болғандықтан, өз жаңашылдықтары мен қатар, тиімді тұстары да мол болған.

Биылғы  оқу  жылында  ұстаздар мен оқушылардың жеткен жетістіктері де баршылық.  Мәселен,  «Үздік педагог» Республикалық байқауы бойынша бірнеше ұстаз жеңімпаз атанып,  әрқайсысы 2 525 000 теңге грант иеленген. Атап айтсақ, Талдықорған қаласындағы  №16 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Салтанат Жанаберлиева,  Қапшағай қаласындағы №3 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дания Қоспаева және   Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы  Әсел Тойшыбекова. Сондай-ақ, Балқаш ауданы  Б. Бейсекбаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Арман  Тоғанбай  академик

А. Жұмаділдаев атындағы халықаралық олимпиадаға қатысып, үшінші орын иегері атаныпты. Айта берсек білім көкжиегінде облысымыздың  мерейін асырып жүрген ұстаздар қауымы жетіп артылады.

Облыстық  ғылыми жобалар  байқуына қатысып жүлдегер атанған оқушылар  да баршылық.  Нақты айтсақ,  219 жоба бойынша 268 оқушы жүлегер атанған. Оның 21-і бірінші, 109-ы екінші орынды иеленсе,  үшінші орынға 138 оқушы лайық деп табылған. Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың Республикалық ғылыми жобалар конкурсының (ІV) кезеңіне онлайн тестілеу нәтижесінде сараптаудан өткен 28 жобамен 32 қатысушы, Алматы қаласында өткен конкурстың республикалық (ІV) кезеңіне 29 оқушы, 25 жобамен қатысқан. Нәтижесінде республикалық ғылыми жобалар конкурсында I орынды Құралай  Нармахан  (химия,11 сынып, №9 орта мектеп, Талдықорған қаласы);  Азиза Жарылқасын  мен Аманжол Аяулым (ағылшын тілі 10 сынып, Қарғалы №2 ДБААГ) қанжығаларына байлады.  Байқаудағы 2 орынды Анияр  Қалдыбайұлы (физика пәні 11 сынып, №20 ДБААЛ); Зийнула Марлен (физика пәні, 11 сынып, Қарғалы №2 ДБААГ); Николай Комаров (техника,11 сынып, №13 орта мектеп, Іле ауданы); Ілияс Құсайынов (информатика,11 сынып,«Арыстан» мамандырылған лицейі) иеленді. Ал III орын  жүлдегерлері болып Мағжан Төлепбек  (химия, 9 сынып, Әл-Фараби ат. ДБАГ); Әділет Нәшенов  (қоршаған ортаны қорғау,11 сынып, «Арыстан» мамандырылған лицейі); Айым  Белдеубай (этномәдениеттану, 10 сынып, №29 орта мектеп, Іле ауданы) табылды.

БІЛІМДЕРІМЕН  өрге жүзген  оқушылар арасында 7 оқушы Алматы қаласында өткен физика, математика пәнінен XVI Халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысып,  солардың арасында  Талдықорған қаласының №24 ДБААЛ-нің 10 сынып оқушысы Абен Садыханов  математика пәнінен ІІ орын иеленіпті.  Ал Ұлы Абайдың   175 жылдық мерейтойына орай,  9-11 сынып оқушылары арасында ІІ республикалық  Абайтану олимпиадасына Алматы облысынан 3 оқушы қатысып,  дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицей оқушылары Серік Аяжан мен Әмина Қапалбай  2 орын иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталған.

Сонымен қатар  Павлодар қаласында өткен VI Халықаралық Ә. Бектұров олимпиадасына  Алас Аласханов  ( А. Мәлкеев атындағы Есік мамандырылған дарынды балаларға арналған «БІЛІМ — ИННОВАЦИЯ» лицей – интернаты, 11 сынып оқушысы),         Әділет Нұрбосын   (Талдықорған дарынды балаларға арналған «БІЛІМ — ИННОВАЦИЯ» мамандырылған лицей – интернаты, 10 сынып оқушысы) қатысып, нәтижесінде Алас Аласханов  жүлделі  ІІ орынға ие болыпты.

ҰБТ мәселесіне  келсек, биыл облыс бойынша мектеп бітіретін 15 256 түлектің  11494-і  ұлттық бірыңғай тестін  тапсырады. Олардың барлығы   базаға тіркелген.  ҰБТ нәтижесі сараланбайды. Бірақ,  облыстағы жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдері 11 сынып оқушыларымен ҰБТ ға дайындық жұмыстары жүргізілуде  екенін айтады білім басқармасының баспасөз хатшысы І. Заманбекқызы.

Жаздың  келуіне балалардың қуанатын жөні бөлек. Өйткені қашанда жаз маусымы демалысымен қызықты. Ал  елімізде оқушылардың жазғы демалысын пайдалы ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Білім басқамасындағылар  берген мәліметте де білім мекемелері үшін каникул мезгілі  үздіксіз білім беру жүйесінің бір бөлшегі саналатындықтан, биылғы  жазғы демалысты қалай ұйымдастыру жайы жоспарлануда екенін  айтты.

ТАҚЫРЫПҚА  ОРАЙ: 11-сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру және соңғы қоңырау 3-4 маусымда өтеді. Ал 19 мамыр күні министрліктің Facebook парақшасында мәлімдеме жасаған  вице-министр Ш. Каринова биылғы оқу жылының бітуіне, мектеп шараларын өткізуге байланысты қаражат жиналмауы қатаң тәртіпте бақылануы тиіс екенін айтты. Бұған   әрбір мектептің басшысы жеке жауап беретінін,  мектептің әкімшілігі және қамқоршылық кеңесі барлық ата-анамен мектепке немесе мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне сыйлық жасауға болмайтындығы жөнінде жұмыс жүргізуі қажетттігін  ескертті.

 Осы жайында  ақпарат берген Алматы облыстық білім басқармасы аталмыш мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырады. Министрлік тарапынан ескертілген мына жайттар  естен шықпауы қажеттігін алға тартты:

 «Осы іс-шараларды өткізу барысында жасауға болмайтын жайттарға тағы бір назар аударуды ескертеміз. Біріншіден, іс-шараларды өткізу барысында әртүрлі агенттіктерді, жекеменшік студияларды не аниматорларды шақыруға болмайды. Мұндай іс-шаралар кең ауқымды болмауы да қажет. Мерекелік дастарқан жаю мәселесі мүлдем қарастырылмауы тиіс. Мектеп бітірушілер бірнеше автомобиль жалдап, қала ішін, жергілікті жерлерді араламауы керек. Мейрамхана, дәмхана және басқа да көңіл көтеру орындарында түлектердің қатысуымен шаралар болдырмау үшін ата-аналармен тиісті жұмысты жүргізілуі қажет».

С.ӘЙТЕНОВА.

Кілтсөздер:БІЛІМ


ПІКІР ЖАЗУ