Ресми мәлімдеме де жасамады

0
1639

Соңғы жылдары Қазақтың шамына тиіп, намысын түртпектейтін мәлімдемелер азайып қалып еді. Жұрт арасына іріткі салатын Тайшыбеков сияқты шетелдің итаршылары тәубесіне түскесін ел ішіндегі «алакөздер» де ес жиған тәрізді болған. Бала кезінде Алматылық қаракөздерден жеген таяғын кек тұтып, талай мәрте Қазақстан туралы жаман сөздер айтқан Жириновский де қартайған сияқты. Бұрынғыдай емес, пәс. Сөздері де сынық. Бәлкім клоун болудан шаршады ма екен?!

 Бұрын шовинистік пиғылдағы пікірлерді естісек те естімегенсіп қалушы едік. Халық  емес, әрине. Қоғам наразылығы әлеуметтік желіде бұрқырап-бұрқылдап барып басылатын. Бұл жолғы «тықыр» бұрынғыдан өзгерек болды. Бірнеше БАҚ – та жария болғанымен қатты бір қоғамдық резонанс тудырмаған. Айтпағымыз, қытайдың www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады» атты мақала жайында. Мақала – автордың жеке пікірі, редакцияның көзқарасы емес деп құтылуға келмей қалған сыңайлы. Себебі, Sohu.com қытайдағы белді, оқырманы көп, мазмұнды сайт. Ондағы шыққан әр материал компартияның жіті бақылауы мен рұқсатымен ғана оқырманға жол тартса керек. Әсіресе, көмескі беттері көп қытай тарихына қатысты дүниені жарияларда «бір шоқып, екі қарағаны анық». Бұл державаларға тән тамырын басып көру саясаты екені анық. Яғни, ұлттық, елдік намысқа тиетін мәлімдеме арқылы ары қарайғы жұмыс ретін оңшап алатын жымысқы саясат. Мақаланы оқыдық, мәніне үңілгендей болдық. Әр жерден жұлып алынған материалды тарих жөніндегі білімі таяз, ұлан-байтақ жерге қызыққан бір қытайдың сандырағы дерсіз. Оның үстіне, «тарихи зерттеуінде» автор Тәуелсіздік жылдары Қытайдың Қазақстанға салған инвестицияларына да көбірек тоқталып, осы күндерің біздің арқамыз дегенді емексітіпті.                                   

 Коронавирусынан ес жиып, маңайына қарауға енді мұрсаты болған шығыс көршінің елшісін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақыртылды. Аталмыш Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, Министр Мұхтар Тілеуберді онсыз да жөнсіз мәлімдемелермен танылып жүрген қытай елшісіне көршіні қалай сыйлау керегі туралы «ақылын» айтып жіберген көрінеді. Бейжіңдегі елші де қарап қалмай ҚХР Сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Бұл енді дипломатиялық протоколға байланысты дүниелер.            

 Бізге мемлекет мүддесі табанға түсіп жатқанда құзылы орындардың үнсіз қалмағаны керек. Тәуелсіздік деген ұғымның мәнін оның әр азаматы осындайда сезіне алады. Бұған әлеуметтік желіде «сауап болыпты» десіп бір-бірін құттықтап, қазақ дипломатиясының «кішкентай» жеңісіне балап жатқандар куә.

Тілеубердінің тілеуін көп тілеп отыр. Бұған дейінгі көпвекторлы сыртқы саясаттың нәтижесінде әр мықтыға бір жалтақтап, қырын қараса ығып қалатын уақыт өтіп бара жатқандай. Енді  елді табалағысы келгендер аяғын аңдып басатын шығар? Бірақ, қытайлық тарап бұған жауап қатпады.  Бұл сонда менсінбеушілік пе әлде өз айыбын мойындамаушылық па? Тіпті бас елшісі де болған жайтқа байланысты ресми мәлімдеме жасамады. Неге?

А.НАЗЫМҰЛЫ.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ