Карантин

0
1681

19 наурыздан бастап Алматы мен Астанада карантин жарияланды. Біздегі Сovid-19 белгілері де алғаш осы екі қаладан табылды. Бастапқыда  вирус анықталғандар шетелден келгендер еді, енді оған сол келгендерден жұқтырған жергілікті азаматтар қосылды. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы Сovid-19 вирусын пандемия деп 10 наурызда жариялады. Біздегі жағдайдың барған сайын күрделене түсуіне биліктің өзі мүдделі секілді. Әйтпесе, бүкіл ел шекарасын ерте бастан қымтап, ары-бері құс ұшырмай жатқанда біздікі пандемия деген соң әрең жабылды. Содан кейін де халықаралық рейстер тоқтамады. Әсіресе, Еуропа елдерінен. Тіпті күні кешеге дейін Италиядан оралғандар болды. Басына қасірет не қайғы түспесе селт етпейтін самарқаулықтан тағы да опық жедік. Енді жұрт елегізумен күн кешуде. Үрейленбей қайтсын, медицинасы дамыған АҚШ – ның өзі шұғыл шара қабылдап, Жапон мен Корейдің есі шығып жатқанда біздегі жағдайға қалай сеніп, ауырған жағдайда сауығарына кімнің көзі жетеді? Ашынарлығы, аурудың ауамен, сумен келмей, неше мың шақырымнан өзіміздің алып келуіміз. Қазір төрт мыңнан астам қазақстандықтың шетелдерде демалып жүр. Олар елге келген жағдайда не болмақ?

 Карантинге қайта оралсақ, қос қалада да азық-түлік базарлары ашық жұмыс істейтін болды. Бұл дегеніміз адамдар қаланың ішінде еркін жүре алады, тек, қала сыртына шығу немесе кіру шектеледі деген сөз. Қос мегаполис үшін бұл тиімді қорғаныс емес. Оның үстіне билік қалаға карантин кезінде де кіріп – шыға алатын азаматтардың санатын жариялады. Онда: «Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыс істейтін, қала маңы аумақтарында тұратын тұрғындарға; Бұған дейін шетелге шығып кеткен ҚР азаматтары елге оралған жағдайда қалаға кіруге рұқсат етіледі», – деп көрсетілген. Екі мегаполиста да көптеген халықтың қала шетінен келіп жұмыс жасайтынын ескерсек, жағдайды бақылауда ұстау қиындық туғызады. Екінші, шетелге кеткен  төрт мыңнан аса қазақстандық елге оралса, олардан Сovid-19 вирусы шықпайды деп ешкім кесіп айта алмайды. Сондықтан, жарияланған карантинның көмегі көп деп ойлауға негіз әлсіз. Қытай билігі екі ай көлемінде бүкіл елге коменданттық сағат енгізді. Соның арқасында ғана Сovid-19 вирусын тізгіндей алды.   Әлеуметтік желілерде карантин хабары шығысымен, үрейленген бір мұнша жұрттың сыртқа кетіп жатқандығы айтылуда. Қытай билігі де қаланы жабарда ертерек хабарландырғаны себепті, Уханнан ауру жұқтырған мыңдаған адам шығып кеткен. Осы жайт қытайдың басына шоқпар болып тиіп, аурудың бүкіл ел, тіпті шетел асуына себеп болған еді. Ал, біздікілер осы жайттан сабақ алудың, кеш жарияланғанына өкінудің орнына, «Карантин коменданттық сағат емес, «шіли» қорқа бермеңіздер», – деп салақтық пен жауапкерсіздік танытып отыр. Неге?

А.НАЗЫМ.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ