Коронавирус және экономика

0
1767

 Экономиканы шайқалтып, ажал төндірген пандемия Әлем халқын дүрліктірген тажал вирусы,  миллиондаған адамды ажал құштырып, ел экономикасын шайқалтып жіберді. Тіпті азуы алты қарыс, сары тісті мемлекеттердің өзі бұл дерттен үрейленіп отыр. Кеңірдектен алып, кең тыныс алуды тежейтін бұл кеселмен әлем елдері  кең етек алып кетпеуі үшін оның алдын алуда.

Барлық күш-жігерлерін, ғылымын да, білімін  де, біліктілігін де осы дертпен күресуге сарқа жұмсауда. Мәселен, Citigroup банк компаниясының бас экономисі Кэтрин Ман коронавирус індеті әлемдік экономикаға 5 триллион доллардан астам шығын келтірді деген болжам жасаған. Morgan StanIeу банкінің сарапшылары болса  дамыған елдерде ШЖӨ көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейіне 2021 жылдың үшінші тоқсанында ғана оралатынын айтқан. Демек, ауру салған әлек  әлем елдерін, оның ішінде дамыған мемлекеттердің барлығында танауын тасқа соққан балықтай сансыратып тастады. Төтенше жағдай әлем елдерінің экономикасы мен әлеуметтік салаларын ойсыратты. Бір-бірімен күре тамырдай байланысқан, алыс-берісі мемлекеттің өркендеуімен, оның экономикасын қарыштатып тұрған-ды.   Өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатып, сауда-саттық тежеліп, алыс-беріс кідіріп, барыс-келіс іріліп, миллиондаған адам каратинге байланысты үйқамаққа көнуге мүдделі болды. Елдің әлеуметтік жағдайын басты назарға алған мемлекеттер де  етек-жеңдерін жинап, қолда бар, қоржындағы қаражаттарын үнемдеп, сауысқандай екі шоқып бір қарауға көшті. Әсіресе,  аста-төк той жиындар өткізуден алдына жан салмайтын Қазақ Мемлекетіне  де бұл үлкен сабақ болды.  Елді есінен тандырып, экономикасын «эпилепсияға» ұшыратқан  тәжтажал әлі қанша уақытқа созылатынын бір Құдай ғана біледі. Осы жұқпалы кеселмен күресіп жүрген дәрігерлердің өзі бұл дерттен зардап шегуде. Заманауи техникалар қарыштаған дәуірде  әлем ғалымдары күні бүгінге дейін бұл індеттің жолын тежейтін вакцина ойлап таба алмай, шақшадай бастары шарадай болып қатуда. Әлем елдері  миллираттап қаржы бөлсе де емдік шипа табылған жоқ. Тіпті ғалымдар  ХХI ғасырдағы  алапат кеселдің вакцинасын табу ұзаққа созылуы мүкін деген жорамалдар айтуда.  ХХ ғасырда әлем елдерін шулатқан  СПИД кеселінің де нақты вакцинасы әлі табылған жоқ, бұл да сондай кесапат болады  деген   болжамдарын жасауда. Алайда, әлем елдеріндегі ғалымдар мен биологтар, химиктер, коронавирусқа қарсы құрылғылар мен емдік дәрілерді шығарып, эксперимент жасап жатқандарын айтуда. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Семей медицина университетінің ғалымдары инфекциямен күресте қолдануға болатын жаңа құрылғы ойлап тапқандарын айтып, жаңалықтарымен бөлісті. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен  талдау бойынша жұмыстар жасаған университет ғалымдары ойлап тапқан құрылғы өте қарапайым екен. Құрылғыны науқас өздігінен тыныс ала алмай, ауыр жағдайда болғанда  интубацияны тезірек қою үшін қолдануға болады.  Бұл құрылғы дәрігерлердің инфекция жұқтыру мүмкіндігін төмендетеді –дейді  ғалымдар. Зауытта шығатын құрылғыны  қолдан жасап шығарған  Халықаралық  университет көптеген шет елдің оу орындарымен, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің ( АҚШ, Қытай, Жапония, Израйль, Оңтүстік карея, Италия, Түркия) ғалымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Жұқпалы инфекция өршігелі әр мемлекет ғалымдары өзара бәсекеге түскенін көруге  болады.  Он сегіз мың ғаламды шарпыған пандемия туралы  түрлі болжамдар жасалуда.  Мысалы, кесел толықтай жойылып кетпейді, күзге қарай қайтадан өршуі мүмкін.  Осы инфекциядан кейін әлем мүлде басқа болады десе, адамзатқа ажал құштырған кесел өршігелі бері экология тазарды деп аспан мен жердің арасында болып жатқан тазару барысы туралы да түрлі фото бейнелер жарияланды. Әлем дамудың жаңа дәуіріне өтер қарсаңында тұр деген көптеген саясатшылар, сарапшылар, ғалымдар сенімді түрде пікірлерін айтып жүр. Экономикалық  қиындықтар ақылы оқуда оқитын студенттерді де тығырыққа тіреуде. «Олар оқуын жалғастыра ала ма, жоқ па?»  деген сауал интернетті шарлап кетті. 2019-2020 жылғы оқу жылы студенттер саны былтырғымен салыстырғанда 11,4 пайызға  көбейген. Жалпы республика бойынша студенттердің саны 604, 3 мың,  олардың 70 пайызы (424,3 мың студент)  ақылы бөлімде білім алуда.  Мәселен,  екінші мегаполис  атанған Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының ақылы бөлімінде оқитын студенттер  944-964 мың теңге төлеуге тиіс. Ал Назарбаев университетінің студенттері жылына 19-23 мың АҚШ долларын  мемлекет төлесе, облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарындағы баға 350-400 мың теңге көлемінде. Мұндай бағаны кез келген ақылы бөлімде оқитын  студенттердің ата-аналарының қалтасы көре бермейді. Міне, жұқпалы инфекцияның  әсері  дүние жүзіндегі барлық мемлекетің  экономикасын бұғаттап, бай-бағландар кризиске тап болса,  әлеуметтік жағдайлары төмен кедей-кепшіктер күн көрісі тіпті қиындай түсті. Оларды  мемлекет қамқорлығына алып, жәрдем көрсетуде. Құдай бетін ары қылсын, егер инфекция тежелмей өрши түсетін болса, жұмыссыз қалғандар мен әлеуметтік саладағы отбасыларды   қолдауға мемлекет қорындағы қаржы қанша уақытқа жетеді. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей, елдегі қалталы азаматтар мен ірі кәсіпкерлер,  халық ішінен іріктелген еріктілер әлеуметтік аз қамтылған топтарға азық-түлік таратуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 миллион 250 мың  азаматқа  қаржылай көмек көрсетілгенін, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылғанын, жалпы 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын айтты.  Төтенше жағдай режімін 11 мамырға дейін созылады деген Президент 16 наурыздан басталған елдегі карантин жайлы  үшінші мәлімдемесінде жан-жақты тоқталды.

«Кейбір аймақтарда, елдегі қатаң шаралар елдің еңесін езіп жіберді. Қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылып, мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті. 14 облыс пен үш қалада жағдай бірдей емес. Кейбір облыстар шарықтау шегінен өткен сияқты. Ал, бірқатар аймақта вирустың тарау қауіпі әлі сейілмеген. Күрделі кезеңде әрбір азамат мемлекет назарында болады. Ешкімді қиындықта қалдырмаймыз»  –деді  Президент.

Жалпы, Қазақстанда ауырғандар саны 3027 жетсе, олардың емделіп, жазылып шыққандары 774, ал 25 науқас  ажал құшса, осы инфекциямен күрескен 820 денсаулық  сақтау саласының қызметкерлері жұқтырып алған.  Қазір дүниежүзіндегі барлық бұқара халық бір үміт, бір күдікпен ғұмыр кешуде. Ғаламдағы барлық ақпарат құралдары мен Мемлекет басшыларының басты жұмысы осы пандемия күресіне жұмылдырылған. Мәселен, ресейлік дәрігер Александр Мясников «Спасибо, доктор» бағдарламасында коронавирустан да қауіпті  эпидемия болатынын айтты. Дәрігердің болжамы бойынша  коронавирус пандемиясы одан кейінгі  жағдайларға дайындалуға мүмкіндік береді. «Басқа эпидемия болады, міндетті түрде.  Барлығымыз 30-35 пайыз адам өлімі болатын қауіпті эпидемияны күтіп отырмыз» –деді.  А. Мясниковтың  айтуынша,  ең қаіпті жер аурухана екен. Тағы да ақпараттық мәліметтерге жүгінсек, Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтері бойынша,  дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 3002303 -ке жетсе, қайтыс болғандардың саны 208 мыңнан асқан. Ал, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, COVID-19 жұқтырғандардың саны 2858635, ал қайтыс болғандырдың саны -196 295 адамға жеткен.  Күллі адамзат баласы бірінші байлық денсаулық екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Коронавирус инфекциясынан арылудың төте жолы карантин шартын бұзбай, өзіңді-өзің оқшаулап, гигиеналық тазалықты сақтау керектігін әрбір адамзат түсінуі тиісті. Әсіресе, бұл кесел ұлан байтақ жері бар  Қазақстан үшін аса қауіпті болып тұр. Жұқпалы індет  алыс аймақтағы ауылдарға тарамасын деп тілек тілесек те, Түркістан облысы Созақ ауданы, Таукен және Сазақ, Құмкент  ауылының  1980, 1992 жылғылармен, 2020 жылы туған сәбиден де  инфекция анықталған. Ал  Алматы облысында 113 адам осы кеселмен ауырып, 10 адам емделудің шарасында айыққан. Өзекті өртер тағы бір өкініш, бұл дерт шалғай аймақтағы Кеген ауданына да жеткен. Әлем экономикасын шайқалтып, адамзатқа ажал төндірген пандемия ғалымдар мен биологтардың бас ауруына айналды.  Әзірге :  «Алла шипасын берсін»  деп тілеу тілеумен ғана  өмір сүріп жатқан жер шарының адамдары карантин кезінде бостандықтың қадірін жете түсінгендері қаһ!

                                                                                     Айтақын МҰХАМАДИ

 

 

 

 

Кілтсөздер:ТӘЖТАЖАЛ


ПІКІР ЖАЗУ