Алғыс арқалаған Әуелхан

2
3880

   Күн-түн демей халық денсаулығы үшін жұмыс атқаратын, өзге мамандықтардан өзінің адалдық пен адамгершілік, асқан жауапкершілігі арқылы ерекшеленетін қастерлі кәсіп иелері – дәрігерлер. Басың ауырып, балтырың сыздай қалса жаныңнан табылатын ардақты мамандық иелеріне әрқашан айтар алғысымыз шексіз. Сондай ақ желеңділердің бірі, ширек ғасырын осы салада өткерген білікті маман – Әуелхан Мұртазина.

Әуелхан Мұхаметханқызы Семей облысының Мақаншы ауданында дүниеге келген. Кейіннен Ескелді ауданына қарасты Крупский ауылына (қазіргі Бақтыбай ауылы) отбасымен бірге қоныс аударады. 1983 жылы мектепті бітіргеннен кейін, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, тіл маманы болуды армандапты. Осылайша ол аңсаған арманның жетегімен алып-ұшып өзі қалаған мамандық бойынша институттың сынағына қатысады. Алайда шығар-машылық емтиханнан сүрінген жас түлек армандамаған, тіпті ойына кіріп-шықпаған медицина саласына келеді. Сол жылы Талдықорғандағы медициналық училищеге оқуға түсіп, жалпы мейірбике мамандығы бойынша білім алады.
– Оқушы кезімнен бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазыма қатты еліктейтінмін. Сол кісіге ұқсап ұстаз атануды қаладым. Бірақ әрдайым біздің ойға алған армандарымыз орындала бермейді екен. Өмір ағысы мені мүлдем басқа арнаға алып келді. Адам бәріне көре, біле, үйрене жүріп төселетін, шыңдалатын көрінеді. Жан қалауыммен түспесем де, оқу барысында осы салаға деген қызығушылығым оянып, тіпті сүйікті кәсібіме айналары ешқашан ойыма кірген емес. Алайда осы күнге дейін неге медицина қызметкері болдым деген өкініш менде болған жоқ», – дейді кейіпкер.
1986 жылы училищені бітіргеннен кейін, еңбек жолын қазіргі Ескелді ауданындағы ауруханада кезекші мейірбике болудан бастайды. Екі жылдан соң Талдықорған қалалық емханасына жұмыс ауыстырады. Кейіннен тұрмысқа шығып, арада бірнеше жылды үйде бала тәрбиесімен айналысады. «Балалы болғаннан кейін біраз жыл үй шаруасы мен бала тәрбиесіне арнап, тек 2004 жылдан бастап қайтадан жұмысқа кірістім. Бұл жылы біліктілігімді арттырып, фельдшер атандым» деп еске алады кейіпкеріміз. Сол жылы Өтенай ауылдық округіне қарасты Мойнақ ауылының фельдерші болып, ол жерде 10 жыл абыройлы қызмет атқарады.
– Мойнақ ауылында қызмет еткен 10 жылдың ішінде түрлі қиын да қызықты күндерді бастан өткердім. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстау менің міндетіме кіретін. Ересектер қай жерлері ауырғанын түсіндіре алса, балалар өздері нақты айта алмай, қиындықтар туындайды. Осы ретте дәрігердің білімділігі мен тәжірибелігі үлкен рөл атқарады деп есептеймін. Сондықтан кей кездері дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Бастысы – алдыңа келген науқастың көңілін таба білуің керек, – дейді Ә. Мұртазина.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Әуелхан Мұхаметханқызы ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген. Осы ауылдың тұрғыны Қазиза Қабікенқызының кейіпкерімізге айтар алғысы ерекше. Себебі, 2006 жылы екінші баласына аяғы ауыр кезінде ай-күні толып, толғатқан соң Талдықорған қаласынан жедел жәрдем көлігін шақыртады. Алайда жедел жәрдем келгенше жүкті әйелдің үйде босануына тура келіп, Әуелхан Мұхаметханқызы оны аман-есен босандырып алады.
– Әр саланың қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі. Меніңше, өмір мен өлім арасындағы қызметке бас тігу үшін үлкен жүрек керек. Ақ халаттың иесі атанып, адамдардың денсаулығын бәрінен жоғары қоятын біздер үшін қандай жағдай болмасын жылдам шешім қабылдап, дер кезінде әрекет ете білу аса маңызды. Талдықорған қаласы мен ауылдың арасы жарты сағатты жол болғанымен, кейде түрлі жағдайлар орын алып жатады. Мәселен, осында жұмыс атқарған 10 жыл уақытта 3 әйелді үйде өзім босандырып алдым. Ана мен баланың денсаулықтары айтарлықтай жақсы болды. Қазір мені көрген сайын ақжарма тілектері мен жылы лебіздерін айтып жүреді,– деген ол өз мамандығы мақтанышы екендігін айтады.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын оның атқарған жұмыстарына ұжымдастары мен тұрғындар да дән риза. Көп жылғы еңбегінің нәтижесінде әртүрлі марапаттарға ие болып келеді. Ақжарқын мінезі, өз мамандығына адалдығының арқасында көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр.
– Барлығы да адамның отбасында алған тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Себебі, ата-анамыз кішкентайымыздан адамның көңіліне қарап сөйлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйретіп, әр адам бойынан табылуға тиіс ізгі қасиеттерге баулып өсірді. Бізді әрқашан қарапайым болуға шақыратын. Жанға жылу, дертке шипа сыйлайтын ақ халатты абзал жандар ғана емес, барлық сала мамандарының бойынан осындай адами қасиет табылуы керек деп есептеймін,– деп ағынан жарылды ол.
27 жылдық еңбек өтілі бар маман 2014 жылдан бері Еңбек ауылындағы амбулаторияда мейірбие болып қызмет атқарады. Отбасында асыл жар, аяулы ана, немерелеріне сүйікті әже. Кейіпкерімізді жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде тойланатын медицина қызметкерлерінің мерекесі және айтулы күнмен тұспа-тұс келген туған күнімен біз де құттықтай отырып, жұмысына мол табыс, отбасына амандық тілейміз!

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ



2 пікір