Жылыту маусымына дайындық басталды

0
4659

Алматы облысында алдағы жылыту маусымына дайындық басталды. Облыстық энергетика және тұрғынүйкоммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жылыту маусымына дайындық аясындағы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүреді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш жұмыстарды жүргізу мақсатында бюджеттен 9,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 521,4 млн. теңгесі жылу жүйесін жөндеуге және құрал-жабдықтар алуға, ал 9 млрд. теңгесі көмір, мазут, дизель отынын сатып алуға қарастырылыпты. Сонымен қатар, қосымша 2,1 млрд. теңге кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен беріліп отыр.

Жалпы жаңа жылыту маусымына 35 орталық қазандық дайындалуы тиіс. Айталық, 64,3 км жылу трассасы, 13,4 мың км электр жүйелері мен 3016 трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделіп, 3581 көп қабатты тұрғын үй, бюджеттік саланың 2002 нысаны дайындалмақ. Соның ішінде 1072 нысан білім, ал 592-і денсаулық сақтау саласы бойынша болса, қалған 338-і әлеуметтік нысандар.

Қазіргі кезде қажеттілігі 24,4 мың тонна көмір, 4,9 мың тонна пеллет, 25,1 млн. литр дизель отынын құрайтын бюджеттік ұйымдарға отын жеткізіле бастады. Осы уақыт аралығында 11 энергия кәсіпорны үшін 40 күнге отынның нормативтік қоры жасақталған. Барлығы 459,1 мың тонна көмір (174,1 мың тоннасы бюджет есебінен) және 34,2 мың тонна мазут (19,7 мың тоннасы бюджет есебінен) дайындау жоспарланыпты.

Сол сияқты өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес блокты-модульді қазандықтар (БМҚ) орнату ісі жалғасуда. Мәселен, жылыту маусымы басталғанға дейін Қарасай ауданында жалпы сомасы 983 млн. теңгеге 3 БМҚ орнату межеленіп отыр. Соның нәтижесінде 409 абоненті бар 10 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылатын болады. Дәл осындай жұмыстар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында да жүргізілмек. Атап айтқанда, «Үштөбе қаласындағы газ тарату желісінің құрылысы» жобасының аясында ондағы 633 абонентті қамти отырып, 16 көпқабатты үйге 4 БМҚ орнатылады.

Оған қоса тағы 105 көпқабатты үйді орталық жылыту жүйесіне қосуға бағытталған 40 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жоба жүзеге асқанда Талғар ауданындағы 13 көпқабатты үйге 11 БМҚ, Қарасай ауданында 12 көпқабатты үйге 3 БМҚ, Еңбекшіқазақ ауданында 65 көпқабатты үйге 20 БМҚ, Панфилов ауданында 15 көппәтерлі үйлер үшін 6 БМҚ орнатылатын болады.

Былтырғы жылы жылыту маусымы барлық жоспарланған жұмыстардың белгіленген мерзімінде атқарылғанының арқасында ойдағыдай өткен еді. Тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, көмірге деген қажеттілік 1,34 млн. тонна болса да, 1,38 млн. тонна көмір сатып алынғанды. Биылғы жылыту маусымы да еш қиындықсыз өтуі үшін дайындық жұмыстарын облыс басшылығы тұрақты назарда ұстап отыр.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ



ПІКІР ЖАЗУ