Қызмет көрсетудің 80 пайызы электронды форматқа көшті

0
2975

Талдықорған қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет көрсетудің шамамен 80 пайызы  электронды форматқа көшіріліпті. Ал  қызмет алудың басқа баламасы жоқ 106 қызмет түрі қағаз форматында көрсетілуде екен. Бұл туралы  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс орталығындағы ХҚО басшысы Талғат Бейбіттің айтуынша, карантин қала тұрғындарының көптеген мәселені қашықтан шешіп үйренуіне ықпал еткен. Мәселен, қазір 1414 байланыс орталығы және eGovKzBot2.0. телеграм-ботының көмегімен мекенжай анықтамасын, ЭЦҚ, балабақша кезегін, некені тіркеу, салық пен айыппұлдарды төлеу және басқа да қызмет түрлерін алуға болады.

Бізде барлық санитарлық талаптар сақталған. Сол сияқты қазір біздегі жұмыс кестесі де өзгерді. Сенбі, жексенбі — демалыс, ал Call-орталықтарда қоңыраулар сағат 9-дан 17.00-ге дейін қабылданады, – дейді Т. Бейбіт.

Қағаз арқылы берілетін қызметтер санының едәуір азайғанына қарамастан орталықтың барлық 80 қызметкері де жұмыс істеуді жалғастырып, олардың бір бөлігі Call-орталықта қызмет көрсетуде.

ХҚО мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызмет алуды жеңілдетіпті,  мамандар олардың үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Ал қолдарында компьютері жоқ, интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ немесе интернет қолдануға машықтанбаған азаматтар үшін облыс орталығында 31 жерде «Өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы» ұйымдастырылған, аталған азаматтар осы орындардан электронды мемлекеттік қызметті ала алады. Осындай әрбір бұрышта жұмыс істейтін ерікті-консультант қызмет алуға жүгінген азаматтарға әдістемелік көмек көрсетіп, кеңес береді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ