Несіне жетісіп күлеміз?

0
1560

1 сәуір – күлкі күні. Құдай жылатқаннан сақтасын, күліп жүрейік! Абай дана: «Жігіттер ойын – арзан, күлкі – қымбат» демеп пе еді! Бірақ, әзір күлкі де арзандап кетті ғой. Не болса, соған ыржалақтап күле беретін болдық…

Күлкінің де түр-түрі бар. Шынайы күлкі, анайы күлкі, жымиған күлкі, езу тартқан күлкі, қарқылдаған күлкі, жымысқы күлкі. Күлдіре білу де өнер. Күлдіре отырып, жылататын әртістер бар. Абай айтқандай, қымбат күлкі жоқ қазір. Есесіне, азық-түлік – қымбат, күлкі – арзан.

Нарықта, бай-манапқа болдық
түрпі,
Олардың арзандамас
дүние-мүлкі,
Бүйіріңнен қымбатшылық қысып
тұрса,
Қай жеріңнен келеді «ойын-күлкі»

деп жырлаған халыққа Алдар көсе мен Қожанасырдың рөлін сомдап жүрген шенді-шекпенділер басу айтып6 «Күннің жаманы кетер, ай артынан ай, күн артынан күн, жыл артынан жыл туар, Ковид те кетер, көңіл жайланар, көңіл көтерілер күн де туар» деп еріксіз жұбатып қояды. Әкім-қаралардың әртістік өнеріне таңдай қаққан қараша: «Ковидпен бірге көп ит те кетсе ғой» деп, еріксіз езу тартады. Әртіс демекші, бүгінгі қоғамның адамдары бәрі әртіс, сиқыршы. Саудагерлер көзіңді бояп, таразыдан тартып жеп, қарқылдаппп…. күліп жүр. Анау көгілдір экрандағы тапқырлар клубындағы сайқы мазақтардан бастап Парламенттегі депутаттарға дейін әртіс. Оған да дәлел бар. Құдайберген Сұлтанбаев 1996-1999 жылдары аралығында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болды ғой. Мәжіліс депутаттарының кезекті бір жиынында Құдайберген Сұлтанбаевты көрген Елбасы: «Біздің арамызда әртіс те бар екен ғой», – деп әзілдепті. Сол сәтте тілінің тотияйыны бар Құдайберген: «Парламенттегі 67 депутаттың бәрі әртіс екен, ішінде профессионал оқыған-тоқыған табақтай дипломы бар әртіс мен ғанамын» дегенде Нұрсұлтан Әбішұлы ішегі түйілгенше күліпті. Көрдіңіз бе, жолдан қосылған әртістердің қасында шынайы әртістер жіп еспей қалатын болды. Базардағы алып-сатарлардың бәрі әртіс, әбжыландай арбайды. Шенді-шекпендінің көбі Алдаркөсе, Қожанасыр. Алдағанда аузың ашылып, мемлекеттік тілде сайрағанда саныңды сабалайсың, күліп отырып, жылайсың. 1 сәуір – бірін-бірі алдап күлетін, күлкі күні. Әй, несін жасырамыз, жыл он екі алданып жүрген жоқпыз ба? Несіне жетісіп күлеміз?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ