Ауасы саф алтындай «Сафари Тау- Шелек»

0
1790

 Жабайы табиғатты жаны сүйетін жандар үшін таптырмас  мекен  Райымбек ауданында орналасқан.  Жеке аудан мәртебесін алған өңірдің келбеті үш  жыл ішінде айтарлықтай өзгерді.   

Аудан таулы аймақ болғандықтан туризмді дамытуға қолайлы. Бұл  маңда  бес  демалыс орны нақты жұмыс жасауда.  Атап айтсақ,  «Сафари Тау Шелек» ЖШС, «Қарасай» жайлауы, «Үшқақбақ», «Шоған сай», «Ақкөл».  Бұлардың  қатарында  өзгеден дараланып тұрған, туристердің қызығушылығын тудырған – «Сафари Тау Шелек» демалыс орны.

2018 жылдан бастап жұмысын бастаған демалыс орны енді ғана аяғынан тұрып келеді.  Тау  шатқалдары  қоршаған мекеннің тұмса табиғаты таңқаларлық. Десе де, бұл маңды туристер келетін орынға айналдыру: жер телімін рәсімдеу, демалыс орнына  апарар  жолды жөндеу, 12, 8, 6 қанатты қазақ үйлерді орнату оңайға соқпаған.  Осы маңда  «Күркілдек» сарқырамасы бар.  10 метр биіктіктен құлап ағатын ағын судың арыны қатты. Тау шатқалында орналасқан жерге көлікпен және атпен жетуге болады. Таңдау келушілердің өз қалауында. «Сафари Тау Шелекте» этноауыл, интераңшылық, атпен және жаяу серуендеу жолға қойылған.

«Бұл  жер менің  аталарымның табаны тиген мекен. Менің де балалық шағым осында өтті. Этонауыл ашып, туристерді шақырып, неге қонақ күтпеске деген ой келді.  Сол арманды жүзеге асырдық. Орта есеппен мұнда аптасына 25-30 көлік келеді. Сонда  келушілер саны 100 адамнан асады. Әлі де маңайымызды кеңітіп, жатар орындардың санын көбейту жоспарда бар. Алдағы  уақытта 6,8 қанатты қазақ үйлер әр апта сайын алып келінеді деп күтіп отырмыз»,  –  деп ағынан  жарылды  «Сафари Тау Шелек» ЖШС директоры Азат Саматұлы.

Демалыс аймағының басшысының  сөзінше,  ендігіде 50 бас қодас Қырғызстаннан алып келінеді. Қазіргі кезде олардың күтімі, өсіру тәсілі, жерсіндіруіне қатысты дайындық жұмыстары жүруде.   Райымбек ауданы, әкімдігі ММ кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Абылай Бақытжанның сөзінше,  «Сафари Тау Шелек» Райымбек ауданының орталығына 80 шақырым жерде орналасқан.  Бүгінгі таңда аталған орынға жеткізер жолдың сапасын жақсарту жұмыстары бойынша жоспарлар қарастырылуда. Жеке кәсіпкерлер мен әкімшіліктің бірлескен қызметінің нәтижесінде көркем өлкеге қатынар жолдың жайы жақсармақ.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»    

 


ПІКІР ЖАЗУ