Облыс әкімінің жұмыс сапары

0
1068

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен  Қапшағай қаласында болды. Сапар барысында   қаланы жылумен қамту және кәріз жүйелерінің жағдайына назар аударып,  тозығы жеткен жүйелерді жаңғыртудың қолға алынатынын айтты. Бұл туралы «Алатау» газеті  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс басшысы қаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған «Қапшағай жылу» мекемесіне барды.  Аталмыш мекеменің  директоры Сейдахмет Даданбековтің айтуынша, қазандықтың қуаты 192 Гкал. 2019-2020 жылғы жылыту маусымында 800 млн. теңге бөлініп, қазандық газға ауыстырылған.  Мұндағы 10 қазандықтың бәріне күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар газға қосылғаннан кейін жылу мен ыстық су беру қызметінің тарифін өсіру туралы ұсыныс қазір тиісті органда берілген, қазір қаралуда.

Сапар барысында қаладағы маңызды нысандардың бірі «Қапшағай су арнасы» МКК-ның кәріз тазарту ғимаратының жай-күйі де облыс басшысы  назарынан тыс қалмады. Мұнда тұрмыстық және өндірістік сарқынды сулар жинақталып, тазаланады. Кәріз жүйесінің ұзындығы 171,6 км құрайды. Дегенмен 1963 жылы салынған тазарту жүйесінің тозығы жетіп-ақ тұр. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа кәріз тазарту ғимаратының жобасы дайындалған. Облыс әкімі жоба бойынша тәулігіне 30 мың м3 деп қарастырылған ғимараттың қуаттылығын шамамен 15 мың м3 деп жобалаған жөн екенін айтты. Алдағы уақытта қажеттілік туындап жатса, оны кезең-кезеңге бөліп жалғастыруға болады. Сол секілді жобаны қаржыландыру көздерін әлі де кеңінен талқылап, анықтайық деген ұсынысын білдірді.

Мұнан  кейін  «Қапшағай жылу» кәсіпорнының Заречный ауылындағы филиалында  болды. Бұл жердегі  технологиялық тазарту желілері де ескірген. Сондықтан сол аумаққа жаңа шағын аудан салынатынын ескере отырып, ғимараттың іргесін кеңейтуге, қазандықтарды газға ауыстыруға, электр беру желілерін қалпына келтіруге, сонымен бірге Заречный ауылының көшелерін жөндеуге, Мәдениет үйін және спорт кешенін салуға қаржы қажет. Облыс басшысы Қанат Бозымбаев айтылған мәселелердің барлығына қолдау көрсетілетінін, құрылыс жобаларының қажетті құжаттарын дайындап бастауды тапсырды.

Бұл күні облыс әкімі құрылысқа қажетті материалдар өндіретін «Кнауф Гипс Қапшағай» зауытында болып, кәсіпорын цехтарын аралап көрді. Сонымен бірге  «Оспанов Девелопмент» ЖШС-ның балық өнеркәсібі кешенін салу жобасымен танысты.  Сол сияқты  Қанат Бозымбаев Қапшағайдағы ойынсауық-сауықтыру кешені құрылысының барысымен де танысты. «ПСК Билдинг» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан кешен туризм саласының іргелі нысаны болмақ. Мұнда коттедж үйлер, бассейндер, монша кешені, мейрамхана, автотұрақ, балалар ойын алаңы, серуендейтін алаң қарастырылған. Жобалық құны 5 млрд. теңге болатын нысан 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында қала активімен кездескен   Қанат Бозымбаев Қапшағай өңірінің өзекті мәселелері ретінде Қосқұдық ауылындағы ауыз су, жарық, жол проблемаларын, мектеп пен медициналық пункттің тозып кеткенін, жайылымдық жер жетіспеушілігін атап көрсетті. Сол сияқты Шеңгелді массивіндегі 15 мың га жердің бүгінгі күні бар болғаны 6 мың гектары ғана пайдаланылып отыр. Суармалы желілер әбден ескірген. Кәріз жүйелері де тозған. Бұл мәселелердің барлығын 2 жыл көлемінде атқарылатын арнайы жоспарға енгізіп, тиісті құжаттарын дайындап, жұмыс жүргізілетін болады.

Өз сөзінде облыс әкімі денсаулық сақтау саласында, соның ішінде індетке қарсы вакцинация жасаумен жүйелі айналысу керектігін,  халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік әлжуаз топтарға, көп балалы отбасыларға жағдай жасауға, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды, шағын және орта бизнеске, жаңа инвестициялық жобаларға қолдау көрсету де басымдық болуы тиіс екендігін қадап айтты. «Бұлардың барлығы – Президенттің  алдымызға қойған маңызды міндеттері. Бұл  бағытта біз бірігіп жұмыс істейтін боламыз»,  – деді. Қ. Бозымбаев.

* * *

Талғар ауданына  сапары барысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев аймақтағы коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелерін шешуге назар аударып, әлеуметтік нысандарды аралады,

Қанат Бозымбаев құрылысы аяқталуға шақ қалған 1200 орындық мектепке барды. Сонымен қатар  «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын «Жаңа» шағын ауданның құрылысы жобасымен танысты.  «Баймене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде  болды. Серіктестік басшысы Евгений Қамбаровтың айтуынша, кәсіпорынның 70 га интенсивті алма бағы бар және ол жемісті ұзақ уақыт сақтаумен және өңдеумен айналысады. Калибрлеуге арналған іріктеу және алманы қаптау желісі, табиғи алма шырыны мен езбесін дайындау  өндірісі бар. Сол сияқты 5100 тонна өнім сиятын жеміс сақтау қоймасы бар. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында кәсіпорын 1 кг алмадан 65-70% таза шырын шығарады, ал екі мәрте пастерлеудің нәтижесінде шырында консерванттар қоспай-ақ алманың барлық пайдалы қасиеттері сақталады. Алма мен шырын Алматы нарығында, ірі сауда желілерінде «Alem Alma» брендімен саудаланады. Болашақта алма шырынының шарабы, джем, алма сірке суы, газды сусындар және басқа да өнім шығару, бақ аумағын 40 гектарға ұлғайту жоспарда бар. Жоба толық іске қосылғанда тартылатын инвестиция көлемі 6,1 млрд. теңгеге жетеді.

Талғар ауданына сапарында облыс басшысы аудан активімен кездесіп,   бірнеше жыл бойы шешілмей келетін  мәселелерге басты  назар аударды.

Сондай-ақ,  облыс әкімі алдымен Бесағаш ауылындағы блокты-модульді қазандыққа барды. «Горизонт KZ» ЖШС 2 млрд. теңгеге орнатқан бұл қазандық биылғы жылдың қараша айында іске қосылды. Нысан Бесағаш ауылындағы «Нұрия», «Динара групп», «Алма Тау», «Достар», «Бесағаш 2» тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсетуге арнап салынған. Облыс әкімі заманауи, жаңа әрі үнемді, газға қосылған қазандықтың жұмысын оң бағалады.   Осы сапар барысында Қанат Бозымбаевқа Бесағаш ауылының оңтүстік-батыс бөлігін дамытудың жобасы таныстырылды. Соның ішінде «Talgar Eco City», «Аспан сити», «Besagash» және «Достар» тұрғын үй кешендерінің құрылысы жайлы кеңінен баяндалды. Бұл ретте Қанат Алдабергенұлы тұрғын аумақтарды дамыту ісін кешенді түрде қарастыру керектігін қатаң ескертті.

Сол сияқты облыс әкімі Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінің 3 жылдан бері созылып келетін  күрделі жөндеуіне қатысты туындаған мәселелерге де назар аударды.  Сапар барысында сорғы станциясы мен резервуарлардың жұмысына да көңіл аударылды. Мұнда облыс басшысына бұған дейін Бесағаштағы «Алма Тау», «Нұрия» ЖК-ларын сумен қамтуда туған қиындықтарды шешу жолдары баяндалды.

Жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін «Ой Қарағай-Лесная сказка» тау шаңғы демалыс базасы ауданның іргелі туристік нысандарының бірі. База басшылығы нысанның іргесін кеңейтіп, «Апорт Ақ-Тас» тау курорттық кешенін салуды қолға алмақ. Жоспарға сәйкес жоба 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс. Дегенмен оған қажетті жол, электр энергиясы, су таратқыш сияқты инфрақұрылымдармен қамтуға көмек сұрады. Қанат Бозымбаев тау туризмін дамыту жөнінде арнайы мастер-жоспар әзірленетінін айтты.

– Тау курорттық кешенін салу  – бұл үздік туристік жоба. Жоба іске асырылса, қанша жұмыс орны ашылады, қанша салық түседі, туристер легі қаншаға артады, соның бәрін зерделейміз. Және осы мастер-жоспарда облыстағы туризм саласының туындаған мәселелерінің барлығы, соның ішінде сіздер көтерген мәселелер де қамтылатын болады,  –  деді Қанат Бозымбаев.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ