Баға байлауға көнбей тұр

0
1506

Елімізде азық-түліктің бағасы ай сайын шарықтап, мұның зардабын қарапайым халық тартуда.  Базардағы бағаның бағамына қарап тарыққан  жұрт,  мұндай қымбатшылыққа да амалсыз бой үйрете бастаған.  Қаңтар басындағы көтерілістің бастауы бейбіт шеру болған еді.  Ел еріккеннен емес, елде болып жатқан қымбатшылыққа қарап,  ашынған күйі жанайқаларын жеткізген болатын.

Азық-түлікке бағаны күннен-күнге қосуды саудагерлер жиілеткен. Ал мұны  сатушылар көтерме саудадағы тауар бағасының  шарықтап кеткендігімен сәйкестендіреді. Сондықтан шағын дүкендер  азық-түлік бағасын көтеруге мәжбүр. Оны статистика мамандары да растап отыр.

Осыдан бірер жыл бұрын халық мың теңгеге дүкеннен қаншама зат  алып шығатын. Қазір ол ақшаға   нан мен шай ғана аласың.  Азық-түліктің өсуінен алатын  айлық пен зейнетақың  ішім-жемнен артылмай қалатынын айтып налыды жұртшылық.  Таяқтың екі ұшы болатыны секілді,  бұл тұрғыда  әр мәселеге екі жақты қарау керек.  Бүгінде байлауға көнбейтін бағаны әркім әр түрлі саралайды. Бірі бағаның өсуін саудагерлердің қолынан жасалған жайт десе, енді бірі мұның себебін азық-түлік қорының аздығымен өлшейді.  Ал келесі топ жалақы, зейнетақы, жәрдемақының көтерілуі, тауарлардың шарықтауына әсер етеді дейді. Саудагерлер болса  экономикалық ахуалға доллардың көтерілгенін, теңгенің құнсызданып кетуін алға тартады.

Қалай десек те, елде азық-түлік бағасының қымбаттауы туралы ақпараттар көптеп тарауда. Бұған қатысты үкімет тарапы  қандай шаралар қолдануда? Бұл  іс діттеген жеріне жетіп жатыр ма? Бағаны тұрақтандыру мүмкін бе? Ашындыратыны: әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қол жеткізбей тұрғаны. Осы тұрғыда біз  Талдықорған қаласындағы  орталық базар, көтерме сауда және     «Магнум», «Smaal», «Toimart» сынды үлкен сауда орындарына табан тіреп, байлауға көнбей тұрған бағаның бағамын анықтап,   салыстырып көруді жөн санадық.

Біз бас сұққан «Қарағаш», орталық базарда ет бағасы — 2200 теңгеден басталып, 3000 теңгеге дейін жалғасады. Ал күнделікті ас пісіріп жүрген күнбағыс майының 5 литрін — 3500-4000 теңгеге дейін алуға болады. Бағаны бағамдап жүріп, бір сауда орнынан дәл осы күнбағыс майын  4700 теңгеге бағалап тұрған саудагерді де көрдік.  «Неге қымбат?»  деген сауалымызға орай саудагер майды арнайы фирмадан барып алатынын, әрі бұл нағыз оригинал  екенін, басқалардың сатып тұрғаны сапасыз май деп қысқа қайырды.  Алайда, сырт пішіні,  атауы, фирмасы бірдей болып тұрған ол сұйық майдың басқаларынан қандай айырмашылығы бар болды, сонда?!  Келесі кезекте ұнның бағасын қарадық. 25 киллограмдық  ұнды 5000-5400 теңге аралығында аласыз. Көкөністер  бағасы да шарықтап тұр. Өзіміздің жергілікті  картоп-сәбізіміз деп, оны 250-270 теңгеден бағалап сатуда.  Ал, қанттың  бағасы – 320-340 теңге болса, күріштің бағасы – 340-380 теңге аралығында. Бұл бағалар  базар және көтерме сауда орындарынан көргеніміз.

Ал, «Magnum»,  «Smaal»,  «Toimart»   үлкен сауда орындарындағы баға тіптен бөлек.   Ол жерлерде бес литрлік  күнбағыс майын 4129 теңгеден 4499 теңге аралығында аласыз.  Картоп пен сәбіз 290-333 теңге шамасында.

Бағаны  бағамдауда  сауда жасап тұрған сатушылар мен  ел   сөзіне де құлақ астық.

Айназ ЖАКУПОВА,  көтерме сауда орнының саудагері: «Қазір азық-түлік  қымбаттады.  Тауар бағасы тұрақсыз, күн сайын құбылып тұрады. Бір заттың  бағасы көтерілсе, енді бірінікі түсіп кетуі ғажап емес.  Сондай-ақ,  біздің де жолымыз бар, орынды  жалға алғандықтан оның  да ақшасын беру керек. Оның барлығын есептеп шығаруымыз қажет».

Ернар СЕКСЕНБАЕВ,  қала тұрғыны:  «Азық-түлік  бағасының қанша екенін  көрдіңіз. Бірақ,  халық сонда да  алады.  Қымбат екен деп азық-түлік алмай отыра алмайсың ғой. Басқа сауда орындарын білмеймін,  базардан арзан жер көргенім жоқ. Мүмкін, қателесетін де  шығармын. Бірақ, өзім үшін солай».

ЫРЫСЖАН  апа, қала тұрғыны: «Арзан  зат таппайсың қазір. Бәрі қымбат. Халықтың кейбірі жұмыссыз, бірінің алатын жалақысы төмен. Тапқан-таянғандары та-маққа кетеді. Азық-түлік дейсің ғой, ол ғана емес, киген киімің де, ауырсаң алатын дәрі-дәрмегің де барлығы қымбат. Ал оны ойлап жатқан біреу бар ма. Бағаны  бағамдайтын ешкім қалмағандай. Елдің қамын ойлайтын басшылар  қайда қарап отыр, дейсің осындайда?!», – деп  кейіді кейуана.

Осы орайда айта кетейік,  «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыруда  бірқатар шара қабылдапты. Барлық өңір  бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері арзан бағамен сатылатын сауда нүктелерін ұйымдастырған. Соның ішінде Талдықорған қаласы бойынша айтсақ,  Жансүгіров көшесі 161, «TOIMART» супермаркеті, Самал шағын ауданы, 42. «Санжар» дүкені, Пушкин көшесі, 239А. Еркін ауылы,  «Шойбек» дүкені, Сүлеев көшесі, 29. «Жерұйық» коммуналдық базары, Рақышев көшесі. Аталған сауда орындарынан  әр аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері таңғы сағат 08:00-ден 14:00-ге дейінгі аралықта  әлеуметтік маңызы бар өнімдерді  арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.

Бұл тұрғыда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының сауданы дамыту бөлімінің басшысы Айгүл ИДРИСОВАНЫҢ  оймақтай ойына назар салыңыз.

Бұл  жерде  кінәлілер –  ортадағы делдалдар болып отыр. Неге десеңіз, өндірушіден алынған тауарлар дүкенге жеткенше  ортада екі-үш адам кірісіп кетеді, сөйтіп әрқайсысы  үсті-үстіне баға қосып, шарықтатып тастайды. Ал соңында қиналатын кім, әрине  қарапайым халық.  Біз осындай  саудагерлер  тізімін жасап, монополияға қарсы комитетке беруді ойластырудамыз. Олардың қойған бағаларына мән беріп,  неліктен  қымбат баға қойып жатқанын  анықтасын. 

Облыстағы   әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  тізіміндегі 19 тауардың  17  өнімі  өзімізден шығарылады. Бұл деген өз өңірімізді  қамтамасыз ететіндей жағдайда  екендігімізді көрсетеді.  Алайда, арадағы  алып  сатарлардың  салдарынан  бағаны бірізділікке сала алмай келеміз. Меніңше, нақты бағаға тұрақтау керек. Үкімет өзі осы әлеуметтік маңызы бар он тоғыз өнімге шекті бағаны қойып,  осыдан өзгертпеңдер десе, мүмкін жұрт бұлай қиналмас  еді. Сонда,  жинақылық та  болар еді.  Мәселен, өндіруші өнімін еңбек етіп,  терін төгіп өсіреді. Содан  оны   арзан бағада сатады. Ал тіс қаққан кәсіпкерлер немесе ортадағы делдалдар дайын өнімді  сатып алып, оның үстінен үстеме  баға көріп отыр. Бұл, қалай болғаны, сонда?!

Осы азық-түлік  бағасын тұрақтандыруда  облыс әкіміне мынадай ұсыныс білдіріп отырмыз.

  1. Аудан, қала әкімдері сауда желісіндегі жосықсыз делдалдарды анықтауда бағаларға күнделікті мониторинг жүргізсе.

2.Жергілікті тауар өндірушілермен (наубайхана, фермерлік және басқа да өңдеу цехтары) сауда желісін жеткізу үшін үш жақты меморандумдар жасасу және әлеуметтік дүкендер мен бөлімшелерді ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыру.

  1. Базарларда жергілікті тауар өндірушілерге жалға алмай-ақ сауда орындарын беру туралы келісімдер жасау мәселесін пысықтау.

4.Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді қамтамасыз ету мақсатында облыстың тұрақтандыру қорының өнімдерін жеткізу бойынша субьектілер мен сауда қызметі мәселесін пысықтау қажет.

Аудан және қала әкімдері бұл мәселені күн сайын сағат 12:00-ге дейін тұрақты бақылауда ұстауды қамтамасыз етсін.  

Шынында, осындай ұсыныстар көп болып, бұл  тек  қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Алдағы уақытта облыста Сауда департаментінің ашылуы жоспарлануда екен. Мақсат – кез келген дүкенге барып бағаны салыстырып, оны көтерген  жағдайда саудагерлерге тиісті жаза қолдану. Сонымен қатар,  бұл  бағаны тұрақтандыру мақсатына жұмыс жасамақ.

Ел тілегі – байлауға көнбей тұрған баға  оңтайлы шешімін тапса екен дейді.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Қазіргі уақытта елімізде негізгі азық-түлік тауарларының 5 айлық қоры қалыптастырылған. Тұтынушы үшін,  бағаны төмендету үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін 15-тен  10%-ға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.  Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қорларын қаржыландыру және сауда желілерін кредиттеуді 140 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда (бүгінгі күні 70 млрд теңге бөлінді).

Ержан Қазанабаевтың айтуынша, министрлік пен әкімдіктер жұмысының қосымша блогы мемлекеттік бақылауды күшейту болып табылады, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұртшылықты тарту арқылы сауда үстемесін және сыйақыны бақылау бойынша жұмысты күшейтілмек.

Арайлым НҰРЖАПАР

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ