Арулар-ай күн келбетті, ай мүсін

0
1092

Үш ай тоқсан қыс та босағадан жылысты. Аязымен бүркеп, ақ ұлпасы сүттей ұйып, айналаны көмкеріп жататын кәрі қыс биыл қытымырлығын көрсетпеді. Жылы қабақ танытты. Тек қана қаңтардағы қанды қырғын жүректерді сыздатып, жанарлардан жас парлатып, ауыр мұңға салған мезгіл адам баласының жан-дүниесін мұздатты. Күн жалыны кетті. Күннің көзі жылынды.

Көктемнің жұпар исі аңқиды. Айналаға төгілген күн нұры тіршіліктің күре тамырына нәр беріп, балауса көктемінің балғын жүзі жадырады. Ой-хой, уыз-көктем көрімдігін ала келген. Мың бұралған арудай буындары майысып, күміс күлкісі күллі әлемді өзіне қаратқан Халықаралық әйел-дер мерекесімен ұштасты. Мұзбалақ, Мұқағали Мақатаевтың үнімен айтсақ:

Әйелдер-ай!

Әйелдер!

Қандайсың?!

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып

тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тың-дамай.

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай!

Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай,

Ойбай!..

Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді – дегендей, жұпары бұрқырап, жанарларды өздеріне қаратқан,  жылылығын жүректерден таратқан, сүйгізген де күйдірткен, сұлулармен бақытты әр шаңырақ үй біткен! Махаббаттың музасы да сендерсіңдер аққулар. Арулар деп арқаланып, сұлулар деп сұқтанып жыр жазбаған ақын жоқ. Ақтангер ақын  Қадыр Мырза-Әлиде:

Махаббатқа мың өртеніп, мың күйіп,

Мөлдір көзге алғандай бір мұң құйып.

Көз дейміз-ау, көз емес ол,

Талайды

Тереңіне тартып жатқан тұңғиық.

 О! – дегеннен басқа қолдан не келер!

Ол қараса, орныңа шегелер.

Кірпіктері – күн нұрынан суырып,

Қою түнге малып алған жебелер.

 О, бозбала алынбаған мұрты әлі!

Оны көрсең, жығыласың бір талып.

Батырларды матап-байлап

 тастауға,

Жетіп жатыр қара шаштың

бір талы.

 Ғашық болсаң әрі суып, әрі ысып,

Жаттым дей бер ертелі-кеш

дәрі ішіп.

Қыпша белге жетпейді ғой, 

жетсе бір,

Құмар құшақ қалар еді қарысып.

О, жігітім! Босамашы, босама!

Жалынғанмен жүрегін ол тоса ма!

Анар емес – кеудедегі екі анар –

Бекжандар бұғып жатқан Қособа!

 Қайран сұлу күн келбетті Ай мүсін!

Көзін сүзбей қалады оған қай кісі?!

Бір адамның, бір адамның

бақыты ол,

Мың адамның, мың адамның қайғысы

 –  демей ме  «Махаббатқа мың өртеніп мың күйіп» деген жырында.

Мұқағали мен Қадырдан асырып мен не айтайын ардақты арулар. Жұмақ та сендердің табандарыңның астында. Науат-Наурызда келген төл мерекелерің құтты болсын! Көктемдей құлпырып,  еркек атаулының назарынан тыс қалмай,  айқабақ қастарың керіліп, мөлдір көздеріңмен тіршілік атаулыны мейірімге бөлеп, алма жүздерің ажарлы, орталарың базарлы, ақ отауларың қазанды, ақ жаулықтарың кірлемей, бақыттарың баянды болсын!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ