Лай көшкіннен қыз бала көз жұмды
Биыл көктем ерте шықты. Солтүстікте қыс қатты болғанмен Оңтүстік өңірлерде қыс жайлы болды. Қар қалың түспеді. Алайда көктемнің сәуір, мамыр айлары жауын-шашынға ұласты. Былтырғы жылы қуаңшылықтан тарығып, төрт түлігін қырып алған Маңғыстау өңірінің ел-жұрты биыл да қуаңшылық болады деген қауесетке сеніп тасаттық берді. Оның арты ақ нөсер жауынға айналып, толассыз жауған жаңбырдың аяғы тасқынға ұласты. Маңғыстаулықтарды біраз әбігерге салды. Артынша Түркістан облысында тасқын болды. Бұл да жаңбыр суына ұласып, мемлекеттік мекемелерді аяғынан тік тұрғызып, елді-мекендерді су шайды. Алматы облысында Текелі қаласында жаңбыр жауған күні лай тасқыннан өрімдей сәби ажал құшты.
Күннің көзі күрт жылынып қар көбесі сөгіліп, жауын-шашынға ұласқанда Батыс өңірінде және Ойыл ауданындағы елді мекенге қауіп төнген-ді. Абырой болғанда ауыл халқы жұмылып қауіп-қатердің алдын алып үлгерген-ді. Бұдан кейін, Ақтөбеде облыс орталығындағы қаланың көшелерін тасқын су шайып, арыққа құлаған бір жасөспірімді көзі шалып қалған тұрғындар құтқарып қалған-ды. Маңғыстау облысындағы екі қала мен төрт ауылды, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын, сонымен бірге төрт елді мекен – Бостан, Сенек, Құрық және Шетпе ауылдарын су шайып кеткен болатын. Мәселен, облыс орталығында он бір көшені, Жаңаөзен қаласында 88 тұрғын үйді, үш мектеп пен бір балабақшаның жертөлелері зақымдалғанын, ақпарат құралдарынан көзіміз шалған. Тасқыннан бір түнде екі қала мен төрт ауылды су басты. Ғаламтор желілеріне толассыз жауған жаңбырдан кейін «Тасаттық беріп Алладан жаңбыр сұрап нелерің бар еді» деп мысқылдағандар да табылды. Мысыққа ойын, тышқанға өлім керек деген осыда…
Маңғыстау облысында бір түнде екі қала мен төрт ауылды су басып қалса, Түркістан облысы Қазығұрт ауданында кемі алты ауылды жаңбыр суы алған. Тоқтаусыз жауған жауыннан жүрген селден 200 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар орасан мал шығыны да болды. Мұның барлығы табиғат апаты десекте, жергілікті биліктің төтенше жағдайларға аса мұқият болмайтынын болған оқиғалар көрсетіп тұр. Қала мен ауыл тұрғындарының жайбасарлығы да бар. Ерте көктемде есік алдындағы арық көздерін тазалауды көбісі ескере бермейді. Жергілікті биліктегілер де қауіп-қатер болған кезде ғана аттандап шауып, техникаларды жұмылдырып, водовоздармен су сорып жүргендерін көресің. Тосын жағдайлар болған кезде ауылды қай бағыттан тасқын су шаюы мүмкін екенін күні бұрын болжап, тоғандар қазып, тасқынның алдын алып ертерек қамдануға болады. Ол үшін бюджеттен арнайы қаржылар да қарастырылған. От пен судың тілсіз жау екенін біле тұра немқұрайлылыққа салыну – жауапкершіліктен құтқармайды.
Алматы облысындағы Текелі қаласында толассыз жауған жаңбырға ұласқан апаттан адам шығынына жол берілді. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысының айтуынша, бұл жерде таңға жуық жауған жаңбырдың толастамауынан, тау етегінде орналасқан қара жол бойындағы құбырдың ескіруінен тамшылаған судың лай көшкініне себеп болуы мүмкін. Мұны арнайы комиссия анықтайтын болады дейді. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, егер лай көшкіннің қауіпті жол астындағы тозығы жеткен құбырға қатысты болса ше? Онда жауапкершілікті кім мойнына алады? Ұзындығы 50, ені 25 метр, ал биіктігі 9,5 метр, көлемі 4375 текше метр балшық тасқынға ұласқан. Нәтижесінде, бір жеке тұрғын үй қирап, бір үй балшық массасының астында қалған. Тұрғын үйлердің тағы төртеуінің аула аумағы ішінара балшық массасымен су астында қалып, Қонаев көшесін де басқанын айтуда. Куәгерлердің айтуынша, үйлердің бірінде 5 жасар қыз болыпты, ал қалған тұрғындар қауіпсіз жерде болған.
Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығының басшылығымен төтенше жағдайды жою жөніндегі штаб ұйымдастырылып, дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына және төтенше жағдай салдарын жоюға ТЖД 81 қызметкер және 16 бірлік техника, ЖАО 30 қызметкер және 6 бірлік техника, оның ішінде 2 тиегіш, 4 камаз, ТЖМ Қазселденқорғау 9 қызметкер, 4 бірлік техника жұмылдырылған. АПБ 40 қызметкер, 7 бірлік техника, БСМК үш жедел жәрдем кареті жұмылдырылған. ТЖД пилотсыз ұшу аппаратының көмегімен орнатылған тепловизормен оқиға орнын аэровизуалды ұшу және алып жүретін тепловизорларды қолдана отырып іздеу жүргізілген.
Алматы облысының ТЖД жедел желі жұмысы іске кірісіп, толастамай жауған жаңбырдың әсерінен топырақтың батпақтануына ұласып, лайланған тасқын күш бермеген күйі тұрғын үйлердің ауласын басқан. Бұл арада Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілінің айтқан сөзін ескерсек, ақауы бар құбырларға дер кезінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбегендіктен арты қазалы қайғыға ұласып отыр деп топшылауға негіз бар. Егер құрылған комиссия бұл версияның дәлелдігін анықтаса, үздіксіз жауған жаңбыр суы мен ескі құбырдағы тамшылаған су бірлесіп, топырақтың лайлауына дәнекер болмақ, дейді Төтенше жағдайлар департаменті. Төтенше жағдайға байланысты жеделтету әрекетінде «Багира» атты қызметтік итімен балшық массасының ағуы кезінде қаза тапқан 2016 ж.т. қыздың денесі бұзылған үйінді астынан табылған. Міне, қамданбай қапы қалғандықтан өрімдей бүлдіршіннің өмірі қиылды. Лай көшкіні кезінде бес жасар қыз жоғалды деген ақпарат тарағанда аман болуын тілеген және зәре-құты қалмаған текеліліктердің үміті ақталмады. Сәбиді іздеуге 200-дей адам жұмылдырылды. Айналаны шарқ ұрып іздеген адамдардың ізін ала барған қызметтік ит сәбидің денесін тапты. Одан бөлек, батпақ астында қалған бес үйдің бірі, лай көшкіннің астында қалған. Қираған баспаналар қалыбына келер. Ал қапияда ғұмыры үзілген солқылдап есіп келе жатқан жас шыбық, бүлдіршінді кім тірілте алады?
Басқа-басқа, Алматы облысы су тасқыны мен жер сілкісінен сабақ алуы тиіс еді. Қызылағаштағы қырғыннан кейін жетісулықтар етек жеңін әлі толық жинамағанын Текелідегі лай тасқыннан көруге болады. Әсілі, табиғат апаты жиі болатын Текеліде жер сілкінісі де тіркеліп тұрады. Енді, міне, жаңбыр суымен араласқан лай көшкіні елді тағы дүрліктірді. Қала билігінің жайбасарлығынан лай басқан Қонаев көшесін тездетіп ашып, сел шайған үйлердің тұрғындарын Текелі қаласындағы қонақ үйлерге уақытша орналастыру – сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері… Біздің жергілікті билік «болары болып, бояуы сіңгенде» ғана атқа қонатын әдеті бар. Әйтпесе, «Қазселденқорғау» мекемесі тек Текелі ғана емес, облыстың барлық елді мекендеріне, әсіресе, тау бөктерлеріне жарқабаққа орналасқан тұрғын үйлердің селден, лай көшкіннен келетін қауіптің картасын сызып дабыл қағып отырса, қауіп-қатердің алдын алған болар еді. «Жаңбыр басылды, жағдайды бақылауға алып, назарда ұстаймыз» дегендері тілсіз жау кеткен соң қылышыңды қиға шапқанмен бірдей ғой. Текелі қаласына барып Қонаев көшесінің бойымен жүрсеңіз тау етегінде орналасқан үйлерге расында қауіп-қатердің бар екенін көзбен көресіз.
Мұндай оқиға былтыр Қарасай ауданында да болған. Жергілікті биліктің салғырттығынан тозған құбырдан тамшылап тұрған су, жаңбыр суымен қосылып селге ұласқан-ды. Табиғат апатына бей-жай қарауға мүлде болмайды. Тосыннан келген апат деп қаншама жуып-шайғанмен бұл жерде адам тағдыры басты фактор болып тұр. Төтенше жағдайлар департаменті ауа-райына байланысты алдын ала ұялы телефондарға хабарлама жіберіп тұрады. Қауіпті аймақта болуы мүкін деген жеделхатты тұрғындарда назарына ала бермейді. Оның арты орны толмас өкінішке ұрындыратынын айтудың өзі ауыр. Қар көбесі сөгіле бастаған кезден бастап, дабыл қағылып жатады. Тау бөктеріндегі қарлар еріп кеткенмен құзар шыңдардағы қардың еруі енді басталады. Күн ысыған сайын таудан аққан қар суы мен құбылған ауа-райының жауын-шашыны селге, тасқынға айналып жатады. Ал жергілікті билік мұны табиғаттың тосын апаты деп жуып-шайғысы келеді. Негізі мұндай тосын оқиғаларға жіті мән берілу керек.
Қауіпті аймақтарда тұратын тұрғындардың тізімі жасақталып, апатты өңірлердің сызбасы сызылып тұрақты бақылауда болмаса, тосын апаттар болғанда орны толмас залалдарға жол беріледі. Оның басты дәлелі, Қазақстанның Батыс өңірлері мен Түркістан, Алматы облыстарында болып жатқан тасқын сел мен лай көшінін айтсақ та жеткілікті. Түркістанда адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіргенімен мал шығынына жол берілді. Бұл дегеніңіз, ауылдағы күн көрісі малға қарап қалған тұрғындардың ішіп-жем рызығын жойып жібергенмен бірдей. Ал адам шығынына жол берген Алматы облысы, Текелі қаласының жергілікті билігі қазалы үйге көмек қолын созғанымен бақилық болған баласын батпақтан жасап бере алмайды…
Айтақын МҰХАМАДИ