Береке – бірлікте, табыс – тірлікте

0
403

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аспан асты елі, Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан Панфилов ауданының  ел жұрты желдің өтінде,  шекараның шетінде тұрады. Аудан аумағы 10,58 мың шаршы шақырымды құрайды. Аудан  халқының саны 2022 жылғы 1 маусымда 131,7 мың адам болса, елдімекендердің саны: 1 қала, 41 ауылдық елдімекен, 13 ауылдық округтен құралған. Халықтың ұлттық құрамы: қазақтар- 87,1 мың адам (66,15%), ұйғырлар- 38,4 мың адам (29,12%), орыстар — 4,4 мың адам (3,33%), басқалар -1,8 мың адам (1,4%). Ауданның негізгі тіршілік көзі –  дала аруы жүгері мен мал шаруашылығы.

Қайта  құрылған  Жетісу облысында  Панфилов және Жоңғар қақпасында отырған Алакөл ауданы өңірдегі ең ірі аудандар қатарында саналады. Екі ауданда Қытай мемлекетімен иықтары түйісіп тұр. Экономикалық бәсекелестікте кешегі кеңестік кезеңнен бері осы екі  аудан көрсеткіштерін салыстырып жататын. Заман ағымына қарай қайта бейімделіп жатқан аудандарды өндірістік жағынан салыстырып қарайтын болсақ Алакөлде майбұршақ, екі бірдей балық өңдейтін, бал ара, мал соятын және асфальт шығаратын өндіріс орындары болса, Панфиловта жүгері өңдейтін,  қап  шығаратын,  Көктал ауылында товарлы сүт  және құрылысқа қажетті түрлі қиыршық тастар шығаратын әрі  жақында ғана іске қосылған  сәбилерге арналған жөргек (памперс)   шығаратын өндіріс орындары бар.  Нарықтың талабы бәсекелестік, сапалы өнім өндіру. Өнімді өндіріп қана қоймай оны саудалау және импорттық тауарға айналдыру.  Ауданда  шағын және орта кәсіпкерлік саласында 9,3 мың субъекті жұмыс істейді. Оның ішінде: шағын кәсіпорындар саны (заңды тұлғалар) – 627, жеке кәсіпкерлер саны – 3681, шаруа қожалықтары – 4957. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 14 712 адам жұмыспен қамтылған. Бөлшек тауар айналымының көлемі 7,0 млрд.теңге немесе өткен жылдың кезеңіне сәйкес 101,4% құраған. Облыс көлеміндегі ауданның үлес салмағы – 9,5пайыз.

Ел тізгінін ұстап отырған азаматтардың іскерлігін көрсететін тағы бір айғақ ол –  ауданға инвестиция тарту. Тартылған инвестицияға сәл кейіндеу тоқталамыз. Шекаралық аймақтың айдары да айбары да болып тұрған  екі бірдей кеден бекеті бар. Жасыратыны жоқ тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде аудандағы кеден бекетінен аудан бюджетіне соқыр тиын түскен емес. Ауданды көрші мемлекетпен байланыстырып тұрған темір  және күре жолдар бар. Осы күре жолдардың негізгі бөлігі республикалық маңызды жолдар болғанымен аудан территориясына қарайтын жолдарды кеденнен жүк тасыған ауыр көліктер жиі бұзады. Сол үшін де кеденнен  аудан бюджетіне салық алынуы заңдылық болар еді. «Жаңа Қазақстан құрамыз»   деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кеденнен алынатын алым-салықтан   ауданның да алар  үлесі барын ескерсе,  нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда, кеден маңайындағы компаниялар аудан бюджетіне салық төлеуді бастады деген жылы хабарды құлағымыз шалған. Бұл аудан экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосады. Енді аудан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 9,9 млрд.теңге, нақты көлем индексі 108,5%. Облыс көлеміндегі ауданның үлес салмағы – 10,9%.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 млрд. теңгені құраса,  нақты көлем индексі 64,1%. Облыс көлеміндегі ауданның үлес салмағы – 6,8% құрауда.  Жалпы, аудан  көлемінде  өнеркәсіпте 2,7 млрд. теңгеге өнім өндіріліп,  113,7% құраған. Облыстық өнеркәсіп өндірісіндегі ауданның үлесі – 10,4%. тең.  Экономикалық бағытта жүгері және мал шаруашылығымен айналысатын ауданда  шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 12,7 млрд. теңге,  100,9%.  болса, облыстық жалпы өнімдегі үлесі – 12,6%.   Жетісу өңірі  аграрлық сала болғандықтан басымдық ауыл шаруашылығына тиесілі. Оның бір саласы мал шаруашылығы. Жаз жайлау, күз күзекте, қыс қыстауда төрт түлік өсірген малшы қауымының малдарының бәрі жекеменшік. Әрі малмен әрі осы малды асырау үшін жер алып, егін салып, шабындық шабатын бесаспап шаруалардың ауданда мал өнімінен 7,0 мың  тонна өндіріліп, былтырғы жылдың сәйкес мерзіміне (98,1%), сүт 22,6 мың тонна (110,7%), жұмыртқа 4,0 млн. дана (114,7%) өндірген.  Аудандағы  ірі қара малының саны 105.6 мың бас, қой мен ешкі – 357.0 мың, құс – 88,7 мың   және жылқы –  22,5 мың басты құраған. Жылдан-жылға мал басының санын өсіріп, одан алынар өнімнен пайда көріп отырған шаруалар  дәулетті де сәулетті тұрмыс кешуде. Тіпті мал санын көбейтіп ірі компанияға айналғандар түгілі қарапайым шаруалардың өзі қазір малдарын бағуға бақташы жалдап отыр. Жасыратыны жоқ бүгінде  мал бағатын адам табу қат товарды іздеумен бірдей болған.

Жазиралы  Жаркенттегі аудан эконо-микасының тағы бір тармағы дала аруы атанған жүгері. Ауданда 26 578 гектарға жүгері егілген. Былтыр гектарына 64 центнерден өнім алған шаруалар  жүгерінің бір киллограмын 30-35 теңгеден сатқан. Ауданда жүгері  өңдейтін  зауыт 120 тонна сатып алса,  Шамалғанда крахмал өңдейтін зауытта Жаркенттік диқандардың өнімінен алған.

Аудан  экономикасының тасын өрге домалатуға еңбекші елдің қосып отырған үлесі зор. Қазақта, «еңбек етте, міндет ет»  деген тәмсіл бар. Маңдай терін төгіп, аптап ыстықта диқан аңызда, малшы мал соңында жүреді. Ал оларға барлық жағдай жасауға жергілікті билік міндетті. Бұл бағытта  баспана мәселесі басты тақырыпқа шығары даусыз. Баспана мәселесі бір ғана Панфилов ауданындағы түйткіл емес,  Республика бойынша өзекті мәселе. Айлап-жылдап кезекке тұрып,  кезегіміз жақындағанда  артқа сырғып кетті деп шағымданушылар он соттық жер теліміне жете алмай жүргендері қаншама. Экс әкім болған  Амандық Баталовтың кезінде бір ғана Талдықорған қаласында 1000-нан аса пәтерлер заңсыз беріліп кеткені жайлы  қалалық әкімдік пен сот органдарының араласуымен кері қайтарылып алынғанын ақпарат құралдарында қала әкімінің баспасөз қызметі жариялаған болатын.

Құрқылтайдың ұясындай болса да «өз үйің, өлең төсегің болғанға не жетсін..». Бұл бағытта  Панфилов ауданында есепті мерзімде 23,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 131,3%.  Кез-келген шаруаның басын қайыру үшін оған қомақты қаржы қажет. Бұл  қаржы қайдан түседі. Әрине бюджет қоржынын толтыру керек.   Ол үшін міндетті төлемдер мен салықтар дер кезінде жиналса, бұл  аудан экономикасының қарқынды   дамуына сүбелі үлес қосады.  Аудан көлеміндегі өндірістік орындар, ірі компаниялар, шағын кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының барлығы тапқан табыстарының бір бөлігін  салыққа төлейді. Бұл жұмыстардың көрсеткішіне зер салсақ, ауданда биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 20,7 млрд.теңге жиналып, болжам 107,8%-ға жеткен. Оның ішінде: республикалық бюджетке 16,9 млрд, (103,1%), жергілікті бюджетке 3,9 млрд, (120,5%), аудандық бюджетке 1,7 млрд.теңге жиналып, жоспар 106,7%-ға орындалған. Бюджет шығындары 6,4 млрд.теңгені құрап, қаржы игеру 99,9%-ға артқан.  Ауданның 2022 жылға бекітілген бюджеті жыл басымен (15,4 млрд.тг) салыстырғанда бюджеттік нақтылаулар  есебінен 4,8 миллиардқа  көбейіп, 20,2 млрд. теңгені құрады (оның ішінде: меншіктік кірістер  3,7 млрд, ағымдағы нысаналы трансферттер 3,9 млрд., нысаналы даму трансферттері 3,8 млрд.,  облыстық бюджеттен түсетiн субвенциялар 4,1 млрд.,  республикалық бюджеттен түсетін субвенциялар 1,6 млрд.,  бюджеттік кредиттерді өтеу 0,04 млрд., қарыздар түсімі 2,4 млрд., бюджеттік бос қалдықтар 0,7 млрд.теңге).

Жаркент қаласының бюджет кірістері  492,2 млн. , оның ішінде меншіктік кірістері 323,4 миллион, трансферттер түсімдері 88,1 миллион, бюджеттік бос қалдықтар 80,7 миллион, шығыстары  492,2 миллионды  құрап, өткен 7 айда 243,2 миллион теңгеге игерілген. Оның ішінде  экономиканың салалары бойынша нақты атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан әкімі Марат Сағымбаев аудан орталығындағы Жаркент қаласында атқарылған жұмыстардың есеп-қисабында мәлім етті. Мәселен, білім беру саласында қаладағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепті күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 30,0 миллон  жергілікті бюджеттен бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарына 2025 жылға  450,0 миллион теңге жоспарланғанын,  Жамбыл мектебінің стадионын күрделі жөндеуге 58,0 млн.теңге жергілікті бюджет-тен бөлінгенін,тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі,  автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы саласы бойынша   467,3 млн.теңге,  Жаркент қаласының Қонаев, № 13 көшелерін орташа жөндеуге 262,8 миллион теңге   жергілікті бюджеттен бөлініп, есепті кезеңге 169,4 миллион теңгесі игерілгенін атап өтті.  Сондай-ақ, аудандық маңызы бар жолдарды (ойық) ағымдағы жөндеуге 27,4 миллион. теңге жергілікті бюджеттен бөлінсе, 7 айда  22,7 миллион теңге игеріліп,  Жаркент қаласының сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғыртуға  жоба-сметалық  құжаттама дайындауға 71,6 миллион  бөлініп, 41,6 млн.теңге жұмсалды.

Жалпы, Жаркент қаласының  құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылға  жоспарланған. Алматы, Уәлиханов, Головацкий көшелерінің электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттама дайындауға   8,0 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, 2,0 млн.теңге игерілсе, 2020-2021 жылдары  қаланың Жібек жолы № 8, 34, 77, Сыпатаев көшесі ,№ 233, Уалиханов көшесі № 155, Юлдашев көшесі № 28 көпқабатты тұрғын үйлерге газбен жанатын блокті-модульді қазандық құрылысына жоба-сметалық құжаттамалар 84,4 млн.теңгеге дайындалып, газға қосу жұмыстары әлі жалғасуда.  Аудан орталығы Жаркент қаласына бөлінген қаржыларға қарағанда қаншама  жылдар бойы аудан орталығындағы қаланың әлеуметтік ахуалы назардан тыс қалғандай. Себеп, құрылыс саласының көбі Жаркент қаласына жұмылдырып жатқанын бөлінген қаржылардан аңғардық. Құрылыс саласында 2022 жылға бюджет қаражаты есебінен жалпы қаржы 2,8 млрд. теңге қарастырылып, жеті айда 461,7 млн.теңге игерілген.

Жаркент  қаласындағы 60 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысына кредит есебінен 1,1 млрд. бөлініп, 320,2 миллион теңгесі игеріліп,  екі тұрғын үйді абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына 236,9 млн. теңге  облыстық бюжеттен бөлініп,  60,6 млн.теңгесі игерілген.  Қаладағы Беспаев көшесіндегі № 80, 82 мекенжайда орналасқан 60 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысын бастауға кредит есебінен 1,2 млрд. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алулар жүргізілуде. Осы үйдің инженерлік  коммуникациялық  желілер құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 3,0 млн.теңге бөлінгенін, 2024-2025 жылдары салынатын 60 пәтерлі екі тұрғын үй  құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуді бастауға  1,0 млн.теңге, аталған үйлерді абаттанды-руға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына ЖСҚ әзірлеуге 5,0 млн.теңге облыстық бюджеттен бөлінгенін, қаланың солтүстік-шығыс бөлігіне жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысына 2-кезекке 80,9 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, толығымен игерілгенін  тілге тиек еткен аудан әкімі Марат Сағымбаев қоғамды алаңдатып тұрған басты мәселенің бірі халықты жұмыспен қамту бойынша ауданда 3035 жаңа жұмыс орындары ашылғанын айтты.

Жұмысқа орналасуға 3403 адам өтініш білдірсе, оның ішінде бүгінгі күнге 2527 адам  жұмысқа орналасқанын, қоғамдық жұмыспен – 1378, әлеуметтік жұмыспен –102 адам қамтылып, қаңтар-наурыз айларында орташа еңбекақы 26,5% өсіммен 211,9 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, мемлекеттік атаулы көмек аз қамтылған 1447 отбасыға (8004 адамға) 351,5 млн.теңге тағайындалып, төленді.  Ауданда білім беретін 45 орта, 1 негізгі және 4 бастауыш мектеп жұмыс істейді. 2022 жылдың 1-ші шілдесінде 60 балабақша және 29 шағын орталықтың  жұмысы жанданды.

Мектепке дейінгі білім берумен 8712 бала қамтылса, мектепке дейінгі 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды  білім берумен қамту – 99,8%-ды құрады. Өз сөзінде аудан  әкімі Марат Сағымбаев денсаулық саласы және қоғамдық тәртіп туралы  атқарылған жұмыстарға да тоқталды.  Ауданда тұрғындарға 1  аудандық орталық аурухана, 2   ауылдық аурухана, 16  дәрігерлік амбулатория, 23  фельдшерлік-акушерлік пункті және медициналық пункті, 5 жеке меншік нысанындағы денсаулық сақтау ұйымдары қызмет көрсетеді. Оларда  206 дәрігер, 1106 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Ел болған соң телі-тентегі болмай тұрмайды. Қоғамдық тәртіпті  бұзғандарды дер кезінде жауапқа тартуда  қаңтар-маусым айларында 268 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ке азайды. Жол-көлік оқиғаларының  саны – 42 болса,   бұл көрсеткіш ( 2021 ж.-43),  қайтыс болған адам саны – 6 (2021 ж.-5). Қылмысты ашу 89,5% (2021 жылғы 6 айда-84,8% болған).

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ