Жетісуда 280 жүргізуші жауапқа тартылды

0
371

Қазір қауіп-қатер қайдан болады деп  үрейленіп отыратын  күйге түстік. Екі күннің бірінде  адам өлімі туралы суық хабар естисің. «Кісі қолынан қаза болыпты, пышақтап кетіпті, атып тастапты, өз-өзіне қол салыпты, буындырыпты, зорлық-зомбылық жасапты, көлік апатынан көз жұмыпты деген қаралы хабарлар қабырғаңды қайыстырып, жаныңды жаралайды.

Әсіресе, темір тұлпар тізгіндегендердің жол-көлік оқиғасына көзіміз үйреніп кеткені сондай, апатты жағдайды көрсең елең қылмай өте шығатын жағдайға жеттік. Күре жол тұрмақ  қала, ауыл ішінде жол ережесін сақтамай,  дауыл көтерген  құйындай  жанұшырып бара жатқан көлік жүргізушілерді көргенде көзіміз шарасынан шығатын болды. Жаңа,  ескі көлік мінгендер де бағдаршамның жасыл түсі жанар-жанбастан арғымақтарын секіртіп, газды барынша басып,  зу етіп өте шығады.

Мәселен, Талдықорған қаласының ішінде жылдамдық көрсеткіші, жол ережелерінің арнайы тақтайшасында 40-ты көрсетіп тұр. Бірақ оны елеп жатқан көлік жүргізушілері жоқ.  «Неге жылдам жүрмей келе жатырсың»  деп  сигналдарын басып,   одан қалса, көлік терезесінен бастарын шығарып, ауыздарына келген былапыт сөздерін үйіп-төгіп «ешак» жылдам айда  деп ақырып бара жатады. Әлгі құйын-перін ұшып жүрген, ауыздарынан жындарын шашып, қарғанып-сіленіп бара жатқан көлік жүргізушілерге  жол шетінде тұрған жылдамдық «40-тан аспау керек»  деген жол ережесін саусағыңмен нұқып көрсетсең «ну что»,  мен асығып бара жатырмын», – деп зілденіп, түкірініп тұрғанын көресің. «Асығып бара жатырмын»  дейді. Сол асығыстың түбі талай көлік  жүргізушілерінің ажалына себеп болғанын білмейді емес,  біледі. Асығыс түбі өкініш.  Не өзің арандайсың,  не біреудің обалына қаласың.

Көлік   тізгіндегендердің    көбі жол ережесін мұқият сақтай  бермейді.  Мысалы, Талдықорған қаласындағы «Ақын-Сара», «Қабанбай»,«Біржан-сал», «Шевченко» көшелері орталық базармен қиылысып жатыр. Осы базар маңындағы  жолдардың шетіндегі  бардёрлардың кейбірі сары жолақпен сырланған. Ол  бұл  маңға көлік қоюға болмайды  деген  белгі. Осы сары жолақ белгіге қарап жатқан көлік жүгізушілері жоқ. Екінің бірі келіп сары жолаққа көліктерін қойып, базар аралап кетеді. Ал, жол сақшылары оларға айыппұл салып, кейбір көліктерді тиеп әкетіп жатады. «Тіпті, бір емес екі-үш мәрте сол араға көлік қойғандары үшін айыппұл арқалағандар қайтадан камераға түсіп жатады», –  дейді жол сақшылары.  Бұл бір қыры.

Екіншісі  одан да сорақы. Ішімдік ішіп, немесе есірткі пайдаланып масаң күйде көлік рөліне отырғандарға жол ережесі туралы заңда қатаңдатылған. Алайда, оған да немқұрайлы  қарайтындар  бар  екен.  Жетісу   облысының полицейлері автокөлікті  мас  және  есірткі шеккен күйінде басқаратын жүргізуішілерді анықтау бойынша жұмыстарды барынша жандандырып жатқанын айтады. «Бұл –  облыс жолдарында 4 адам қаза тауып, 18 адам түрлі дене жарақатын алған мас жүргізушілердің салдарынан жол-көлік оқиғаларының тіркелуін ескере отырып, мәжбүрлі түрде қабылданды»,  – дейді Жетісу облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Соңғы дерек бойынша, Көксу ауданында тіркелген 1989-1998 жылғы жастар,  бес азамат дастархан жайып, масаң күйде «мерседес» автокөлігін тізгіндеген.  Масаң  күйлерінде жол апатына ұшырап,  бесеуі де аурухана төсегіне таңылған.  Жол-көлік оқиғасы Жамбыл ауылының маңында болған. «Мерседес Бенсс-220» көлігінің тізгінінде 24 жастағы жергілікті тұрғын болыпты. «Алматы-Өскемен» республикалық  автожолына  жақындаған  жүргізуші көлікті басқара алмай, жол бойындағы ағашқа барып соғылған. Нәтижесінде  оқиға орнынан түрлі жарақаттармен бес адам ауруханаға жеткізілген.

Жол-көлік апатына түскендердің сүйек сынуы, көгеру, гематома, лакция және травматикалық шок диагнозы қойылған. Барлығы мас күйінде болғанын айтады  Көксу ауданының  полициясы. Жол апаты бойынша қажетті сараптамалар тағайындау мен ҚР ҚК-тің 345-бабының 2-бөлігінде көзделген тергеу басталған. Ағымдағы жылы өңір аумағында жол қауіпсіздігі желісі бойынша 57 625 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Мас күйінде  көлік жүргізгені үшін 280 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушылықты  қайталанғаны үшін 12 адам ұсталған. Басқа-басқа бір мәрте алкогольдік ішімдік ішіп, рөлге отырып, полицияның қолына түсіп, айыппұл арқалағанда екінші мәрте тағы да құқық бұзса,  мұны қалай түсінуге болады. Ол өз өмірлеріне де, өзге жолаушылардың өмірлеріне қауіп төндіретінін біліп тұрып, ішімдік ішкенде неге көлік айдауға құмартатынына таң қаласың. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын олар білмейді емес,  біледі. Тәртіп бұзғаны үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Мас күйінде екінші мәрте ұсталу фактісі тіркелсе,  жүргізушіге қылмыстық қудалау қаупі төніп тұр. «Құдайда сақтанғанды сақтайды».  Алматы-Өскемен, Алматы-Хоргос   бағытындағы күре жолдарда құмырсқа-дай құжынаған көліктер, алты қабат аспанға ұшырылған зымырандай зуылдап  бара жатады. Олардың  күре жол бойындағы жол ережелеріндегі көрсетілген белгіні елең қылмай, бұрылыс-тардан жоғары жылдамдықпен өте шығатынын көргенде зәре құтың қалмайды. Кең жолақты жолда да жылдамдықты шамадан тыс арттырғанда рөлге ие бола алмай,  алдыңғы кетіп бара жатқан көлікке соғылып, болмаса жол жиегіндегі қоршауларды бұзып-жарып,  қарсы бағыттарға  шығып кетіп,   жатқанын көресің. Бір ғана, Талдықорған қаласының аумағында ағымдағы жылдың 6 айында 94 жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде 6 адам қаза тауып, 157 адам жарақат алған (түрлі дәрежедегі дене жарақаттары).

Жыл басынан бастап патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 475 дерегін анықтаған. Оның ішінде: мас күйінде көлік жүргізгені үшін 47 жүргізуші ұсталған. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 635 көлік құралы қойылды. Дабыл қағып жатқан полиция қызметкерлерінің уәжіне құлақ түрсең, жол-көлік оқиғасының  көп бөлігі жол ережесін бұзудан бастау алатынын айтуда.

Алматы облысының полиция сақшылары аймақ аумағында 18 шілдеден бастап жол қозғалысы қауіпсіздігі айлығын өткізуде. Қазір адамдардың көбі жазғы демалыста. Мұндай сәтте қала және өңіраралық қатынаста автокөліктердің қозғалысы артады. Себебі, Қапшағай, Балқаш, Алакөл демалыс аймағына жол жүрушілерде есеп жоқ. Міне, осы кезеңде қайғылы  оқиғалардың жиі болуы көңілді алаңдатады. Осы деректерді ескере отырып, іс-шара аясында патрульдік полиция қызметкерлері  автокөлік құралдарын, оның ішінде жолаушылар көлігін тексеруде.

Жеті  ай ішінде қызмет көрсетілетін аумақта 345 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 95 адам қаза тауып, 525-сі түрлі дене жарақаттарын алғаны жайлы ақпаратты  Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің сайтынан көзіміз шалды. Бұл арада тек қана жүргізушілер ғана емес  жаяу жүргіншілерге де ерекше назар аудару қажет. «Қауіпсіздік шарасын естен шығармай  және қала ішінде ары бері сабылған көліктің көптігін назарда ұстап,  жаяу жүргіншілер  көшелердің белгіленген орындарында ғана өтуді, жолды кесіп өту барысында құлақ қаптарды алып тастауды және телефон арқылы сөйлесуді тоқтатуға кеңес береміз», – дейді полиция қызметкерлері.

Шілде айының 18 күнінен бастап елімізде республикалық «Қауіпсіз жол» іс шарасы өткізілуде. Жазғы демалысқа байланысты қаламызда көлік  санының өсуіне орай  полиция қызметкерлері осы кезеңде жол көлік оқиғаларының, оның ішінде ең қайғылы салдарының туындау қаупі артатынын мәлімдейді.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: жүргізушілердің тәртіпсіздігі,  қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, жол берілетін қозғалыс жылдамдығын арттыру, маневр жасау ережелері  бұзылады, ал көлікті басқару көбінесе шаршаңқы күйде жүзеге асырылады екен.  Жол көлік оқиғасы жайлы күнделікті ақпарат құралдарыда жағы талмай, үш мезгіл жаңалық таратып,  көгілдір экранда, республика бойынша қайғылы оқиғалар жайлы түрлі бейнетаспалар көрсетіп жатады. Алайда, көлік тізгіндегендер бұл ақпаратқа қаншалықты назар аударып жатқаны бізге беймәлім. Бір-бірлеріне соғылып,  ғұмырлары қыршыннан қиылып жатқан адамдарды көргенде «япыр-ай неге сонша ажалына асықты екен» дейсің. Жылдамдықты сонша арттырғаны-ай деген аяушылық сезім бойыңа үрей ұялатады. Әсіресе, өрімдей жастардың күре жолда  «маневер»  жасауы   еш қисынға сыймайтын ақымақтық іс.

Көлік аты болмаса құрамы жұқа қаңылтырлар мен пластикалық құралдардан құралған. Жеңіл көлікті аяғыңмен тепсеңіз майысып қалады. Ал енді сол көлік өзге көлікпен немесе жол бойындағы қоршауларға соғылғанда  одан  не қалады. Темірі құрысын, ішіндегі  адамдардың тағдыры талқанға айналғанда,  оған кім жауапты. Әрине,  көлік тізгінінде отырған адам жауапты. Ал оның ішімдік ішіп жүргізгені ешбір Заң аясына сыймайды.  Алматы облысын қоспағанда,  тек  Жетісу облысының өзінде 280 автокөлік жүргізушісінің  жауапқа тартылғанын ескерек, жол- көлік оқиғаларының ширығып тұрғаны шындық.

 

 А. БҰЛҒАҚОВ.

Суреттер ғаламтордан алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ