Жақсылық жасауға жаратылған жандар

0
404

Талдықорған  қаласында  2020  жылдың  ақпан айында   «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңесі құрылған.  Жетісу облысы бойынша 5000-ға жуық волонтер мен 49 волонтерлік ұйым «Білім», «Қамқор», «Үміт» сынды бағыттарда қарқынды жұмыс жасауда.

«Мейірімді Жетісу» волонтерлер ұйымы «Қамқор» бағыты бойынша 1-қыркүйек білім күніне орай «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырмақшы. Мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамту. Ұйым  жетекшісі Жанерке Бейбітқызының айтуынша,  мамыр айында тоқтатылған «Bilim way» жобасын 1-қыркүйектен  бастап қайтадан іске қоспақшы екен.  Бұл жобада волонтерлер  аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға тегін түрде ағылшын тілін үйретеді.

Волонтер болу ең алдымен жүректің ісі. Ол жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беру арқылы тәжірибе жинауға, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Бастысы – таза ниетпен қолдан келетін іспен көмектесу.

Айта кетейік, 15 тамыздан   Түркістан  қаласында Орталық Азия волонтерлер форумы басталды. Оған Жетісу  облысы  бойынша 16 волонтерлік ұйым мен 16 белсенді волонтер іріктеліп алынды. Форумға көрші Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызтан және тағы басқа мемлекеттерден білікті мамандар келіп тәжірибе алмасуда.

  Айдана СМАҒҰЛ

 


ПІКІР ЖАЗУ