Қоғамдық даму басқармасының басшысы БАҚ өкілдерімен кездесті

0
398

Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс II сессиясында Жетісу облысында қайта құрылатын облыстық басқармалардың тізімі таныстырылған еді. Осы  орайда  Ішкі саясат  және Дін істері басқармалары біріктіріліп, «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» болып қайта құрылды.

Журналистер үйінде өткен басқосуда  облыстың  екіге  бөлінгені  жайлы сөз қозғалды. Бұрынғы  Ішкі саясат басқармасының орнына Қоғамдық даму басқармасы құрылып, оған 4 коммуналдық мемлекеттік мекеме (Жетісу жастары, Қоғамдық келісім, Дін саласындағы зерттеу орталығы, Коммуникациялар мен мониторинг орталығы) қосылғаны мәлімделді.

Басқарма басшысы Болат Бақбергенұлы аталған басқармалардың атқарып жатқан жұмыстарын атап өтіп, алдағы уақытта ойға алынған жобаларды да пысықтады.   Сонымен қатар  алдағы  мемлекеттік мереке Конституция күніне орай ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды.  Атап айтсақ, атаулы күнге орай облыс көлемінде 100-ден астам маңызды шара ұйымдастырылмақ. Оның ішінде: көшелер мен алаңдарды тақырыптық безендіру, конференциялар, түрлі семинарлар, акциялар, кездесулер, мәдени-көпшілік шаралар, әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылуы  және спорттық жарыстар бар.

Мереке қарсаңында заңгерлердің, құқықтанушылардың, саясаттанушылардың, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастық өкілдерінің қатысыуымен «Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстанға бастайтын жол» атты конференция өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар көптеген спорттық шара  ұйымдастырылады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қалалық   ипподромда  республикалық  Аламан бәйге өткізіледі. Бас жүлдеге 41 шақырымға шыдас берген шын жүйрікке автокөлік тігіліп отыр. Хоккейден Қазақстан Республикасының чемпионаты ұйымдастырылды, сондай-ақ, қазақша күрес өткізу де жоспарлануда , – деді Б. Бақбергенұлы.

Жиын соңында БАҚ өкілдері басқарма басшысына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Журналистер қауымы бұқаралық ақпарат құралдарының ендігі қызметіне байланысты ақпараттар алды. Атап айтқанда, «Жетісу» телеарнасы ЖШС мен «Жетісу» газеті қалыпты режимде Жетісу облысында қалып, жұмыс істейтін болды. Ал «Өлке тынысы» ЖШС жыл соңына дейін Алматы және Жетісу облыстарына тең қызмет атқармақ.  «Огни Алатау» газеті де Алматы облысына көшіріліп, біздің өңірде орыс тілде жарияланатын жаңа газет ашылмақ.

Брифингте белгілі болғандай  Жетісу облысының жаңа эмблемасын әзірлеуге байланысты конкурс  ұйымдастырылыпты. Облыс эмблемасының эскизі облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіліп, алдағы уақытта БАҚ-да жарияланады.

Басқосуда  басшылардың өткізетін брифингтері туралы да сөз қозғалды. Мұндай кездесулер облыс әкімі орынбасарының ұйымдастыруымен жүзеге аспақшы. БАҚ  өкілдері үшін арнайы брифинг кестесі де бекітілген. Онда аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары өз жұмыстарының жүргізілуі туралы баяндайды. Сондай-ақ облыстық «Жетісу» телеарнасында апта  сайын  тікелей  эфирде  басқарма басшылары жұмыс қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесулерін ұйымдастыру жоспарлануда.

А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ