Бейсен және болмыс
Тіл сарайында ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбекке арналған «Бейсен және Болмыс» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Шарада белгілі журналистің өмірінен сыр шертілді. Келген қонақтар өздерінің естеліктерімен бөлісті.
Жинақта қазақ елінің біртуар перзенті, тірісінде аты аңызға айналған тележурналистика тарланы – Бейсен Абайұлы Құранбектің болмысы, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі, өмірінде жазылған естеліктері, ақындардың арнау жырлары топтастырылған. Кітап біртуар тұлғаны құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналған. Өзінің қарапайымдылығымен, адами асыл қасиеттерімен қалың қазақтың есінде қалған ағамызға арналған туындының тұсаукесеріне кітап авторы Санжар Керімбай мен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының өкілдері, облысымыздағы шығармашыл зиялы қауым, қаламгерлер, ағаның жары Гүлмира және бауырлары мен туғандары қатысты.
Кітаптың тұсауын ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Жазушылар Одағының мүшесі, журналист, ақын Нүсіпбай Додабайұлы кесті. Жинақ он мыңнан аса данамен шықан.
Шара барысында кітаптың авторы Санжар Керімбек туындының идеясы мен мазмұны жайлы баяндады. Оның айтуынша кітапта Бейсен Құранбектің болмысына, оның өнегелі өміріне жан-жақты талдау жасалған. Бұл оқырманға кітапты жай ғана оқып қоя салмай, ондағы айтылған ойдың астарын, салмағын түсініп, өзін тануға, Бейсенді тануға, болмысқа терең бойлауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кітап авторы Бейсен Құранбектің ғибратты ғұмырындағы оқиғалар бүтін бір жас буынға тәрбие берерлік қасиетке ие деп санайды. Сондықтан болар танымал журналистің адамгершілік қасиетін үлгі етіп, оған еліктеп өсіп келетін балалар көп. Автор бұл ойын «Бейсен экзистенциялық тұрғыда тіршілігін жалғастырып жатыр» деп түйіндеді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ