«Нұр-Сұлтан» Астана болып өзгерді

0
441

Қазақ: «Қайтқан малда береке бар» деп тәмсілдеген ғой. Мақал-мәтелдің астарына үңілген зерек жан бәрін түсінеді. Жеке басқа табынудан бөлек ұлт  пен  ұлыстардан  гөрі  қарға  тамырлы  қазақ  алдарына  жан салмайтын сияқты сезіледі. Мүмкін қателескенде шығармын. Біз біреуді мақтасақ – асыра сілтеп, даттасақ – сыпыра жамандағанда жардан құлатып жіберетін болдық. Таққа мінгенді Құдайдан да жоғары қойып жіберетін жаман қасиетіміз тағы бар.

2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билікті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенде бұқара халықпен санаспастан «Астана» атауын бір күнде «Нұр-Сұлтан» атауына ауыстыруға бұйрық шықты. Хан жарлығы шығысымен республика аймақтарындағы Алматы, Шымкент, Астана қалалары мен облыс орталықтарындағы көшелердің байырғы атаулары алынып тасталып, Н. Назарбаевтың есімі ойылып жазылған тақтайшалар ілінді.

Бұл атауға халық шынында сол кезде наразылықтарын білдірді. Себебі орталық көшелердің көбі «Желтоқсан» көтерілісінде төгілген қанның құрбаны болған боздақтардың, қуғын-сүргін көрген жастардың қанымен келген «Тәуелсіздік» құрметіне берілген көшелер еді. Сонымен қатар қазақтың бас ақыны, қара сөздің данасы аталған Абай Құнанбаев, ғалым Қаныш Сәтпаев және тағы басқа ірі қоғам қайраткерлерінің есімдері себепсіз алынып тасталды. Бұл бір ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі емес-ті. Оған дейін де Парламент пен Сенатта отырған депутаттар, Елбасының құрметіне бөленгендер, шарапатын көргендер Н.Назарбаев тақтан түспей тұрғанда «Астана» қаласын «Нұрсұлтан Назарбаевқа беру керек» деген бастама көтеріп, халықтың наласына қалған-ды. Қала атауының өзгеруін кезінде Елбасының өзі де қаламаған болатын.

Бірақ жағымпаздар «Алматыны Астанға көшірген кім? Шекараңды бекемдеп берген кім? Сор батпаққа әлемдік архитектураға үйлестіріп зәулім қала салған кім? Мемлекетті құрған кім, Нұрсұлтан Назарбаев!  Өз  қолымен тұрғызған қаланы яғни, Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгерту керек» деп бастама көтергендер, қаңтар оқиғасынан кейін халық қол жинап, Астана атауын кері қайтаруды талап еткенде табан тіреп, сұрап алған сөздерінен тайып, халық жаққа аунап шыға келді. Мұндайды қазақ тағы да «Халық теңіз, хан көбік, теңіз толқыса – көбік жағаға шығады» деп айтқан.

Медальдің екі жағы болатыны секілді, Елбасы да ет пен сүйектен жаралған  пенде. Сіңірген еңбегімен қатар пендеуи тірлігі қатар шығып қалың бұқараның бұрқасына тап болды. Ол кісіге ең ауыр тиетіні, кезінде қатар қызмет жасағандар жағынып, жалпақтай бермей, батыл қадамдарға барып, сіздің халық арасындағы беделіңізге көлеңке түсуде, айналаңызды жемқорлар мен жеке басқа табынушылардан тазалаңыз. Ерте ме, кеш пе тақты босататын сәт туады деп тура жолды көрсетсе болар еді.

Көрсете алмады. Көрсеткендер қуғын-сүргін көрді, атылды, сотталды. Бұл бірлі жарымы ғана. Егер Парламент пен Сенат тізе біріктіріп батыл қадамға барғанда, Алтынбек пен Заманбек атылғанда, Жаңаөзенде ереуілшілдер оққа ұшқанда, Президентке сенімсіздік білдіргенде қаңтар оқиғасы болмайтын еді.

Елбасы да халық алдында кешірім сұрап абыройын сақтап  қалуға болар еді. «Болары болып, бояуы сіңді» кімнің жақын, кімнің жау екенін зейнеткер Нұрағам да таразылап пайымдап, қай жерден қателік жібергенін зерделеп, кітап жазып жатқан шығар. Менің айтайын дегенім Елбасы жайлы емес. Соған қызмет жасаған жалпақ шешей жағымпаздар жәдігөйлер жайлы. Мұны мен ғана айтып отырғаным жоқ, ғаламтор желілері мен БАҚ өкілдерінің бәрі айтып, жазып отырған тақырып.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер Астана атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыру туралы бастама көтерген депутаттар мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларға «Сіз кезінде Астананы Нұр-Сұлтанға ауыстыруға әбден лайық деген едіңіз. Енді бұл қылығыңызға ұялмайсыз ба?» деген сауалға, кезінде саясат солай болды. Енді халық қаламай тұрса, оған да құлақ түру керек. Өйткені «Жаңа  Қазақстан» құрып жатырмыз. Елдің үнін еститін мемлекет болуға талпынып жатырмыз деп «суға кеткен тал қармайдының» керін жасап жүр.

2 қыркүйекте Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері Елордаға Астана атауын қайтару туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы депутаттар өздігінен көтерген жоқ. Қоғамдағы халық арасында алуан түрлі пікірлер, соның бір тармағы Астананың бұрынғы атауын кері қайтару болған. «Халық қаласа хан түйесін сояды» демекші, 17 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қа-ласын Астана деп өзерту туралы жарлыққа қол қойды.

 ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ