100-ге  тарта  іс-шара ұйымдастырылады

0
348

25 қазан – Республика күніне орай Жетісу облысында 100-ге  тарта  іс-шара  ұйымдастырылуда.  Бұл  туралы БАҚ  өкілдерімен  кездесуінде  Жетісу облыстық  қоғамдық даму  басқармасының  басшысы  айтты.

Басқосуда қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек қолға алынған шаралар жоспары негізінде облыстың бірқатар аудан, қалаларында әлеуеттік нысандар мен пәтер кілттерін табыстау жоспарланып жатқанын тілге тиек етті. Атап айтсақ, Үштөбе қаласында 30 пәтерлі тұрғын үйдің  кілті, сондай-ақ, бірқатар ауданда ауылдық фельдшерлік медициналық пункттер ашылады деп күтілуде.  Мұнымен қатар  Қарабөгет ауылында Саябақтың ашылуы, Сарқан қаласында  Халыққа қызмет көрсету орталығында халықтың цифрлық офисі, Ақын Сара атындағы орта мектептің стадионы мен демалыс аллеясы салтанатты түрде пайдалануға беріледі.

Мереке қарсаңында облыста «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы аясында мерекелік концерттер, мемлекеттік әнұранды жаппай орындау, бейнеқұттықтаулар, отансүйгіштік шығармаларды мәнерлеп оқу сынды мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ волонтерлік, қайырымдылық  және ерікті ұйымдар желісі бойынша «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акцияларын өткізу де көзделген.

– Республика күні – ел көлемінде   аталып өтетін маңызды  шара.   22-ші қазан күні облыстың зиялы қауым өкілдері мен тұрғындарының қатысуымен, мемлекеттік наградалар табысталады. Жетісу облысына еңбегі сіңген азаматтардың жылдар бойы атқарған жұмыстарының нәтижесі ретінде осындай  салтанатты шара өтеді, – деді Б. Керімбек.

Облыс деңгейінде спорттық шаралар да ұйымдастырылуда. Мысалы 18-25 қазан аралығында  облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен баскетболдан жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты, спорт мекемелер арасында «Әкем, анам және мен – біз спорттық отбасы» атты отбасылық облыстық жарыстар да өткізілмек.

А. НҰРЖАПАР.

 


ПІКІР ЖАЗУ