Кадиохирургия орталығы ашылады
Талдықорғанда ересектер мен балаларға арналған өңірлік кардиохирургия орталығы ашылады. Бұл туралы аймақтың мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Әуелде облыстық сотқа арнап салына бастаған ғимаратта Өңірлік кардиохирургия орталығы орналасатын болады. Облыстың екіге бөлінуіне байланысты сотқа үлкен ғимарат салу тиімсіз болып қалды. Сондықтан құрылыс уақытша тоқтатылды. Осы ғимаратты кардиохирургиялық орталық ретінде бейімдеп салу туралы біздің ұсынысымыз қолдау тапты. Сырқатты ерте кезден анықтап, жүрекке күрделі операцияларды дер кезінде жасауға мүмкіндік жасалатындықтан, Орталықтың жұмысы ана мен бала өлімін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Орталық жоғары технологияны қолдана отырып, осы аймақтағы ғана емес, көрші өңірлерде тұратын балалар мен ересектерге де сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Жалпы Жетісу жұртшылығына пайдалы нысан болады, – деді Б.Исабаев.
Тағы бір айта кетерлігі, Панфилов ауданы Жаркент қаласында «Мерей» балаларды оңалту орталығы ашылды. Бұл – бұрынғы облыс әкімінің резиденциясы болған ғимарат. Ғимаратты жаңғырту жұмыстары мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 80 млн. теңге жұмсалды. Орталықта Монтессори кабинеті, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, сол сияқты сенсор, массаж, процедуралық кабинеттер, логопед, дефектолог бөлмелері, тұз шахтасы, бассейн т.б бар. Екі корпустан тұратын ғимараттың жалпы алаңы 910,4 шаршы метр.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»