Ауылшаруашылығын дамыту – маңызды міндет
Өңірлік коммуникациялар алаңында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінің даму үрдісі жайында баяндады.
Баяндамашы мәліметінше, облыста барлық суармалы егістік көлемі 200 мыңнан астам гектарды құрайды. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде, биылғы жылы егін шаруашылығында дақылдардың егіс көлемі артып, 517 мыңнан астам гектарға жетті. Жетісуда азық-түлік өндірісі биыл 10 пайызға артты. Теңгеге шаққанда бұл көрсеткіш 57,4 млрд. қаражатты құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 150 кәсіпорын жұмыс жасайды. Бұл салада өсім әрқайсысының көрсеткіштері жоғары болғанда қол жеткізіледі. Мәселен, сүт өнімдерін шығаратын 11 өңдеу кәсіпорны 29 мың тоннаның өнімін өндірді. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың өндіріс көлемі бір жарым есеге артқан.
Ет өңдеу бойынша 1400 тоннаға жуық дайын өнімді шығаратын 5 цех жұмыс істейді. Өндірілген өнімдер тек отандық нарықта ғана қолданылмай, экспортқа биыл 44 мың тонна өнім шығарылыпты. Мал шаруашылығын қолдауға биыл 9,2 млрд. теңге субсидия бөлінді. Бұл жалпы ауыл шаруашылығына берілген қаражаттың 37 пайызын құрайды. Осы қолдаудың арқасында 169 шаруашылық 13 мыңға жуық мал басын сатып алды, сонымен қатар шетелден 352 бас асыл тұқымды мал әкелінді.
Өңірде мал қыстату науқаны басталып, 2341 қыстаққа мыңға жуық ірі қара, ұсақ мал, жылқы көшірілді. Мал иелерінің тұрғын үймен, су, отын және азық-түлікпен қамтылуына мониторинг жүргізілуде. Науқанға 2 млн. 25 мың тонна немесе 1,5 жылдық мал азығы дайындалды.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша 2026 жылға дейін жалпы құны 36 млрд. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 23 мал бордақылау алаңы мен 8 сүт фермасы құрылып, қуаттылығы 19 мың тонна құс етін өндіретін жаңа кәсіпорын ашылмақ.
«Өсімдік шаруашылығына 2023 жылға бюджеттен 8,1 млрд. теңге субсидия қарастырылды. Қазіргі уақытта келер жылы себілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі айқындалды. Айналымға қосымша 1,7 мың гектар жер қосылып, егіс көлемі 519 мың гектарға жеткізіледі.
Алдағы төрт жылда қызылшаның егістігін 15 мың гектарға және жалпы түсімін 525 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл мақсатта облысымызда екі қант зауыты жұмыс жасайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы Ақсу қант зауытында құрақ қантын өңдеу линиясын іске қосып, жылына 80 мың тонна өңделеді және 2026 жылға қарай екі зауыттың қант өндірісі 180 мың тоннаға дейін жеткізіледі» – деді облыс әкімінің орынбасары.
2023 жылдан бастап 2,5 пайыздық үстемақымен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамту бағдарламасы жүзеге асырылмақшы. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Аталмыш бағдарламада жеке қосалқы шаруашылықтармен қатар сервистік қызмет көрсету үшін құрылған кооперативтерге де несиелер беріледі. Сонымен қатар Жетісу облысы ауылшаруашылық жануарлары мен құстардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу іс-шараларына қажетті ветеринариялық препараттармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 2 млрд. теңге бөлініп толығымен игерілген.
Айта кетейік, облыс бойынша 21 ветеринариялық пункт бар. Олардың 5-уі – осы жылы қолданысқа берілген модульді ветеринариялық пунктер. Бұған қоса, 2023 жылға облыстық бюджеттен 18 дана модульді ветеринариялық пункт салуға 300 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Жетісу облысында ауыл шаруашылық саласын дамытуға тұрақты мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде, жалпы ағымдағы жылы 37 млрд. теңге қаражат бағытталса, 5 млрд. теңгеге лизингке 230 техника алыныпты. Минералды тыңайтқышты қолдану өткен жылға қарағанда 20 пайызға артып, 17,5 мың га құраған.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»