Ел бірлігі – ең асыл қазына

0
417

Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Жетісу облыстық филиалының бірінші сессиясы өтті. Алғашқы отырысқа облыстың әр аймағындағы ұйым мүшелері мен Ассамблеяның республикалық кеңесінің өкілдері қатысып, келер жылға арналған жаңа жоспарларды бірлесе құрды.

Кеңейтілген отырыстың алғашқы бөлігінде ашық түрде дауыс беру арқылы ҚХА Жетісу облыстық филиалы төрағасының қоғамдық орынбасарлары сайланды. Облыстық Ассамблея кеңесінің мүшелері бірауыздан бірінші орынбасар ретінде Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевты, екінші орынбасар ретінде Әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрағасы Фахретдин Магеррамовты сайлады. Сонымен қатар жаңа облыста атқарылатын жаңа міндеттердің бірқатары талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Атап айтсақ, алдағы жылы еліміздегі этносаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі құрылып, халықтың рухани және мәдени дамуына ықпал етілетін болады. Сонымен қатар  облыстағы  қоғамдық даму басқармасы мен «Жетісу» телеарнасы арасында келісім орнатылып, ҚХА-ның  «Единый народ» бағдарламасы көгілдір экраннан көрерменге апта сайын жол тартып отыру керек деген шешім қабылданды.  Жалпы мемлекеттік «Бірлік – даму үшін» ұранын ілгерілету және түсіндіру үшін түрлі шаралар қолдану керек деген ой ортаға салынып, оның жоспары құрылды. Оған қоса жиында облыстық «Ассамблея жастары» ұйымына қолдау көрсетіліп, жаңа буынның жаңаша бастамаларына  ерекше мән беру керектігі де сөз болды.

– Ассамблеяның қызметі жыл сайын заман талабына сай реформаланып, өзгеріп отырады. Біз әр жылға тың идеялармен нық қадам  басамыз. Бүгінгі жиында да бірқатар жоба  қолға алынып, облысымызға жаңа серпіліс әкелетін шешімдер қабылданды. ҚХА Жетісу облыстық филиалы мүшелері бірлік пен татулықтың арқасында талай белесті бағындырып келеді. Жақында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы сынды жауапты науқанда да  белсене қызмет етті. Болашақта атқарылатын жобаларымызда жоғары деңгейде болады деп сенемін, – деді «Ассамблея жастары» республикалық ҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.

Ассамблея жұмысын одан әрі жандандыратын уақыт жеткенін айтқан жиынға қатысушылар алға қойылған жоспарларды іске асыру кезінде аудан, қала әкімдері бірауыздан атсалысса, көптеген мүмкіндікке  жол ашылатынын айтты. Шара соңы «Тәуелсіздігім – тұғырым!» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

А.СМАҒҰЛ.


ПІКІР ЖАЗУ