Қоян жылынан күтеріміз көп

0
285

Құрметті оқырман! Тәуелсіз мемлекетпіз десекте, әлі күнге дейін «Григориан» күнтізбесі бойынша тойланатын жаңа жылға тәуелдіміз. Күллі мұсылман қауымы қарсы алатын жаңа жыл, жыл басы ол әз Наурыз. «Жаңа Қазақстан» және «Әділетті Қазақстан» құру жолындамыз.

Мүмкін жақын күндері жаңа жылды көкорай көктемде, қардың көбесі сөгілгенде, малдың аузы көкке жеткенде, «жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілген» мезгілде тойлайтын күнде келетін шығар. Жақсылықтан күдер үзбеген, сабыры сарқылмаған ел едік қой. Алла сол күнді де көрсетуге нәсіп етсін! Енді ескі сүрлеумен келе жатқан қоян жылын қарсы алудамыз. Барыс жылы қазақтың жүрегіне батпандай жара салып босағадан шығып барады.
Былтырғы қаңтар айының басында бастау алған ереуілдер толқыны әр қазақ отбасына үлкен трагедия алып келді. Біз жазылмаған жараның аузын тырнап қайтадан қанатуды әбестік деп санап, бірлік пен берекенің алмайтын қамалы жоқ екенін баяндауды жөн көрдік. Ең басты нәрсе, қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандар, жоғары эшелондағы шенді-шекпенділер заң алдында жауап беріп жатыр. Мемлекет тізгінін толық қолына алған күннен бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әділеттілік жолында отыз жылдан бері тамырланып, шағылмас тасқа айналған ұры-қарылардың ішкен-жегендерін құстыруда. Шетке кеткен қыруар қаржыны елге қайтаруда. Ат төбеліндей ғана байлардың Қазақстанның барлық қазба байлықтары мен шұрайлы жерлерін жамбастарына басып алғандарын әшкерелеп, экс-президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да туған-туыстарының қолдарына кісен салып, есепсіз байлықтарын тәркілеп абақтыға тоғытты. Міне, бұл да жаңа Қазақстанның демократиялық жолға бағыт алғанын, әділеттіліктің түбі бір орнайтынын көрсетті.
Сонымен барыс жылы несімен есте қалды. Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ата заңда бұзылмастай болған экс-президенттің тұсында қабылданған Конституциялық заңдарды өзгертті. Онда Елбасына берілген шамадан тыс артықшылықтар алынып тасталды. Жаңа реформалар жүзеге асатынын айтып, бұқара халыққа жолдау жасады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілген жетінші Президенттік сайлау және 1999 жылдан бері қатарынан алтыншы кезектен тыс сайлау болмақ.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауында президенттік мерзімнің ең көп санын 2-ден 1 мерзімге дейін қысқартуды және президенттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. Бұл сайлауда алты кандидат болды. 22 қарашада Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Президенті сайлауының ресми қорытындылары жарияланды. Осылайша, Қ.Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауында жеңіске жетті. 26 қарашада Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ант берді. 12 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты.
Отырыста Мемлекет басшысы бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде шенеуніктерге ескерту жасап, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін деп болжады. Ал премьер-министр Әлихан Смайылов министрлердің алдында жаңа жылда үлкен міндет тұрғанын айтып, қолдарынан келмесе, орындарын босату керегін мәлімдеді.
«Күшті президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Президент жолдауында айтылған осы саяси бастамаларды жүзеге асыру үшін Ата заңға өзгеріс енгізіледі. Реформаны жүйелі жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында белгілі заңгер, ғалымдар, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер тартылды. Бүгінге дейін олар қажетті түзетулер әзірлеген.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! Бұл саяси әрі идеологиялық бағыттағы қайта құру үрдісі десекте болады. Енді идеологиялық бағытта халыққа ұдайы ақпараттық қызмет көрсетіп келе жатқан ақпараттық ағымдар қатарында баспасөздің рөлі айрықша. Интернеттік желі жүйткіген жүйрік аттай әлеуметтік желіні жаулағалы баспасөздің төрдегі орны босағаға сырғыды. Баспасөзге жазылу бүгінгі қоғамда сиреді. Есесіне түрлі сайттар жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай өркен жайды. Ондағы шынайы және жалған ақпараттар қарапайым халық түгілі, мемлекеттік органдардың өзін әуре-сарсаңға салып жүр. Бұғанда қарсы айтар уәжіміз жоқ, заман ағымы ғаламторға ауды. Ыбырай Алтынсариннің «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» дейтін өрелі жыры бүгінгі қоғамға дөп келіп тұр. Әйтседе, сүйегіндегі еті сылынып, сіңіріне ілініп тұрған баспасөз жүрек қағысын әлі тоқтатқан жоқ. Газет-журналдарға жазылу баяу болса да жүріп жатыр. «Алатау» қоғамдық-саяси газеті де саптан шыққан жоқ. Оқырманы бар басылым. Газетке жазылу науқаны жыл бойы жалғасады. Шынайы хабарлар таратуда «Алатау», «Жетісу» Алматы облысында баспасөздердің алдыңғы қатарында екенін екі облыстың оқырмандары жақсы біледі. Тіпті, кейбір түйінін таппаған мәселерді «Алатау» басылымы арқылы мақалаларын жариялап, өзім де белсене араласып, тиісті мекемелерге қозғау салып, түйінді мәселелерін шешіп беруге күш салып жүрміз.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! Босағадан шығып бара жатқан барыс жылына алғысымызды айтып, 2023 қоян жылынан күтер жақсылығымыз мол болсын! Ел аман, жұрт тыныш болып, ел іргесі сөгілмей, қан төгілмей, ел экономикасы қарыштап, көк байрағымыз көкте желбіреп, ырыс пен ынтымағымыз арта берсін!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ