Жандарбек жайлы бір үзік сыр

0
1060

Өмірдегі ең ауыр нәрсе  –  дүниеден  өткендер жайлы естелік айту. Бұл жүректегі беріштеніп кеткен жараның аузын қайта тырнап, қанатқанмен бірдей. Орны толмас ойсырап тұрған, көзден кетіп, есімі мен бейнесі көңіліңде қалған адамның рухымен тілдескеннен басқа амал жоқ.  Қолдан келер қайран да жоқ. «Досыңды көрсетші, сенің кім екеніңді айтып берейін» деген тәмсіл бар ғой. Досыңды көрсетші дегенде ұялмай, айбаттанып,  міне деп көрсететін достың нағыз  досы, ол – Жандарбек Бегімбетов еді.

Аузын ашса жүрегі көрінетін, бір бойында сегіз өнер тоғысқан Жандарбекпен Қызылорда облысында комсомолдың 70-жылдығына арналған республикалық айтыста таныстым. Бұл 1987-ші жыл еді. Қияқ мұртты, қара торы, маңдайы  жарқырған  25  жасар  алаулап-жалаулап, шоқтай жанып тұрған кезі еді. Мен семейлік Дәмеш Омарбаевамен айтысып, быт-шыт болып жеңіліп, салым суға кетіп тұрғанмын. Қасыма келіп: «Жасыма бауырым, менде жаркенттік болам. Қай елсің?» деп руымды сұрады.

Мырзагелдімін деп едім, екі саусағымен мұртын басып, езуін тартып жымиып, «Мырзагелдіден ұл туса, ағашқа күн туады» деген аталы сөз бар, менде мырзагелдімін,  келші бауырым, құшағыма басайын» деп бауырына басты. Ол кезде Жандарбек Тараздағы Гидромелиорация-құрылыс институтында оқитын. Айтыс бағдарламасы бойынша терме айтуға барыпты. Мені жұбатып  тұрғанда  сахнаға  шығатын кезегі келіп, Кенен Әзірбаевтың «Баста өлең» толғауын орындады. Зал іші сілтідей тынды, толғау аяқталғанда Жандарбектің орындау шеберлігіне тамсанған жұрт ұзақ қол шапалақтады. Екінші мәрте шығып, көрерменге басын изеп сахнадан шығып кетті. Екі терме орындауға қазылар құрамы рұқсат бермеді, ереже бойынша қойылған талап бар. Қайта оралып менің қасыма келген  соң «Араласып  тұрайық,  биыл оқуымды тәмамдап елге ораламын» деді.

Айтқандай  шілде айының аяғына таман ол мен тұратын Үшарал ауылына іздеп келді. Содан бастап екеуміз тонның ішкі бауындай араластық. Аудан прокуроры Жандарбектің нағашысы Мақсұт Қалдыбаевпен Октябрдің 40-жылдығы колхозының парторгы болған марқұм Наби Сарпеков қайда барса да, Жандарбек екеумізді бірге алып жүрді. Мен қоныс аударып, көрші Айдарлы ауылына ауысқанда да жұбайы Майраны ертіп, кішкентайы Олжасын көтеріп, жаңа қонысыма құтты болсын айтып келді. Жұбайым қазан көтеріп, көрші қолаң жиналып қалды. Үшарал ауылына күйеу бала болған менімен бірге жаңа үй алған Нәбижан деген көршім бар еді. Оның кішкентай екі қызы болған. Жандарбек  балажан  екен, әлгі екеуін  ойнатып жүрген, бір қарасам 20 теңгені тасқа балғамен соғып жатыр. Ей, мұны не істейсің десем: «Нәбижан  мен Ақшекерге құда боламын. Олжасым ержеткенде екі қыздың бірін алады деп серттесемін.

Сен куә боласың» деді. Нәбижан мен Ақшекер мәз «Бопты-бопты, әлден қалың малын  төлей бер, 20 тиынды жапсырып жоқ болып кетпей» деді Ақшекер. Сол күні бір тамаша отырыс болды, ән-жыр айтылды. Жандарбектің әншілігіне тамсанған көршілер кешкі ақшам түскенде қимай қоштасты. Араға бір жыл салып  мен Талдықорған қаласына қоныс аударатын болдым. Жаңа құрылған «Қазақ тілі қоғамына» шақырту алдым. Баспана берілетін болды. Уақытша «Талдықорған» қонақ үйінің 527-ші бөлмесінде тұрып жаттым. Негізі ол орталыққа Жандарбек шақырылған болатын. Ол «Дипломды жаңа алдым, әке-шешеме жемісін жегізейін, қастарында болайын. Айтақын барсын» деп бас тартты. Жандарбектің ұсынысы қабыл болып, мен қалалық болып шыға келдім. Бір күні қонақ үйдің есігін біреу тоқылдатады. Ашсам Жандарбек жымиып, мұртын басып тұр. «Мен келдім. Осында Мақпал Жүнісова гастрольде жүр, соған  қызмет жасап  жүрмін»  деп  мәз-мәйрам. У-шудан бөліп алдым, екеуміз бөлмеде сырластық.  Есік жаққа елеңдеп, «Айтеке, Мақпал, Мақпал» деп тамсанып қояды. Сол жолы Дәнеш Рақышевтың  Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сағындым ғой» және  Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова әнін шығарған «Сахараның шұбырған түйелері» әнін тамсанып, ерекше сезімге бөленіп орындады.

Бұл әндер ол кезде көп орындала қоймайтын. «Ән деп осыны айт. Сөзі қандай! Ән мен сөз қалай үйлесіп тұр» деп толқыды. Жүр онда,  Алмахан тәте мен Кендебайға сәлем беріп, әнді өзінің аузынан бір естиік деп сүйрелей жөнелдім. Қуанып кетті. Барсақ Алмахан тәте де, Кендекең де үйде екен. Мәре-сәре болып, сол бір кеш ән кешіне ұласып кетті. Әсілі, Жандарбек  серілігі сегіз атанға жүк болатын, әншілігі аста-төк,  ақындығы асқақ, сазгерлігі үйлескен бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған жігіт еді. Оның әртістік қабілеті де бар-тын. Шалдың  даусына салып, образға  кіріп, жылағанды күлдіріп, күліп отырғанды жылатып қоятын. Ол  дәуірдің  бесаспап асабасы болды. Қолдан-қолға тұрмайтын. Екеуміз той басқарып, Жаркент пен Талдықорған аймағында бармаған жеріміз қалмады.

Әттең кісі қолынан ажал құшты. Егер тірі болғанда бүгінде ол кемеліне келген айтыстың ақтангері, әншінің ардагері, сазгердің саңлағы болар еді. Енді жасырмай айта берсем болатын шығар. Жұбайы Майра да, анасы да ренжімейтін шығар.

Бір күні сары жигулиіне мініп алыпты, маған келіп тұр. Қасында  көзі ботадай, бұрымы беліне түскен, сары алтындай әдемі қыз бар. Өмір ғой. Алдағыны кім болжапты. Ойда-жоқта 1990 жылы қыркүйек айында Жандарбек кісі қолынан қаза тапты деген суық  хабар келді. Төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Бақилық болардың алдында ғана бір апта бұрын келіп кеткен-ді. Жайраңдап жан-жағына шуағын шашып жүрген досымнан аяқасты айырылып қалдым. Өзекті өртейтін бір өкініш, Жандарбектің өмірін қиған қылмыскер ізін суытып кетті. Күні бүгінге дейін табылмады. Енді табылмайтыны айдан анық.

Жеке отау болып колхоз бастығы Н. Головацкий берген сегіз бөлмелі үйде аңырап, бір баласымен Майра қалды. Әке-шешесі қайғыдан қан жұтты. Әсіресе, Шәкен тәте  Жандарбек деп егілгенде, етегі жасқа толды, көз жасы құрғамады. «Балапандарымның ішіндегі ерегі осы – Жандарым еді ғой» дегенде жанын қоярға жер таппады. Амал қанша. Тірі адам тіршілігін жасайды. Араға жылдар салып  жұбайы  Майра қоныс аударып, төркіні Жамбылға көшті. Хабарласып тұрдық. Жамбылға іздеп барған күнімізде болды. Жалғыз  ұлы Олжас ер жетті, азамат болды. Ат  жалын тартып мінді.

Жұбайы Майра Жандарбекке деген адал сезімін өшірмеді. Қайта тұрмыс құрмады. Жатса, тұрса Олжасының тілеуін тіледі. Бүгінде немере сүйіп, өсіп-өніп отыр. Жандарбек өмірден озғанда менің және ақын Жапар Ақылбековтің де жұбайының аяғы ауыр болды. Достығымыздың айғағы болсын, кімнің әйелі бірінші ұл табады,  соның  атын «Жандарбек» қоялық деп  келістік. Алайда Жапардың әйелі бірінші босанып ұл тапты. Есімін қояр кезде берген уәдесінен тайқыды. «Енем жас өлім сәбидің болашағы-на кедергі болады деп айтты» деді. Үндемедім, уәде берген өзі…

Енді  кезек менікі. Араға ұмытпасам  үш-төрт  ай  салып, менің жұбайым ұл босанды. Салмағы бес келіге жуық болды. Бүкіл аурухана шулап кетті.  Жолдасыма  да, ауылдағы үй ішіме де айтпай, туу туралы куәлікке Жандарбек  деп  жаздырып перзентханға бардым. Әйел үндемей жылады. «Берген де Құдай, алатын да Құдай.  Ғұмырлы болсын, Жандарбек досым жетпеген мақсатқа осы баламыз жетсін» деп жұбаттым. Алла тілегімді қабыл етті. Айтыс аламанында Жандарбектің есімі аталған сайын досым Жандарбектің рухы асқақтайды. Алла әлі де баламды тіл-көзден сақтап, денсаулығын зор етіп, абыройын арттыра бергей деп жатсам-тұрсам Құдайдан  сұраймын.

Ақынның ел-жұрты ақпан айының 18-і күні Панфилов ауданында Жандарбек  Бегімбетовті еске алып, 60 жылдығына орай аламан айтыс өткізбек. Абайдың сөзімен айтқанда «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген өсиетін өнеге тұтқан жазиралы Жаркент өңірінің әкімі Марат Сағымбаевқа, осы айтысқа демеушілік танытып жатқан азаматтарға Алланың нұры жаусын.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ