Әрекет етейік
«Үйде отырып-ақ табысты болуға болады», «Айына миллион теңге тап», «Ақша сал да еселеп қайтар!» жарнамасы жер жаратын осындай ұрандарды естігенде құлақ елең етпей қоймайды. Жылдам әрі жеңіл ақша табу деген жарнамаларды көрген адамдар түп төркіні қаржы пирамидасы екенін біле тұра мүмкін осы жолы жолым болар деген жалған үмітпен алаяқтардың арбауына өздері барып түсіп жатыр. Тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын айта-айта ауыз талғанымен, қалтасы қағылып, қан қақсап қалғандар көбеймесе азаяр емес. Өткен жылдың өзінде Жетісу облысында 19 қылмыстық іс тіркелді деген Жетісу облысы ПД ТБ аға тергеушісі Азамат Тынысбаев 2023 жыл басталар басталмастан-ақ тағы бір алаяқтар тобы ұсталғанын хабарлады.
– Күдіктілер өздерінің алаяқтық әрекеттері үшін Whatsapp мессенджерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, онда бір аптаға жуық уақытқа созылған арнайы чат құрған. Жәбірленушілер банктердің бірінің арнайы шотына 10 мыңнан бастап 100 мың теңгеге дейін ақша жіберіп отырған. Бастапқыда уәде етілген пайданың 50-70%-ы алынған. Екінші мәрте жіберілген үлкен сома, әрине, қайтарылмады. Тергеу нәтижесінде Талдықорған маңында тұратын ерлі-зайыптылар мен Түркістан облысының Ленгер қаласының тұрғындарын нақты айтсақ 25 жәбірленушіні анықтадық. Деректер бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөліміне сәйкес, Талдықорған қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілді. Қазіргі уақытта айыптау актісі қылмыстық істі сотқа жіберу үшін дайындалуда, – деді ол, Kazinform ақпараттық порталына берген мәлімдемесінде.
Қаржы пирамидаларының іс-әрекеті қаншалықты қауіпті екенін құзырлы органдар халыққа айтып-ақ келеді. Бірақ оны тыңдар құлақ бар ма? Қазіргі кезде қан қақсатқан қаржы пирамидаларына алданғандарымен қоймай ұйымға салым жасағанымды бәрі білсе ұятқа қаламын ғой деп немесе жоғалтқан қаражатым айтарлықтай көп емес деп үнсіз қалатындардың саны көбейіп кеткен. Бұл – дұрыс емес. Себебі осындай немқұрайлық таныту алаяқтардың бұдан әрі де адамдарды алдауына жол ашады. Қанша сақ болған күннің өзінде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың алдауына түсіп қалсаңыз, салынған қаражатты қайтарып алу үшін дереу құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Қолыңыздағы дәлел бола алатын барлық құжатты жиыстырып, алаяқтарды ұстау үшін үнсіз қалмай, әрекет ету абзал. Өйткені Қазақстандағы әр азаматтың құ-қығы заңмен қорғалады.
Айдана СМАҒҰЛ