Жетісу – біздің үй

0
654

Ардақ МҰРЫНБАЕВ, жеке кәсіпкер:Менің сайлауалды бағдарламам «Жетісу – біздің үй» деп аталады. Ондағы ұран – «Береке-бірлік пен сапа». Туған жеріміздің гүлденіп, көркеюі – біздің ортақ мақсат пен мүддеміз. Сондықтан да, үйімізде тазалық, жайлылық пен жылулық болуы маңызды. Ол үшін қолайлы шарттар керек. Ал шарттарды іске асыруға тиісінше күш-жігер жұмсауымыз қажет.  Жетісу облысының әр өлкесіне үгіт-насихат жұмысын жүргізу жоспар бойынша өтуде. Ең алғашқы үгіт-насихат жұмыстары мен халықпен кездесулер туған жерім Үшарал қаласында болды. Кездесуде тұрғындар сайлауалды бағдарламаммен танысты. Бағдарламаға қатысты туындаған сұрақтар талданып, жауап берілді, қоғамдық маңызы мен мүмкіндіктері  барынша талқыланып, қарастырылды. Келесі Талдықорған қаласындағы облыстық ардагерлер ұйымымен өткен кездесу барысында сайлау бағдарламамның бірнеше тармағы қолдау тауып, халықты толғандырып жүрген сауалдар талқыланды. Жетісу – ортақ үйіміз бен туған өлкеміз болғандықтан, тұрғындар арасында қоғамдық мәселелер мен халықтың үні тыңдалды. Жалпы үгіт-насихат жұмыстарының барысы әлеуметтік желілерде үздіксіз жарияланып келеді. Сонымен қатар, Жетісу облысының барлық ауданында үгіт-насихат брошюралары мен өзге де түрлері халық назарына ұсынылған. Әрбір айтылған ұсыныс пен көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды. Халықтың жайлы өмір сүріп, олардың тұрмыстық, әлеуметтік әл-ауқаты көтерілуі үшін еңбек етеміз.

Бізді ауылдағы тұрғындардың әсіресе, жастардың жайы толғандырады. Кәмелеттік жасқа толмағандардың бос уақытын тиімді өткізу, спортпен айналысу, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына жағдай жасауымыз керек. Ғылым мен білімге құштар оқушыларды үздіксіз қанаттандырып, талантын ашып, ой-өрісін кеңейтіп отыру ата-ана мен ұстаздарға тікелей қатысты. Ел ертеңі жастардың қолында десек, болашақтың қамын бүгін ойлауымыз қажет. Міне, менің сайлауалды бағдарламам осы мақсаттарды басшылыққа алған.


ПІКІР ЖАЗУ