Үміт пен мүмкіндік

0
505

Биылғы 19 наурыз күні кезектен тыс өтетін ҚР Парламенті  Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының  сайлауының  соңғы   жылдарда өткен  сайлаулардан  өзгеше. Ол   өзгерістер  өткен жылғы  елімізде  конституцияға   өзгерістер   енгізу бойынша  өткізілген  референдум  арқасында жүзеге асып отыр.

Өзін-өзі басқару жүйесіне жергілікті жерлерде демократиялық жолмен,  яғни сайлау арқылы,  халықтың қолдауы арқылы келуі керек деген нақты қадам айқындалып отыр.  Бұл дегеніміз –  ауылдық әкімдерді сайлау және алдағы уақытта аудандық, қалалық әкімдерді сайлау арқылы жүзеге асырылатын болады.  Ал, биылғы  сайлауда  ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының  депутаттарын  сайлау  қалалық  және  аудандық  аймақтарда  бірмандаттық сайлау жүйесімен өтеді. Яғни, кандидаттар  өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсіп, қай кандидат көп дауыс жинаса, сол жеңіске жетіп,  халықтың сеніміне ие болады.

Өткен сайлауларға партиялық тізіммен түскен депутаттарды халық танып біле бермейтін. Сонымен қатар ол депутаттар істеген  істері жайында халық алдында барып  есеп бере қоймайтын. Ал  қазіргі  жүйе бойынша депутаттар сайлауалды бағдарламасында көрсетілген  бағыт-бағдарын, уәдесін орындамаған жағдайда сайлаушылар депутаттық мандатты қайтарып ала алады. Бұл депутаттардың халық алдыңдағы жауапкершілігін артырады.

Бұл сайлау жастарға, әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға депутат болып жергілікті жерлерде өзін-өзі басқару істеріне араласуға, жаңа көзқарастарымен келіп жаңа тың идеяларын іске асыруға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Сонымен қатар  ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына және облыстық, қалалық және аудандық мәслихатқа өзін-өзі ұсыну арқылы келген депутаттарда белсенділік танытып, сайлауалды бағдарламаларын орындай отырып, еліміздің дамуына өздерінің үлкен үлестерін қосады деп ойлаймын.

Қазақстанда бір мандатты округтер бойынша соңғы сайлау 2004 жылы өткен болатын.  Кейінгі жылдарда өткізілген барлық деңгейдегі сайлаулар партиялық тізіммен және саяси партиялар арасында өткізіліп жүрді.  Уақыт өте келе партияда жоқ азаматтар конституциялық құқығы бұзылғаны жайында арыз шағымдар айта бастады. Себебі  олар  өздерін депутаттыққа ұсына алмай қалды. Сондықтан елімізде  конституциялық реформа өткізіліп, сайлау жүйесі өзгертілді. Онда бір мандат арқылы сайлануға кез келген Қазақстан  азаматтары сәйкес талаптар бойынша сайлануға мүмкіндік алды. Мәжіліс деңгейінде 30 пайыз болса, облыс деңгейінде 50-50 ал аудан,  қала деңгейінде 100 пайыз мажоритарлық  жүйемен  яғни  өзін-өзі  ұсынылу арқылы сайланатын  болады.

 Самат БЕЙСЕНОВ,

Жетісу облысының аумақтық  сайлау комиссиясының мүшесі.


ПІКІР ЖАЗУ