Ана шаңырақ – шырайы, әйел – әлем анасы

0
342

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 8 Наурыз мерекесіне орай салтанатты қабылдау өткізді. Салтанатты жиынға медицина, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, ТҮКШ, қызмет көрсету т.б. салалардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, іскер әйелдер, көп балалы аналар, жалпы саны 500 әйел қатысты. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік жиында облыс басшысы  Бейбіт Исабаев әйелдердің отбасындағы, қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, жүрекжарды тілегін білдірді. Сонымен қатар ол Жетісу өлкесінде кешегі Зылиха Тамшыбаева, Бәтима Сақауова, Алтынай Есболатова сияқты тарихи тұлғалардың, ардақты аналардың жалғасты дәстүрі жаңа заманда да үзілген жоқ дей келе,  белгілі актер Әлімғазы Райымбековтің аяулы жары Айтжанқызы Гүлжауар апаның есімін ерекше атап өтті.

– Бүгін арамызда 10 бала, 22 немере, 23 шөбере тәрбиелеп отырған, белгілі актер, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлімен көптің сүйіспеншілігіне бөленген, күні кеше ғана өмірден озған жерлесіміз, Әлімғазы Райымбеков ағамыздың асыл жары Айтжанқызы Гүлжауар анамыз отыр. Әлімғазы ағамызға Бикен Римова, Әмина Өмірзақова аналарымыз бүкіл Алматыны аралап, елдің сан қиырынан келген сұлулардың арасынан қалыңдық іздеп жүріп, бәрібір таңдауы Гүлжауар апамызға түскен екен. Екеуі жарты ғасыр өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп, үлгілі отбасы болды. Қазір Райымбековтер үлкен әулетке айналып отыр. Бүгін залда отырған Гүлжауар апамызға лайықты құрмет көрсетсек деймін. Мына ақ орамалды Бикен, Әмина апалар Тайлақ-Әлімғазы ағаның қалыңдығына жапқысы келген ақжаулық деп қабыл алыңыздар, – деп Бейбіт Исабаев өзінің ыстық ықыласын білдірді. Көп балалы анаға құрмет көрсетіліп, орамал жабылып, камзол кигізілді.

Мерекелік жиында көп балалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» табысталып, бірқатар әйел-аналар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ