Жақсы тілеудің, қайта түлеудің мерекесі

0
355

Наурыз – есте жоқ ықылым заманнан бері үзілмей жалғасып келетін  төл мерекеміз, жаңа жылымыз. Қазақ әдебиетінің  жарық   жұлдызы  Мағжан  Жұмабаев  өзінің  жазбасында «…Қазақтың  Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы,  шаруашылық  мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек» деген еді.

Қазіргі кезде ғалымдар Наурыз мейрамының шығу негізін өте ертеден қалыптасқан халықтың күнделікті тұрмыс жағдайымен байланыстыра түсіндіреді. Наурыз күні жақсылық пен жамандықтың, күн мен түннің, суық пен жылының, қайырымдылық пен қатыгездіктің, қыс пен жаздың бір-бірімен  алмасатын адам баласының өзіне де құт-береке, ырыс-қазына, яғни жалпы жақсылық атаулының кеңінен орын ала бастаған күні деп ұйғарылады. Сондықтан бұл күнді халқымыз  көбіне  Ұлыстың  Ұлы  күні деп атайды.

Жалпы бұл мерекені  біреулер парсыша атына қарап өзгеге телігенмен, бұл күннің түркілік тамыры тым тереңде жатыр. Көне түріктер алғашқы адам көктем күні жаратылған деп сенген. Көктемнің түбірі «көктің» аспан және тәңірі сөздерімен синоним екені белгілі. Сондықтан, жер мен суды кие тұтып, көкке тағзым етіп, тұрмыс- тіршілікпен тығыз байланысқан, табиғатпен  етене  егіз  өскен көшпелі  ел жержаһан жаңарып,  жаңғырған сәтті Ұлыстың Ұлы күніне балаған. Бұл орайда көшін жұлдыздарға қарап белгілеген бағзы бабалардың күн мен түннің теңелер  күнін  дәл болжап білгеніне таң қалудың реті жоқ. Ал, кейбір деректер наурыз Зәрдүш заманында Орталық Азиядан парсыға жеткен десе, Фирдоуси әйгілі еңбегінде осы күні Жәмшид Әзербайжан жеріне келген екен дейді. Осы деректерді алға тартқан Әбу Райхан әл-Бируни түрік жұртының наурызды «жаңа күн» деп тойлайтынын айтады. Қалай болғанда да, әз-Наурыздың түркілік күнтізбемен  қатысы  бары  анық.

Қазақстанда бұл мейрамға ерекше көңіл бөлінген, себебі ол елімізде өмір сүріп жатқан сан халыққа ортақ мереке. Наурыз мемлекет қолдауымен тойланады, демалыс жарияланып, барлық қала мен елдімекендер үлкен дүбірлі той орталығына айналады.

Жақсы тілеудің, қайта түлеудің мерекесі  – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ